МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ МОЛ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫ МОЛ МҮМКІНДІК БЕРЕДІКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жаңақорған, Шиелі аудандарында жұмыс сапарымен болып, бірқатар нысандарды аралады және кәсіпкерлікті дамыту бойынша актив жиындарын өткізді. 
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев¬тың биылғы Жолдауында  айтылған негізгі мәселелердің бірі – жергілікті жерлерде орта және шағын кәсіпкерліктің кеңінен қанат жаюына жағдай жасап, халықты жұмыспен қамту болатын. Елбасы бұл туралы «Табыс¬ты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық. Біз енді алға батыл қадам басып, Үшінші жаңғыруды бастауға тиіспіз. Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жос¬пары – 100 нақты қадам базасында өткізіледі», – деп атап көрсеткен-ді. Жаңа индустриялар құрумен қатар дәстүрлі базалық салаларды дамытуға серпін беруіміз керек. Ол үшін еңбек өнімділігін арттыру қажет. Сондай-ақ, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің болашағы зор екендігін еске салып, ауыл шаруашылығы саласының экономиканың қозғаушы күші болуы керектігіне тоқталған болатын. Бұл орындалуға тиісті маңызды міндет екені белгілі. 
Сондықтан да облыс әкімінің жұмыс сапары халқы тығыз шоғырланған елді мекен тұрғындарының бел шеше еңбек етіп, нәпақасын Жер ананың құтты қойнауынан ажыратуына қолайлы мүмкіндік туғызатын дала қосынан басталды. Жоғарыда аталған Елбасы бағдарламасын жергілікті жерде тиімді өрістетудің бір жолы – агроиндустриялық аймақ құру екендігіне сенім артқан Жаңақорған ауданының басшылығы аудан орталығына таяу үлкен жолға жақын тұстан арнайы 159 гектар жер бөліп, онда ынталы азаматтардың түрлі дақылдарды егуіне қолайлы жағдай жасауды қолға алыпты. Бұл жерге электр желісі тартылып, аяқ сумен қамтамасыз ету мақсатында су жолдары тартылумен бірге, қажетті су ұңғымалары да  орналастырылады. Яғни, бұл шара ауылдағы жұмыссыздық деңгейін едәуір төмендетіп, мұнда 150-200 адам егіншілікпен шұғылдануына мүмкіндік туады деген сөз. Дала қосының басындағы халықпен кездесу барысында облыс басшысы әр азаматтың бос отырмай, мүмкіндігінше өз кәсібін ашып, еңбек етуін, адал бейнетімен отбасын қамтамасыз етуі қажеттігін еске салды. Осы жерде көтерілген бастаманың өміршеңдігіне сенім білдірді. Өйткені, көктемде жерге тастаған бір дәннің мың дән болып қапқа түсетіндігі бесенеден белгілі. Олай болса, атқарушы орындармен бірлесе отырып, мүмкіндігі бар азаматтардың дала жұмысына кіріскені орынды болмақ. 
– Мемлекет басшысы әрбір отан¬да¬сымыздың әлеуметтік жағынан қорғалуына, олардың мүмкіндігінше толық қамтамасыз етілуіне мән беріп отыр. Бұл орайда қай-қайсымыз да қарап отырмай, тіршілікпен айналысу парызымыз болмақ. Жаңақорған ауданының басшылығы егін егуге жерді дайындап, оны аяқ сумен қамтамасыз ететін болса, қаншама адамның еңбек етіп, игілігін көруге мүмкіндік береді, – деген аймақ басшысы бұл тіршіліктің тиімді де сенімді жолы екендігіне тағы да тоқталып өтті. Осы жиын барысында өндірістік кооператив басшысына жаңа техникалардың кілті тапсырылды. «Агротехнология» шаруа қожалығының төрағасы Керімхан Егізбаев шаруалардың атынан өз тілегін білдіріп, облыс әкімінің қамқорлығына алғысын жеткізді. 
