« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда облысы құрылған 1938 жыл мен 1990 жылдар арасында облыстық партия ұйымының басшысы болып 17 хатшы жұмыс істеген екен. Олар Сыр өңірінің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып, ел мен халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруына күш-жігерлерін жұмсады. Өйткені, олардың басты мұраты – халқының мүддесі, қызметі халқының қамы болды. Сондықтан облыс басшылығы берісі – облыс, әрісі республиканың саяси, әлеуметтік және экономика салаларына елеулі үлес қосқан бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерлерінің атын облыс орталығындағы үш мектепке беру туралы жоғары жаққа ұсыныс жасап, ол лайықты қолдау тапқан еді. Соның дәлеліндей, Сужиков Мұхамедғали Әленұлының есімі қаладағы №6 мектепке берілетін болды. Бұл тірлікке ұйытқы болған облыс басшылығына Сужиковтер әулеті атынан шын ықыласты ризашылығымызды білдіреміз.
Мұхамедғали Сужиков кім еді? Неге осы кезге дейін халық оған қызығушылық танытып отыр?
Қазіргі Астрахань облысының Володар (Марфа) ауданындағы Баклано-Лопатино селосында балықшы отбасында дүниеге келген ол еңбек жолын білім беру жүйесінен бастаған. Ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқан 28 жасар кадрды аудан, облыс басшылығы танып, бұрынғы Сталинград облысы Володар аудандық атқару комитетінің төрағасы етіп тағайындайды.
Ұлы Отан соғысы басталған соң ұйымдастырушылық қабілетімен танылған М.Ә.Сужиков соғыс тірлігіне тартылып, 1942 жылы Астрахань қорғанысының солтүстік бөлігіндегі (с. Жакуевка) соғыс шебінде жатқан аймақтарда жаудың танкі шабуылына қарсы қорғаныс құрылыстарын салумен қатар, жанғыш ұшқыштар батальонын жасақтауға қатысады. Соғыс алаңы Батысқа ауысқан 1943-1945 жылдары БК(б)П Астрахань «окружкомның» мал шаруашылығы жөніндегі хатшысы, Астрахань обкомының мал шаруашылығы жөніндегі хатшысының орынбасары болып істейді. 1945-1948 жылдары БК(б)П Орталық Комитеті жанындағы партия жұмысын ұйымдастырушылардың жоғары мектебінің және Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. Оқуды бітіргеннен кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады.
М.Ә.Сужиков 1954 жылы мамыр айының аяғында Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланғанда осыншама саяси қызмет артта қалған болатын. Облыстағы үш жарым жылдай қызметінде ойлау қабілетінің кеңдігі, негізгі мәселені жеріне жеткізіп, жоғарғы деңгейдегі органдар алдына қоя алуы жөнінен өзінен бұрынғылардан өзгеше танылады. Ол сондай-ақ мәселелерді жан-жақты зерттеп, терең талдамай, шындықтың түбіне жетпей, шешім қабылдамайтын, қорытынды жасамайтын.
Жергілікті жағдаймен танысу, облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын білу мақсатымен әрбір ауданға, ірі шаруашылықтарға құрамында тәжірибелі мамандар бар топ-топ бригадалар жіберіп, талдаулар жасатады. Оның қорытындылары тиісті облыстық мекемелерде қаралады. Сонда байқалған негізгі мәселе аймақтың әлеуметтік-экономикалық стратегиясының айқындалмағаны еді. Экономиканы көтерудің кілті – өндірілетін өнімнің, әсіресе, негізгі өнім – күріштің, қаракөлдің, жүннің сату бағасын көтеруде екеніне көз жеткізіліп, облыстық партия комитетінің VІ пленумында арнайы талқыланады. Қарама-қарсы пікірлер мен қызу айтыстың нәтижесінде пленум егіншілікті де, мал шаруашылығын да бірдей дамыту керек, басты мәселе өндірілетін өнімдердің мемлекеттік бағасын көтеру керек деген шешімге келеді. Жыл аяғында республика басшылығына облыстың бар жағдайын мәлімдей отырып, нақты ұсыныстармен шығады. Сөйтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ ССР-і Министрлер Кеңесіне 1954 жылғы 27 желтоқсанда «Қызылорда облысына көмек шаралары, ауыл шаруашылығын, өндірісті және еңбекшілерге мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуді жақсарту туралы» үлкен қаулы қабылдаттырады. Бұл билік органдарының мойнын облысқа алғашқы бұрғандық болатын.
