АНТҚА АДАЛ АҒА БАР

АНТҚА АДАЛ АҒА БАР1991 жылы қыркүйекте, Кеңес өкіметінің құлдыраған шағында Оралда казактар бас көтерді. Олар ештеңеге қарамастан орыс билігіне қызмет еткеніне 400 жыл толуын кеңінен атап өткісі келді. Орталықтан шеткері, тыныш жатқан қала көшелерінде қатарынан үш күн сап түзеп жүрді. Өздері суық қаруланған. Алайда, казактар одағының бар ойы – автономия құру, Орал облысын саяси-құқықтық жолмен бөліп алу еді. Өйтпеген күнде қарулы күреске барудан да тайсалмайтын болып шықты. Қазақтың тұтастығына сызат түсірерлік оқиғаны сол кезде облыстың ұлттық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған Нұрахмет Ералы күні кешегідей еске алады.
– Тәуелсіздігімізді жариялап үлгермей жатып, «бұл – біздің тарихи Отанымыз» деген желеумен казактар Оралды басып алуға тырысты. Қарулы қақтығыстың, текетірестің алдын алу үшін күн демей, түн демей жұмыс істедік. Аянып қалғанымыз жоқ. Бір жағынан, республикалық «Азат» қозға¬лысының белсенділері қарсылық танытып, наразылық білдірді. Намыс-жігеріміз бен ұлт¬тық рухымыздың асқақтығының арқасында бірлігімізді сақтап қала алдық, – дейді ол. 
Отыз жылын ел мен ұлт қауіпсіздігін қыз¬ғыштай қоруға арнаған КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің полковнигі Нұрахмет Жұмахметұлы бүгінде жетпістің жотасына шықты. Құрметті еңбек зейнетінде. Ол қандай жоғары лауазымды қызмет атқарса да, Феликс Дзержинский айтқан «чекистің санасы сергек, жүрегі ыстық және қолы таза болуы тиіс» деген ұстанымнан айныған емес. Әлі күнге дейін солай, ар мен жан тазалығын бәрінен жоғары қояды. 
Нұрахмет аға ауыртпалығы мен жауапкер¬шілігі тең түсетін, құпиясы сыр ашпайтын бұл салаға келемін деп еш ойламаған. Оң-солын танығалы дипломат болуға аңсары ауды да тұрды. Патша өкіметі кезінде де, кеңес өкіметі кезінде де көп еңбек сіңірген Георгий Чичерин деген орыс дипломаты туралы оқығаннан кейін, тіпті, есі кетті. Білетіндерден дипломат болудың жолын сұрастырып көрді. Ол үшін шет тілін шемішкеше шағу керек екен. Орта мектепті бітіргесін қайткен күнде де жоғары білім алуды шешті. Әкесі тұңғышының қасынан бір елі ұзағанын қалаған жоқ. Ауылда соғыстан қалған айналдырған азғантай техника. Көбі соның айналасында жүріп нан пұлын табады. Әкесі «жұрттың балалары сияқты соның біреуін жүргізіп-ақ бізді асырасаңшы» деген. Бірақ білімге ұмтылғанның болашағы зор. Осыны үйдегілерге байыппен түсіндірген жеткіншек ақыры әке-шешесінің «ақ жол!» деген батасын алды. Қолында – ескі чемодан. Ішінде азын-аулақ заты бар. Салдыратып жүріп, «Алматы, қайдасың?» деп, алып-ұшып арман қалаға жетті. 
Жоқшылық заман ғой, кемпір-шал мұны қарыз¬данып-қауғаланып жүріп оқытты. Оқу-білімге құштар жігіт «сенімді ақтамасам, маған сын» деп жігерленді. Алматыдағы шет тілдері институтында ағылшын тілін меңгерді. Қабілеті мен зеректігін қауіпсіздік қызметіндегілер сұрас¬тырып жүріп байқап қалса керек, институтты бітіретін жылы «дап-дайын маман екенсің» деп жұмысқа шақырды. Күтпеген ұсынысқа ойланып жауап берді. Өзі әупірімдеп жүріп оқуды әзер аяқтаған. Оның үстіне, Шолпан апамен жаңа отау құрған кезі. Жас отбасыны мегаполисте пәтер мәселесі мазаламай тұрсын ба?! Бүгін-ертең шешіледі деп, оны тағы ешкім айта алмайды. Осыларды ой елегінен өткізе келе, ұсыныстан бас тартты. Өзі өсіп-өнген Тереңөзекке келді. Жергілікті мектепте екі-үш ай ғана сабақ берді. Дегенде, әлгі ұсыныс артынша ауылға да жетті, сұраныс хат жіберіпті. Көздері түскен дайын кадрға үй беруді ұйғарған екен. 
– Бізге шет тілін жақсы білетін, шетелдік¬термен жұмыс істей алатын адамдар керек. Студент боп жүрген кезде жақсы әсер қалдырсам керек. Чекист болудың өз шарттары бар. Мінез-құлқың, білімің, интеллектуалдық деңгейің түгел сәйкес келуі тиіс. Қоғамдық, экономикалық, әлеуметтік ахуалды, саясатты беске білу маңыз¬ды. Осылай ойламаған жерден қызметке келдім, – дейді Нұрахмет аға. 
