Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы – еліміздің тарихи белесіне бағыттаған баянды бас¬тама. Осы маңызды құжаттың бүге-шүгесін Сыр өңірінің әрбір азаматына, әрбір отбасына жете түсіндіру, жаңашыл қадамы туралы түсінік беру – біздің басты міндеттеріміздің бірі.
Еліміздің 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын мерзімінен бұрын орындау Қазақстанды әлемдегі дамыған 50 мемлекеттің қатарына қосылуға мүмкіндік берді. Осындай елдік әлеуеттің ерекшелігі посткеңестік кеңістіктің көшбасшысы, әлемдік қауіпсіздіктің қалыптасуына, экономикалық тұрақтылықтың нығаюына, халықаралық ынтымақтастықтың дамуына ықпалы зор бастаушысы ретінде бағаланып отыр. Оның себебі бар. Қазақстанның қуатты қадамын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болуын, ЕҚЫҰ, Астана экономикалық форумына, Ислам және Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымдарына, Азиядадағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етуін, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің елімізде өтуін дәйек етсек дерек емес пе? Мұндай мерей Елбасы Жолдауының нақты нәтижесі және Жолдау жүктеген жауапкершілікті сезінудің айқын айнасы десек, жаңылмаймыз.
Биылғы Жолдау жарияланған күннен бастап тұрғындар арасында кеңінен түсіндіру және ақпараттандыру кезеңі жүреді. Соған сай ақпараттық-түсіндірме шаралары қабылданып, халықпен етене жұмыс жүргізуіне мән беріліп отыр. Айталық, 2017 жылдың 10-25 ақпан күндері республикалық ақпараттық топ жұмысының «бірінші толқыны» бойынша Энергетика министрі бастаған топ мүшелері облыс елді мекендерінде, ірі кәсіпорын ұжымдарында кездесу өткізіп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында қоғамдық қабылдаулар жасады. Мұндағы мәселе – топ құрамындағы әрбір сала өкілі Жолдаудың ауылға жаңалығын жан-жақты жеткізіп, елді толғандырған сауалға толымды жауап беруге тиісті.
Бұл бағытта аймақта да ақпараттық топ құралды. Облыс әкімінің өкімімен 129 адамнан жасақталған 9 облыстық ақпараттық-насихаттық топ құрылып, өз жұмысын бастап кетті. Осындай ақпараттық топтар аймағымыздың барлық аудандары мен Қызылорда қаласында жасақталып, тұрғындармен кездесіп насихат жұмыстарын жүргізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, нәтижесімен нақты жұмыстар жасалуда.
Топ құрамына мемлекеттік орган басшылары, облыстық мәслихат депутаттары, оқытушы-ғалымдар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтар мен БАҚ өкілдері енгізілген.
ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісі депутаттары да облыс тұрғындарымен кездесулер өткізіп, ондағы көтерілген мәселелерге нақты жауаптар бере алды.
Мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында қала, аудан әкімдері мен басқарма, департамент, инспекция жетекшілерінің қатысуымен қоғамдық кеңес алаңдарында қоғамдық қабылдаулар мен тыңдаулар, тікелей эфирдегі сұхбаттар, онлайн режимдегі интернет-конференциялар, брифингтер тұрақты түрде ұйымдастырылуда.
Одан бөлек, интернет ресурстар мен әлеуметтік желілерде ақпарат алмасу, тұрғындар сауалдарына жауап беру тетіктері кең көлемде қолданылуда.
Алдағы уақытта да биліктің халық алдындағы есептілігі мен ақпарат алмасу жағдайы қамтамасыз етілетін болады.
Алда Жолдауда жүктелген әрбір сүбелі міндет-мақсаттар үлкен жауапкершілікпен атқарылатын жұмыстар тұр. Нәтижелі жұмысқа ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмылып қана қол жеткізбекпіз. Мұндай ауқымды істерді сөзбен сомдай отырып, іспен тиянақтасақ, мақсатқа жетіп, міндетті мүлтіксіз орындайтын боламыз.
Елбасы саралап айтқан құндылықтарымыздың арқасында біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі, дара ерекшеліктері мен ұстанымы бар, берекесі мен бірлігі жарасқан табысты мемлекетпіз.
Осы құндылықтарымызды сақтап, дамытып, берік ұстау баршамыздың міндетіміз.
Жолдау – жарқын болашақ кепілі. Біздің мақсат ел бірлігін сақтап, биік белестерді бағындыруға лайықты үлес қосу. Ендеше, ертеңгі күннің жауапкершілігін еркін сезініп, кемелдік кемеріне күш салуға тиіспіз.
А.ҚАЙРУЛЛАЕВ,
облыстық ішкі саясат басқармасының
басшысы.