М.Ә.Сужиков мұнымен қанағаттанбайды. 1956 жылы КПСС Орталық Комитетінің Төралқасына «КСРО дағы күріш өндірудегі елеулі кемшіліктер туралы» арнайы хат жазады. Онда күрішті жер шарының жарты халқы аса маңызды тамақ ретінде пайдаланумен қатар одан крахмал, дәрілік заттар, күріш сабанынан қағаз, т.б. өнімдер дайындауға болатындығы, бірақ осындай дақылдың пайдалылығына қарамай, өсудің орнына кеміп отырғандығы айтылады. Сыр бойында 100 мың тонна тауарлы күріш өндірудің мүмкіндігі атап көрсетіледі. Бұл сол кездегі бүкіл Кеңес Одағында өндірілетін күріштен әлдеқайда көп еді. КПСС Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер Кеңесінің атына арнайы жолданған екінші хатта күріш өндірісін ұлғайтудың маңызды салаларының бірі – Сырдария өзенінің төменгі ағысындағы суландыру жүйесін қайта құруға қаржы бөлу, оның екі жылда қайтарымы болатындығы айтылады. Жоғарыдағы құжаттардың негізінде Қазақстанның жоғары мемлекеттік органдары КПСС Орталық Комитеті мен Министрлер Кеңесіне күріш өндіруді ұлғайту мақсатында Сырдарияның төменгі ағысында суармалы жүйелерді қайта құру туралы ұсыныс беріп, бұған қосымша 300 миллион сом қаржы сұрайды.
Қаншалықты қиын болғанымен, тегеурінді басшы өзі көтерген мәселелерге Одақ басшыларының көзін жеткізуінің арқасында «Қызылорда облысының экономикасын дамыту, еңбекші халықтың мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсарту шаралары туралы» қаулы қабылданады. КСРО Мемлекеттік жоспарлау комитетінің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу бағасын көтеруіне қол жеткізеді. Үкімет қаулысы бойынша күріштің сату бағасы 10 есеге артады. Қаракөл елтірісінің бағасы көтеріледі. Қызылорда су торабының (плотинасы) құрылысын тездету үшін қаржы бөлінеді. Күріш егісінің көлемін ұлғайту мақсатында жаңа инженерлік гидротехникалық құрылыстар басталады.
М.Ә.Сужиков облыстың шаруашылық жағдайын тез көтеру үшін қаракөл қойын өсіру мен оның өнімін молайту, күріштің егістік көлемін ұлғайту мен агротехникалық мәдениетті көтеру арқылы оның шығымдылығын арттыру және балық өндірісін жолға қою сияқты мақсатты жүзеге асыру үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумдарын да пайдалана білген. Мысалы, облыстағы мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын дамыту мәселесін 1957 жылы өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мал шаруашылығын, арнайы қой шаруашылығын қараған пленумында көтереді. Мал шаруашылығының азықтық базасын нығайту, шабындықтарды жақсарту, малшыларға тұрмыстық жағдай жасау, еңбекақы төлеу, мал басын сақтау мен көбейту, оның өнімділігін арттыру, мал шаруашылығына қажетті құрылыс, т.б. толып жатқан мәселелерді нақты дәлелдермен және мысалдармен жүйелеп, бұл бағыттағы Қазақстан, оның ішінде облыс үшін де негізгі мәселе ретінде өндірістік бағыттағы жайылым алқабын молайту, шопан кадрларды дайындау мәселелерін ортаға салады. Республиканың тиісті мекемелерінің әрекетсіз отырғанын сынға алады. Мал шаруашылығындағы аса қат болып отырған шопан кадрларды дайындаудың түрлі жолдарын ұсынады.
М.Ә.Сужиков экономиканы көтерудегі мақсат халықтың мәдени-тұрмыстық және әлеуметтік жағдайын жақсарту деп түсінді. Оның үстіне сол кездері Сыр бойында экологиялық ахуал сыр бере бастап еді. Сондықтан облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына айрықша назар аударылып, халық жаппай медициналық тексеруден өтеді. Сала қызметкерлеріне 1000 шаршы метр тұрғын үй және 24 жеңіл автомашина беріліп, қызметкерлердің айлығына су тапшылығына байланысты арнаулы коэффицент қосылады. Мектеп, ауруханалар салынады. Елді мекендерге электр жарығы тартылады. Мәдени ошақтар пайда болады. Соның бірі облыс орталығындағы бүгінгі Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет сарайы болатын. Сондай-ақ, халық ағарту cаласында да елеулі істер жүзеге асырылып, оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығая түседі. 287 жалпы білім беретін мектептерде, арнаулы орта және жоғары оқу орындарында 60 мыңнан астам жастар білім алады. Мұның барлығы жоғарыдағы Одақтық құжаттарға сәйкес облысқа бөлінген қаржының арқасында жүзеге асты.
Мұхамедғали Әленұлы облысқа келісімен-ақ тікелей айналысқан мәселесінің бірі – алапеспен күрес болды. Мұны ұлттық, өмірлік мәселе ретінде Одақтық дәрежеде көтерді. КСРО Министрлер кеңесінің "Қызылорда облысында алапеспен күресудің кезек күттірмейтін шаралары туралы” қаулысын қабылдатты. Үкімет Арал, Қазалы аудандарын әлеуметтік-экономикалық жағынан қайта құрудың түбірлі шараларын белгіледі. Аралдың малярлық аймақтарында тұратын жұртшылық теңіз жағалауында жаңадан арнайы салынған елді мекендерге көшірілді. Дүние танымы басталған кезден балық өндірісін көріп өскен балықшының баласы Каспий жағалауындағы шаруашылықтар типтес балық өндіретін артельдер құруға бастамашы болады.