Бұйрық деген осы болса керек. Елшілікке ебі бар, ықыласы ауған жастың өмірі бір сәтте басқа арнаға бұрылды. 1969 жылы Минск қаласындағы КГБ-ның Жоғары курсына аттанып, бір жыл оқып, бітірді. Осыдан кейін қарбаласқа толы қайнаған өмір жолы басталып кетті. Қызмет баспалдағына МҚК-нің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінен көтерілді. Қарсы барлау бағытындағы қарқынды жұмыстың басы-қасынан табылды. Құпия құрылымға дүние жүзіндегі маңызды стратегиялық нысан саналатын ғарыш айлағы мен оның айналасындағы объектілердің қауіпсіздігін қорғау міндеттелді. КСРО МҚК Орталық аппаратының арнайы тапсырмасымен Иран, Пәкістан, Ауғанстан, Бирма, Үндістан, Англия сияқты елдерде болды. Мемлекеттік маңызды міндеттерді сәтті әрі нәтижелі орындағанына байланысты 1977 жылы «За боевые заслуги» медалін иеленді. Нұрахмет аға үшін бұл марапаттың жөні бөлек. 
Білікті де тәжірибелі маман қай кезде де сұранысқа ие. Елеулі еңбегін байқаған орталық аппараты оған құда түсе бастады. Сөйтіп, 1979 жылы қызмет бабымен Алматыға ауысты. Жаңа қызмет бағытында шамамен жеті жыл мемлекет шекарасын қорғауға атсалыс¬ты. Ол Қытайдың арнайы қызметімен күреске, кеңес-қытай шека¬ра¬сының 1648 шақырымға созылып жатқан қазақ¬стандық бөлігін қорғау ісіне жауапты болды. Қытай жақтан жылына кемі мың жарым адам шекара бұзып келеді. Көбінің көздегені – киік пен маралдың мүйізі мен дәрілік шөптердің тамырын жинап, Отанына алып өту. Бұлардың қай-қайсысы да өте бағалы. Сатқан жағдайда қыруар пайдаға кенеледі. Енді бір бөлігі Қазақстанға жайлы да тыныш өмір сүру үшін келген. ҰҚК саласының ардагері қытайлық арнайы қызмет тыңшыларын анықтау шараларының дамылсыз жүргенін айтады. 
1986 жылдың соңына таман құпия құры¬лымның басшысы өзгеріп, көзқарас қайшылығына байланысты Оралға ауысуына тура келді. Жайық өңірінде МҚК басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының бірінші орынбасары лауазымдарын абыроймен алып жүрді. Қазақтар арасына іріткі салмақ болған казактардың екпінін басуға үлес қосты, соның нәтижесінде бүтіндігіміз бүлінген жоқ. Ресейден келген небір басбұзар бандылар тобымен де күрес жүргізді. Және қандай істі қолға алса да, күш-жігерін аяған емес. Уақытын сарп етті. Күн-түнге қарамады. 
Нұрахмет Жұмахметұлы 2000 жылдан бері зейнет демалысында. Өмірінің саналы бөлігін ел тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қорғауға арнағанына риза. Дипломат болмағанына еш өкінбейді. Бастысы, абырой биігінен көріне білді. Қызмет бабымен әлемнің 17 мемлекетіне табаны тиіп, төрт мұхитты көрді. Кэмбридж бен Окс¬форд университеттерінде тағылымдамадан өтті. 
ҚР ҰҚК-ның құрметті қызметкері, сала ардагері бүгінде 70 жаста. Жұбайы, француз тілінің маманы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі Шолпан апамен бірге екі ұл, екі қызды өсіріп, жетілдірді. Олардан тараған алты немере ата-әженің көңілін көктем күйге келтіріп отыр. Нұрахмет аға қолы боста табиғат аясында демалғанды, аң, балық аулағанды жақсы көреді. Бағбандық өнері тағы бар. Үйінің алдындағы бақшаға жыл сайын көктем шыға көптеген жеміс ағашын егеді. Жазда онысы құлпыра түседі. Нұрахмет аға бүгінгі күні жүріп өткен жолы, қиын да құрметті қызметтің қыр-сыры, айтылуы тиіс құпиялар туралы кітап жазуды қолға алды. «Жастар үшін үлгі, естелік болса» дегені. 
Адам өміріндегі айтулы жасты еңсерген Нұрахмет Жұмахметұлы – қызметте ғана емес, қоғамдық ортада да өзін жақсы жағынан танытқан азамат. Білетіндер оны сертке бекем адал дос, абзал аға санайды. Ал асыл қасиеттерімен ерекшеленген жан қашанда ағайынға сыйлы, араласатын ортасында құрметке лайық. Ол бойына бекіген осынау қасиетін айқындай алды. Жүріп өткен жолы мен ізгіліктің ізін, мақсатын мемлекеттік мүдде деп есептеген ағаның абзал өмірі өз өнегесін танытты. Әркімнің биігі осылай болса деп ойладым. 
Н.САНИЯЗОВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 наурыз 2017 г. 1 028 0