Аймақ басшысының қатысуымен өткен жиын Елбасы тапсырмасына орай шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселесіне ар¬налды. Келелі жиында облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким хабарлама жасады. Ол «Кәсіпкерлікті дамытудың 2017 жы묬ға арналған бірыңғай жол картасының» мән-жайын тарқатып берді. Бұл орайда өз кә¬сібін ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапына қолдау барынша жеткілікті. Демек, адамның ынтасы мен жігерлілігі жолай кезіккен уақытша қиыншылықтарға тө¬зімді болғаны жөн. Сонда  түпкілікті нә¬ти¬же де қашық емес. Евгений Кимнің айту¬ын¬¬ша, аталған жол картасының басты мақ¬саты – өңірлік кәсіпкерліктің қалыпты және теңдестірілген өсімін қамтамасыз ету, сондай-ақ, халықты нәтижелі жұмыспен қамту және аза¬маттарды кәсіпкерлікке тарту. Хабарламବшы бағдарламаның міндеттеріне де тоқ¬тал¬ды. Онда кәсіпкерлікті қолдау бойынша қолданыстағы барлық бағдарламаларды жұ¬мыс орындарын құру және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің санын арттыруға тиімді бағыттау, еңбек нарығының сұранысын ескере отырып, техникалық және кәсіби білім алған кадрларды даярлау, сұранысқа ие мамандықтар мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқа мерзімді кәсіби оқыту, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған, оның ішінде жастарды кәсіпкерліктің негіздеріне оқыту және тағы басқа да шараларды атап көрсетті. 
Жиында облыс әкімі шеткі аймақ тұрғындарын жұмыспен қамту барысында әрбір ауылдық округ әкімінің халыққа жақын болып, сауатты да тиімді жұмыс жасауына нақты тапсырмалар берді. 
– Қазір жаңа технологиялар заманы. Күнделікті жаңару үздіксіз жүргізіліп келеді. Сондықтан да аудан, облыс орталығына барған кезде кәсіпкерлікке бағыт беретін басқарма мен мекемелерге жиі бас сұғып, пікірлесіп отыру қажет. Бас¬тысы, жұмыстың нәтижесі көрінуі қажет.  Бір мысал айтайын, кейбір ауылда, елді мекендерде халыққа күнделікті тұрмысқа қажетті орындар тапшы. Тіпті, кейбірінде наубайхана, монша, шаштараз мүлдем жоқ. Сонда бұл қалай? Сол ауылдың тұрғындары осындай қажеттілікті шешу үшін қалаға немесе көрші ауылға әуре болып жүруі керек пе? Бұл сондағы басшылардың тиімді жұмыс ұйымдастыра алмауының салдары, – деді облыс басшысы. 
Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту туралы хабарламасында тапсырманың маңызы зор екендігіне тоқталып, оны жүзеге асыру барысында бірқатар шаралардың қолға алынғандығын жеткізді.
– Мәселен, аудан экономи¬касы¬ның дамуына оң ықпал етіп отырған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2933 бірлікті құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 пайызға артты. Онда жұмыспен қамтылған адамдар саны 5921-ге жетті, – деді ол. 
Сөзін әрі сабақтаған аудан әкімі: «Аудандағы әрбір ауылдың әлеуетін зерделей келе Қожакент ауылдық округі «50 ауыл» бағдарламасы аясында пилоттық ауыл ретінде таңдалды. Аталған бағдарлама арқылы 41 жеке отбасылық шаруашылық «Миялы» ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп  142 млн теңге несие алды. Осы қаражатқа бүгінде 617 бас мүйізді ірі қара, 110 бас жылқы малы алынып, бордақылаумен айналысуда. Бұл өз кезегінде 41 отбасының өз кәсібін ашуына мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса, 25 отбасы осы бағытта өз кәсібін ашатын болады. Сонымен бірге  бір мезетте 5 бас ірі қара мал соятын мал сою пунктін салуға несие көздері қарастырылуда. Осындай жолмен Аққорған, Сүттіқұдық, Бесарық және Келінтөбе ауылдық округ тұрғындары құжаттарын дайындап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» орталығына өткізілді», – деген аудан әкімі 6 ауқымды жоба қолға алынып, оның барлығының да жұмыс жасап тұрғандығын жеткізді. 
 Облыс әкімі Шиелі ауданындағы жұмыс сапарын Керделі ауылдық округіндегі «Аруана» шұбат өңдеу цехының жұмысымен танысудан бас¬тады. Өткен жылдың наурыз айында іске қосылған цехтың бір күндік қуаттылығы – 400 литр шұбат өңдеу. Онда 5 адам тұрақты еңбек етеді. Дайын өнімдері облыс орталығы және Алматы мен Ақтөбе қалаларында сау¬¬далануда. Мұнан өзге цехта қаймақ, йогурт, айран өндірілуде. Бұл туралы кәсіпкер Сабыр Ермаханов айтып берді. 
Аймақ басшысы аудан орталығындағы «Мөлдір и К» ЖШС құс шаруашылығын дамыту мақсатындағы қолға алған құс фермасының да жұмысын назарға алды. Мұнда жылына 3,5 млн дана жұмыртқа өндіру межеленіп отыр. Мекеме басшысы Н.Мырзабеков алдағы уақытта кәсіпорынның ауқы¬мын кеңейтуді жоспарлап отырғанын айтты. 
Шиеліде «Нұрлы жер» бағдар¬ламасына сай ауданда тиімді жұмыстар атқарылуда. Өткен жылдың соңында 3 млрд теңгеге инфрақұрылым жұмыстары жүргізілсе, соның бірі – «Береке»  шағын ауданы. Нақты кезеңде 70 гектар жер тегістеліп, ауыз су құбыры тартылып, электр желісі орнатылған, жолы салынған. Құтты мекенге келешекте 300-ге тарта отбасы өз үйлерін салатын болады. Облыс әкімі солардың алғашқы 20-сына рұқсат құжаттарын табыстады. 
– Бүгін көптен армандап жүрген жердің қағазы қолыма тигеніне қуаныштымын. Бұл жерде өз отбасыма сәулетті тұрғын үй салып, елімнің дамуына үлес қосатын ұрпақтарымды өсіретін боламын, – деп ағынан жарылды кент тұрғыны Нұржан Сабыров. 
   Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Шиелі кентіндегі «Береке» сауда кешенінің жұмысымен де танысты. Бұл жерде 200-ге тарта аудан тұрғындары өз кәсібін ашып, еңбек етуде.  Сапар барысында аудан әкімішілігінде орта және шағын кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасының мәнісі тағы да жете түсіндірілді.  Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев хабарлама жасап, халқы тығыз орналасқан ауданда аталған бағдарламаның өз дәрежесінде орындалып жатқандығынан хабардар етті. «Мемлекеттің түрлі қолдауларының арқасында 2017 жылдың 1 қаңтарына ауданда тіркелген шағын кәсіпкерліктің саны 4265 субъектіге жетіп, оларда 7269 адам жұмыспен қамтылған. Тиісті кезеңмен салыстырғанда тіркелген кәсіпкерлер саны 382 бірлікке көбейіп, 2,5 пайызға артты, жұмыспен қамтылғандар 5,5 пайызға ұлғайды. 2016 жылы шағын және орта кәсіпкерлер 10 млрд 511 млн теңгенің өнімін өндіріп, аудан бюджетіне 1 млрд 975 млн теңге салық төленді, бұл жалпы салықтың 30 пайызын құрады. Жыл басынан 152 жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, шағын және орта кәсіпкерлер 1 млрд 18 млн теңгенің өнімі өндірілді. Жергілікті бюджетке 445 млн теңге салық түсті, – деген Қайратбек Сәрсенбаев әр тұрғынмен нақты жұмыс жүргізіліп отырғанын айтты. 
Екі ауданда өткен жиын соңында жергілікті өзін-өзі басқарудың ерекшеліктері және биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жүзеге асырылатын міндетті медициналық сақтандыру туралы түсіндірме жасалды. Жиынды облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қорытындылап, аудан әкімдері мен тиісті сала басшыларына тапсырмалар берді.  

Нұрмахан ЕЛТАЙ. 
Жаңақорған,
Шиелі аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 наурыз 2017 г. 1 339 0