М.Ә.Сужиков кадр мәселесінде де аса тазалықпен, біліктілікпен жұмыс жасады, оларды таңдай білді, ұйымдастыра алды. Әрбір жауапты қызметкерден мәдениеттілікті, білімділікті, біліктілікті, өз ісінің шын мәнісіндегі маманы болуды қатты талап етті. Оларға жоғары талап қойғандығына қарамастан, бірде-бір басшыны орынсыз кінәлап, қызметінен босатқан емес. Кадрлармен өзіне тән жұмыс істеу әдісі болған Мұхаң облысқа басқа жақтан көптеген тәжірибелі кадрлар алып келді. Бірақ олар түгел дерлік абыройлы жұмыс жасады, өз мекемелерінің білгір басшылары болды, өздерін шақырған хатшыны ұятқа қалдырған жоқ.Тіпті керек десеңіз, олардың көбісі қызылордалықтар болып, қалған өмірлерін Сыр өңірінде өткізді.
Осындай нағыз толысқан, басшы кадр ретінде кемеліне келген кезінде М.Ә. Сужиков 1958 жылдың қаңтарында дәстүрлі өндірісі мен аграрлық секторы дамыған, әрі рентабельді аймақ болып табылатын Семейге облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ауыстырылды. Алайда, Семей Мұхаңның үлкен қызметінің соңы да болды. Онда оның алдынан Семей полигоны шықты. 1959 жылы Семей полигонындағы атом және термоядролық қаруды сынаудың зардаптары туралы КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев пен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.И. Беляевке құпия хат жолдайды. Бұл Мәскеу басшыларының Сужиков жөніндегі көзқарастарын күрт өзгертеді.
Орталықтар М.Ә. Сужиковтен құтылудың амалдарын іздестірумен болады. Қазақстан Магниткасы аталған Теміртаудағы құрылыста болған атышулы оқиғаға байланысты «Қарағанды металлургия зауыты құрылысындағы істің жағдайы туралы» мәселе қараған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1960 жылғы жабық пленумында М.Ә.Сужиков сөз сөйлеп, Орталық Комитеттің бюросын принципті мәселеде партиялық пайымдылық танытпағаны үшін қатты сынайды. Семей обкомы хатшысының «ұлтшылдығы» жайлы хабар Мәскеуге жедел жетісімен апта өткенде КПСС Орталық Комитеті аппаратының нұсқаушылары Калинников, Мерзляков және Захаровтар асығыс Алматыға ұшып келіп, дереу М.Ә.Сужиковты қырына алады. Үш айға созылған тексерістен хатшыны айыптауға, жұмыстан босатуға негіз болатындай қомақты ешнәрсе қолға түспейді. Содан мәскеуліктер мен алматылықтар қайта-қайта жиналып, қайта-қайта ақылдасып, дәл осы кездегі облыстағы мал шаруашылығы саласындағы социалистік міндеттемелердің орындалу барысын негізгі нысана етіп алудан басқа амал таба алмайды. Өйткені, 1959 жылдың жазы мен 1960 жылға қараған қыс облыстың ауыл шаруашылығы үшін өте қолайсыз болады. Жауын-шашынның аздығынан қалыптасқан қуаңшылықтан көп аудан, жекелеген шаруашылықтар қысқа шөп дайындай алмайды. Қыстың аса қатал болуынан мал басы көп шығынға ұшырайды. Мұндай қыстан шыққан малдың өнімділігі де дәл тексеріс кезінде жоспардағыдан төмен болады. Мәскеудің ресми кісілерінің тексеру қорытындысы дереу КПСС Орталық Комитетінің органы «Правда» газетінде басылған «Сөзі ісіне сай емес» деген мақалада жарияланады. 1960 жылғы 27 тамызда өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросы «Семей облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруді көбейту жөніндегі және облыс колхоздары мен совхоздарының 1960 жылға қабылдаған социалистік міндеттемелерін орындаудағы қанағаттанғысыз жұмысы туралы» мәселені қарап, Сужиковты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы және бюро мүшесі міндетінен босатады. Алайда, М.Ә.Сужиков жұмыстан босағаннан үш ай өткеннен кейін республикалық, облыстық газеттер Семей облысының социалистік міндеттемелерін мерзімінен бұрын орындағаны жөнінде рапортты жариялап жатады.
Біз де жасанды атақ, даңқ кетеді, қолдан жасалған мадақ, мақтау да таусылады. Уақыт бәрін жеңеді. Алайда қайраткерге халық ықыласынан биік құрмет жоқ дегіміз келеді. Ал Сыр елінің Мұхаңа деген ықыласы арада жарты ғасыр өтсе де әсте толастаған емес.
Әбдіжәлел БӘКІР,
қоғам қайраткері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |