Ұлт тарихының тағылымды кезеңін құрайтын Алаш қозғалысының 100 жылдығы аясында Түркі әлемінің ардақты тұлғасы Мұстафа Шоқайдың алып ескерткіші туған жерінде тұғырға қонды.
Салтанатты шара Рахымжан Отарбаевтың «Мұстафа Шоқай» спектаклінен үзіндімен басталды. Оның Түркістан жастарына арнаған «Сендердің бірліктерің, сендердің бір-бірлеріңе күш қосуларың, еліміздің бақытына қызмет етпек. Мұны ұмытпаңдар! Бәріміздің құбыламыз өзіміздің атажұртымыз, өлкеміз – Түркістан болмақ. Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру бәрімізге бір мақсат, бір мұхаббат уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек» деген үндеуі жаңғырды.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев аймақ тұрғындарын ескерткіштің ашылуымен құттықтады.
– Мұстафа Шоқай – кез келген ірі тарихи құбылыс секілді бір¬жақты сипаттауға болмайтын, үйреншікті қалыпқа салуға кел¬мейтін тұлға. Ол сол замандағы аса күрделі ғаламдық тарихи процестің бел ортасында, эпицентрінде жүріп, Түркі әл嬬мінің, өз ұлтының мүддесін қорғауға тырысты. Сондықтан Мұс-тафа Шоқай «ақ пен қызылға немесе қоңырға жақ, я қар¬сы бол¬ды» деген қарабайыр түсінікке сыймайды. Ол өзінің бүкіл ғұмырын, күллі қажыр-қайраты мен ақыл-ойын туған хал¬қының, түбі бір тұтас түркі жұртының бірігіп өркендеуіне арнады.
Елбасы тәуелсіз мемлекет құрып, оның астанасын Еуразия төсіне салып қана қоймай, жер жүзіне тарыдай шашыраған қазақты бір шаңырақ астына жинады. Түркі халықтарының бір-бірімен алыс-берісі артып, жан-жақты байланысы дамыды. Түркі кеңесі, ортақ рухани мұрамызды дәріптейтін «ТҮРКСОЙ» ұйымы, Түркі академиясы құрылды, Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті ашылды. «Түбіміз бір, тіліміз жақын, тілегіміз бір, тағдырымыз ұқ¬сас, тарихымыз ортақ» деген Елбасының кезінде Орта Азия Одағын құру туралы бастамасын көтеруі көп жайтты аңғартады. Сондықтан Мұстафа Шоқай арманы ақиқатқа айналды деуге әбден болады.
Мұстафа Шоқай эмиграцияда жүргенде өмір сүрген Францияның Ножан-Сюр-Марн қаласында тұрған үйі жанынан 2010 жылы қызылордалық белгілі мүсінші Амангелді Кененбаевтың авторлығымен қайраткерге ескерткіш орнатылды. Мұстафа Шоқайдың 125 жылдық мерейтойында өзінің туған жері Сұлутөбедегі мәдениет үйіне бюсті қойылды.
Ал, бүгін Қызылорда қаласының орталығында Алаш ар¬дақ¬тысына арналған еңселі ескерткіш ашылды. Осылайша Сыр елі өз перзентін, күллі Алаш жұртының, тұтас Түркі әлемінің қайраткерін ұлықтауда,– деді облыс басшысы.
Салтанатты шарада ҚР ҰҒА академигі, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Досмұхамбет Кішібеков:
– Бүгін туған жеріне Мұстафаның өзі келмесе де, рухы, даусы келді. Оның эми¬грацияда күресіп жүріп 12 томдық еңбек жазуының, әлемге өзінің пікірлерін өткізуінің өзі ерлік. Қайраткерге ескерткіш қойып, көпке үлгі болатын өнеге көрсеткен Қырымбек Елеуұылына алғыс айтамын, – деді.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы азат Қазақ елінің қасиетті мекені, «Алаштың анасы» – Сыр бойында ұлт жүрегінен мәңгілік орын алған Мұстафа Шоқай ескерткішінің ашы¬луына құтты болсын айтты. Осы жұмыстың басын¬да жүрген облыс, қала бас¬шылығына, аға буын өкілдеріне, құры-лыс¬қа атсалысқан кәсіпкерлерге, М.Шоқай қорына, ағайын-туысқа алғыс білдірді.
Ақ жамылғы түрілгенде, қайраткердің қоладан құйылған тұлғасы алыстан көзге түсетін алып ескерткішке, ұрпақтар тағзым ететін орынға айналғаны көрінді. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, мүсінші Көшер Байғазиевтің туындысы гранитті тұғырын қоса есептегенде 12 метрді құрайды. Осылайша Сыр топырағындағы Наршоқыда туып, тар заманда өмір сүрген, тәуелсіздік жолындағы күресін тоқтатпай, Еуропа төрінен топырақ бұйырған Мұстафа Шоқай туған жеріне ескерткіш болып мәңгілікке оралды.
***
Ескерткіштің ашылу салтанатынан соң «Алаш мұрасы және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында халықаралық ғылыми-тео¬рия¬лық конференция өз жұмысын бас¬тады. Оны облыс әкімдігі, Түркі академиясы халықаралық ұйымы мен Қорқыт ата мемлекеттік университеті ұйымдастырды. Конференцияға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Өзбекстан, Түркиядан келген және отандық тарихшы, алаштанушы ғалымдар қатысты. Басқосу тізгінін ұстаған облыстық мәслихат хатшысы Нау¬¬рызбай Байқадамов Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған шараның, қазақ тарихындағы Алаш қозғалысының маңы¬зына тоқталып, қатысушылармен таныстырды.
Конференцияны облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алғысөзімен ашты.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы «Өткенді тану, тарихты терең пайымдап, оған әділ баға беру парасаттылық пен жауапкершілікті талап етеді. Өткендердің қадірін білу, олардың арман-мүдделерін жалғастыру біз үшін адамгершілік парыз ғана емес, қоғамдық дамудың, ілгері басудың негізгі алғышарттарының бірі» де¬ген болатын. Біз осы ұста¬ным¬ды басшылыққа ала отырып, өткенімізді тану, тарихи тұлғаларымызды ұлықтау мақсатында талай бастамалар көтеріп келеміз. Былтыр Тәуелсіздіктің ширекғасырлық мерекесінде елдің мерейі тасыды, рухы көтерілді. Тұңғыш Президент бастап кемел деңгейге көтеріліп келе жатқан халықтың азаттық тарихы уақыт өткен сайын тереңдеп келеді. Тәуелсіздік жылдары туып, бүгінде ат жалын тартып мінуге жарап қалған арда ұрпақ осы тағылымнан сусындап, биіктеп барады. Біздің тарихи танымымыз әлемдік өркениетке тыңнан келіп қосылып, адамзат құндылықтарын қазақы өрнекпен толықтырды деуге әбден болады, – деді.
Аймақ басшысы сөз барысында Алаштың ғасырлық мерейтойына арналған конференцияның Елбасы «Алаштың анасы» атаған қасиетті Сыр жерінде өтуінің символикалық мәніне тоқталды. Сыр бойы – ерте заманнан Алаш жұртының табан тірер тірегі. Сақ дәуірінен бергі тарихи астаналардың бір топырақта тоғысуының өзі қасиетті мекеннің өзгешелегін танытса керек.
– Қызылорда Қазақ Республикасының астанасы болған 1925 жылы ұлтымызға «қазақ» атауының қайтарылуы, осы жерде еліміздің алғашқы үкімет басшылығының, өнер, білім ордаларының негізі қалануы, ұлт зиялыларының осы қалаға шоғырлануы сөзімізге дәлел бола алады, – деді облыс әкімі сөз желісінде. Сондай-ақ, Қырымбек Елеуұлы Қызылорда қаласының жаңа орталығы – Сырдария өзенінің сол жағалауына ҚазЦИК ғимаратының үлгісімен музей салынатынын айтты. Бұл Қызылорда қаласының 2 ғасырлық мерекесіне тарту болмақ.
Аймақ басшысы Алаш идеясы мен оның туындауына өзек болған сол уақыттағы жағдайларға, азат ел болмай өркениет көшіне ілесе алмайтынымызды айтқан көсемдердің еңбектеріне тоқталды. Уақыт өз заманының озық ойлы азаматтарының тәуелсіздік жолындағы саналы, ұйымдасқан қарекеттерінің бағасын беруде. 1917 жылғы Ақпан және Қазан төңкерістері арасындағы 8 ай уақыт Алаш қозғалысының жұлдызды кезеңі еді. Осы уақыт аралығында алаштық жүйе қалыптасты, Түркістан, Алаш автономиялары жарияланып, олардың үкіметтері құрылды. Қазан төңкерісінен кейін Алаш қозғалысының «әрі тартса, арба сынады, бері тартса, өгіз өледі» деген дағдарысты сәті болды. Облыс әкімі Алаш қайраткерлерінің қандай жол таңдаса да, қай бағытты ұстанса да, түпкілікті мақсаты бір болғанын, ол – Тәуелсіздік екенін айтты. Олардың ел басқару жүйесі, ұрпақ тәрбиесі, жастарға білім беру, азаматтардың құқықтары мен бостандығы жайындағы ұстанымдары Тәуелсіз Қазақ¬станның мақсат-мұрат¬тарымен үндес.
Конференцияда Ш.Уәлиханов атын¬дағы Тарих және этнология институтының директоры, профессор Хангелді Әбжанов «Алаш қозғалысы және әлем дидары» тақырыбында баяндама жасады. Ол Алаш қозғалысы ұлттық тарихымыз¬ды интеллектуалдық және бәсекеге қабі¬лет¬тілік өлшемдері бойынша әлемдік үдеріс-тердің деңгейіне көтергенін атап өтті.
– Кемел де қайраткер алашшылар қоғам мінін қапысыз танығандықтан, халқына қалтқысыз сенгендіктен, ұлтын шексіз сүйгендіктен азаттыққа жетудің кешенді бағдарламасын ұсынды. Онда ұлттың бірлігі, рухани кемелдігі ұлықталды. Олар қазақты өркениет биігінен көргісі келді, – деді ол. Профессор Алаш көсемдерінің әлем ойшылдарының пайым-тұжырымдарымен теңесетін сөздерін, ХХ ғасыр басындағы басылымдарда жарық көрген мақалалардан үзінділер келтірді.
Алаш қозғалысының әлемдік тарих заңдылықтарына кірігіп тұрғанының тағы бір дәлелі ретінде алашшылардың жалпыадамзаттық және ұлттық құнды¬лық¬тарды теңдей қастерлегенін айтуға болады. Әлем халықтары мен мемлекеттерінің мидай араласып кеткенін жақсы білгендіктен, қазақ қоғамын бұл үдерістен тыс қараған жоқ. Бүгінде оны жаһандану деп атап жүрміз. Әлемдік аралас-құраластықты алаштықтар пайдалы деп те, сын-қатер деп те қабылдады. Олардың еңбектерінде бірде-бір ұлттың атына ғайбат сөз айтылмайды, барлық халықтың мәдениеті мен әдебиеті қылаудай алалаусыз насихатталады. Профессор Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы Алаш ұстанымымен астасып жатқанына тоқталды.
Конференцияда Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, тарих ғы-лымдарының докторы Дархан Қы¬дырәлі өз зерттеулерінің нысаны болған тақырыпты терең қаузады. Ғалым жұрт¬шылықтың көкейінде жүрген бірнеше мәселеге тоқталды.
– Биыл дүниені дүр сілкіндірген 1917 жылғы оқиғаға 100 жыл толды. Жалпы адамзат тарихындағы елеулі оқиғаның қазақ тарихына қалдырған ізі, саяси бағасы берілуі керек, – деді ол. Алаш арыстарына Ақпан төңкерісі аз ғана үміт сыйласа, Қазан төңкерісі қасірет әкелді. Зерттеуші ғалым дәл осы жылы Петербургте болған Мұстафа Шоқайдың қабылдаған шешіміне, осы мүмкіндікті пайдаланып, еліне тәуелсіздік алуға жасаған талпынысына баға берді.
– Кейбір тарихшылар Алаш пен Түр¬кістанды бөліп қарайды. Мұстафа Шоқай Алаш мұхтариятына да, Түркістан үкіметіне де қызмет етті. Оның өмірлік кредосы – «бір болғанда ғана ірі боламыз» еді. Шоқай айтқан Түркістанды көбіне Түркістан қаласымен, Мағжан ақын жырға қосқан Түркістанмен шатастырып жатамыз. Мұстафа бұл ұғымға «түрік елі, жұрты» деген мағына берді. Бүкіл Орталық Азияны, Қытай қорғанынан бас¬тап, Каспийге дейінгі алқапты қосты. Тұтас Түркістан мен Орталық Азияның азаттығын армандады, –деді ғалым.
Тағы бір мәселе – М.Шоқайдың эми¬грацияға кетуі. Бұл – Түркістан тари-хын¬дағы ең алғашқы саяси эмиграция. Ол эмиграцияға кетпей тұрып, күрестің барлық сатысынан өтті. Тарих оның сырт елге кетіп қалғанының дұрыс болғанын көрсетіп отыр. М.Шоқайдың 12 томдық еңбектері бізге сол заманның айнасын көрсетті. Сол дәуірдің ақиқаты мен тартыстарын, бұлтартпас шындығын осы еңбектерден білдік.
Кейде Алаш ардақтыларын бөліп-жару, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы талқыланып жатады. Тарихтан бейхабар адамдардың жазбалары интернетте өріп жүр. Олар бірі большевизм жағында, бірі азаттық соғысында жүріп бір мұратты көздеді. Бұл жайында М.Шоқай елді алапат аштықтан аман алып қалу үшін кейінгі буын жастар большевизммен бірігіп, қарекет етуі керек деген ойын жазған. Алашордашылардың бір-бірін айыптаған мақалаларының түпкі мақсаты – бір-бірін сақтау, қорғау болды. Бұларды негізге алып, пікір айту тарихтың әдістемесін білместіктен туындап отыр.
Ғалым «Түркістан легионына» қатысты түсініспеушіліктер әлі де кездесетінін атап өтті. М.Шоқай 1940 жылы жарық көрген мақаласында «Сталин де, Гитлер де – адамзатқа төнген алапат індет. Бірі – оба болса, бірі – холера. Екеуінің арасында ешқандай айырмашылық жоқ. Өзін бүкіл адамзаттың көсемі санайтын пролетариаттың жетекшісіне де, бүкіл ұлттарды жоққа шығаратын фашистер жетекшісіне де қарсы шығу керек» деп жазған. Мұндай пікірде болған адамды фашистердің аман қалдыруы екіталай еді.
Д.Қыдырәлі Елбасы тапсырмасымен Түркі академиясы атқарған жобаларды атап өтті. Соның бірі – түркі әлемінің ортақ тарихы. Бұл тарих алдағы уақытта бүкіл түркі елдерінде оқытыла бастайды. Ғалым жақында жарыққа шыққан «Жойылып бара жатқан түркі тілдері» туралы еңбекті, академия шығарған кітаптарды облыс басшысына табыс етті.
Ғылыми-теориялық конференцияда Парламент Сенатының депутаты, профессор Мұрат Бақтиярұлы Мұстафа Шоқай өмірінің екі кезеңі – эмиграцияға дейінгі және эмиграциядағы жылдарына тоқталды. Қайраткердің саяси көзқарасының қалыптасуына туған топырағы, өскен ортасы мен шыққан тегі әсер етпей қоймайды. Ол Тәшкенде, Петербургте оқып жүріп, озық ойлы азаматтармен қарым-қатынаста болады. Қөзқарастары бір арнаға тоғыспаса да, Алаш көсемдері туралы ғайбат пікір айтпады. Профессор Алаш тарихына шоқайтанушы ғалымдар қосқан үлес туралы да толымды мәлімет ұсынды.
Конференцияда Түркияның Гази уни¬верситетінің профессоры Гүлжанат Құрманғалиева Ержиласун «Жәдидшілдік және Алаш зиялылары» тақырыбында баяндама жасады. Ғалымның айтуынша, дүние жүзінде Алаш зиялылары мен олардың мұраларына қызығушылық бар. Жапон, Корея, АҚШ, Түркия және Еуропаның бірнеше елінің ғалымдары диссертация қорғады. Түрік елінде Қа¬зақ-станмен байланысты 400-ге жуық ма¬гистрлік және докторлық диссерта¬ция жазылды. Оның 200-дейі Алаш қайрат¬керлерінің шығармашылығы мен күрескерлігіне арналған. Түркиялық профессор жәдидшілдік, яғни жаңашылдық ағымының негізін салушы Исмаил Гас¬пралының идеялары, түркі халық¬тарының бірлігі туралы ойларына тоқталды.
Одан әрі Мирзо Улукбек атындағы Өз¬бекстан Ұлттық университетінің профессоры Кахрамон Раджабов Алаш қозғалысы мен Түркістан аймағындағы кеңестік режимге қарсы қарулы қақтығыстар, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Күлпаш Ілиясова Алаш автономиясы жайындағы саяси ұстанымдар, Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің доценті Ғабит Тұяқбаев Сыр сүлейлері шығармашылығындағы Алаш идеясы туралы баяндамалар жасады.
Алаштың мерейтойына алғашқы баспалдақ болған конференцияда толымды мәліметтер мен тұшымды ойлар айтылып, ұсынымдар қабылданды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.