ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫ

ҚАЛА КҮНІ МЕРЕКЕСІН БАЙҚОҢЫРЛЫҚТАР БАСТАЙДЫОблыс әкімі қыркүйек айында өткен тұрақтың кеңестің отырысында биылғы қала күні мерекесін ерекше кең ауқымда атап өтуді тапсырғаны белгілі. Міне, шаһардың атаулы күніне арналған дайындық шаралары да аяқталды. Қалалықтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын шаралар легін Байқоңыр қаласынан келген өнерпаздар бастағалы отыр. Бүгін Н.Бекежанов атындағы қазақ музыкалық драма театрында Сыр елінің бас қаласының күніне арналған мерекелік концерт өтеді.
Жалпы, қала күні қызылордалықтардың өміріндегі ең маңызды мерекенің бірінен саналады. Бастауын ежелден жер кіндігі саналып келген Байқоңыр ғарыш айлағының өнерпаздарының концертінен алатын қала күні мерекесі апта соңына дейін жалғасып, әдемі әсерлерімен есте қалмақ.
Нақты кезеңде Байқоңыр ғарыш айлағы – төрткүл әлемдегі ең үлкен айлақтың бірі. Ұшырылымдардың саны жөнінен де ол алдына ешкімді салмайды. Сондықтан да біз Байқоңырды облысымыздың бетке ұстар танымдық белгісі ретінде әрдайым мақтаныш тұтамыз. Аталған айлақтың туристік әлеуеті жоғары болуы себепті де ол «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесінде шетелдік және отандық туристерге көрсетілетін нысандардың қатарына кіріп отыр. 
Бүгінгі Байқоңыр – әлемдік ғылым мен техниканың ең озық жетістіктерінің тоғысы, ғарыш кеңістігіне батыл шабуыл жасауға жол ашқан адамзат ақылының шоғырланған жері. Бұған қоса, түркі тілдес халықтардың бабасы, рухани ортақ абызы – Қорқыт атаның өмір сүрген, мәңгілік байыз тапқан қасиетті орны. Байқоңырмен бірге Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата кешенінің» де осы «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі санатына енуі біз үшін қуаныш.
Ғарыш кемесінің көк төсіне самғаған сәті – миллиондаған адамдар қызықтағысы келетін керемет көрініс. Мамандардың пікірінше, «Жер кіндігі – Байқоңыр» деген жалғыз брендтің өзі-ақ әлемдегі туристер ағымының оннан бірін осы Байқоңырға тартатын көрінеді.
Мұны санға айналдыратын болсақ, Сыр еліндегі ғарыш айлағына жылына 700 мыңға жуық турист келеді. Айта кетейік, бұл арман осы қалада салынғалы отырған «Планетарий» сынды мегакешеннің құрылысы аяқталып, тиісті инфрақұрылым жасақталған кезде жүзеге асады. 
Бұл жобаны нақты іске асыру үшін аса қомақты инвестиция қажет. Жобаны жасаушылар оның нақты мөлшерін анықтап та қойыпты. 
Елбасының тапсырмасы бойынша бүгінде бұл жұмыстар басталып кетті. Қазір көршілес Ресей жағымен бірігіп консорциуым құру және «Жол картасы» бағдарламасын бірігіп жүзеге асыру мүмкіндігі ойластырылып жатыр. Жеке мен мемлекеттік әріптестігі арасында «Байқоңыр» ғарыш айлағында инфрақұрылымды бірлесіп жаңғырту мәселесі шешімін табатыны күн алыс емес. Сонымен қатар, осы жұлдызды қалашықта туризмді дамыту үшін транспорттық-логистикалық орталық салынады. Бұған қоса, туристік саланы дамытуға арналған тұжырымдама бойынша Төретам бекетінде жаңа темір жол вокзалы салынып, инновациялық және туристік орталықтар бой көтеруі тиіс. Ал, «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында осы жерде «Баламалы энергия көздерінің алаңы», Сырдария өзені жағалауында аквапарк салу және Байқоңыр қаласындағы 2 әуежай қайта жаңғыртудан өткізілуі тиіс. Міне, мүмкіндіктері зор Халықаралық ғарыш станциясы орын тепкен жұлдызды қалашықта осындай ауқымды жұмыстар атқарылады деп күтілуде. 
Сонымен, қала күні мерекесін сан ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан байқоңырлықтар бастағалы отыр.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 08 қазан 2013 г. 1 431 0