Ұзаған жыл соңына қарай орден-медалі бар, бас¬қасы бар марапат қарша борады. Оларды жұрт әлеуметтік желілерде қиюын келтіре әспет¬теді. Пәленше-Түген¬шені құттықтаған жазбалар қаптап кетті. «Медаль алмаған адам қалмаған-ау» деген қаңғалақтаған ой келді сонда. «Байдың асын байғыз қызғанады» дей көрмеңіз, Құдай үшін! Тек кейінгі уақытта атақ-даңқтың осынша арзандап кеткені ерсілеу көрінеді екен. Төсбелгіні шүлен таратқандай тегін үлестіргесін оған кімнің лайық, кімнің лайық емесін біле алмадық.
«ҚАЙРАТКЕРЛІКТЕ» ҚАЙРАТ ҚАЛМАДЫ
Қазақ халқының қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлының атағы аспандап кетуінен КСРО тұсындағы басшылар сескенсе керек, көзі тірісінде оған Кеңес Одағының Батыры атағын қимады. Тек 1990 жылдың соңында жоғарғы марапат иесін тапты. Қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқов Қазақстанның халық артисі атағымен өмірінің соңғы сәттерінде ғана қауышты. Мұқағалиды марапат өлгесін өзі іздеп тапты. Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. «Нағыз ақын – қара өлең ғой, оған атақ-даңқтың керегі жоқ» деп, көзі тірісінде ақын соны керек қылмаған да көрінеді. Батыр Бауыржанның, сыршыл сазгер Шәмшінің, мұзбалақ ақын Мұқағалидың тірісінде қадірін білмеу қандай өкінішті?!
Осы күні марапаттың жеті атасын көріп-естіп жүрміз. Мемлекеттік наградалардан бөлек, «Пәленше сыйлығы», «Түгенше төсбелгісі» – мәлім де беймәлім марапат жетіп артылады. Сахна самсаған «жұлдызға», қоғам қаптаған «қайраткерге» толы. «Аузы жыбырлағанның бәрі әнші» деп, көрінгеннің аты-жөніне «Қазақстанның жарық жұлдызы» тіркесін жалғауға құмарланып алдық. «Сахнаның киесі болады» деуші еді. Соның қадірі қалмай бара жатқан сияқты. Көктегіден гөрі жердегі жұлдыздардың санынан шатасасың осы күні. «Қайраткерліктің» де қайраты қайта бастағандай. Өзін «қоғам қайраткері», «өнер қайраткері», «мәдениет қайраткері» санайтындардың санынан саусағың жаңылысады (оған қаншалықты еңбек сіңіргенін бір Құдай біледі). Кейбіреу аты-жөніне ұзын-сонар атағын тіркеп жазғанды жақсы көреді. Оны танымайтының, өміріңде естіп көрмегенің үшін өзіңнен-өзің ұялып кетесің. Осы күні аты дардай атақты әркім бір қымсынбастан қосарлап алатынына ғалым Қазыбай Құдайбергенов те қапалы.
– «Қоғам қайраткері» деп кеңестік қоғамның ақыры қа¬йырлы болмайтынын сезіп, «Заман-ай» деген өлең шығарып, отаршы өкіметке қарсы шыққаны үшін атылып кеткен ақын-діндар Мұхамеджан Қарамолданы, туған халқының азаттығын ғана емес, исі түркі әлемінің қамын жеген қайран ер Мұстафа Шоқайды, күрделі уақыттың адал перзенті, артында өшпес із қалдырған Дінмұхамед Қонаевты атап өтуге болады, – дейді Қазыбай аға.
Әлихан, Міржақып, Ахметтердей Алаш арыстарына телі¬ген теңеу қазір кім көрінгенге «қызмет етіп» жүр. «Қоғам қайраткері» тіркесіне википедияда «қоғамның қажеттілігіне қарай саяси, мәдени, кәсіби қызметпен ерікті түрде айналысатын адам» деген мағынада анықтама берілген. Ал мемлекеттік биліктің саяси тұлғасы «мемлекет қайраткері» болады. Уинстон Черчиль: «Саясаткер – алдағы сайлауды, мемлекет қайраткері келесі ұрпақтың қамын ойлайды», – деп ара-жігін ажыратады. Бізге де осылай қаптаған қайраткердің ішінен ақ-қарасын іріктеп алатын кез жеткен сияқты.
ҚАПТАҒАН АТАҚ ҚАЙДА АПАРАДЫ?
«Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?» дейді хакім Абай. Атақтың құны түсіп, даңқтың дімкәс тарту тенденциясы қазақ ғылымында да анық байқалады.
Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов бір сұхбатында «академик» деген атақты есіміне қосып айтуға ұялатын жағдайға жеткенін айтыпты. «Менің атыма поштамен «Америка биографиялық ұйымы» атты ұйымнан 2011 жылы «ХХІ ғасырдың ғұламасы», «Ғылым үздігі-2011» деген атақтардың тағайындалғаны туралы хабарлама түсті. «Бұл не деген батпан құйрық?!» деп қарасам, соңғы жағына медалі, сертификаты, тағы сондай қосымшаларымен бірге қосып есептегендегі бір атақтың құны мың доллардай болатыны туралы прейскурантты қосып жолдапты. Жолсапар, қонақжай, орден-медаль мен диплом шығынын өзің көтерсең, батыстың жалған «атақсымағының» иегері боп шыға келесің», – деп көңілі қалу себебін ашып көрсетеді ғалым. Құдды бір ғылыми жаңалықтар емес, ғылыми атақтар жарысы дерсіз.
– Ғылыми дәреже мен атақтың айырмашылығы барын көп жұрт аңғара бермейді. Ғылыми дәреже – магистрден бастап PhD, ғылым кандидаты, докторы. Ал ғылыми атақ – доцент (қауымдық профессор), профессор, академик. 2011 жылдан бастап еліміз ғылыми дәреже берудің екі сатылы (магистрлік, докторлық PhD) жүйесіне көшті. Қазір ғылыми дәрежелерде бедел қалмады. Оның себебі – плагиаттықтың өршіп тұруы, – дейді халықаралық журналист Қуандық Шамахайұлы.
Атақтың немен өлшенетінін академик Асқар Жұма¬ділдаев та айтып жүр ылғи. «Кейбір қулар қазақтарға бір жапырақ мақтау қағазын беріп, «сен мықтысың, кереметсің, бәленсің, түгенсің» деп мақтап, өзінің шотына пәленбай долларды аудартып алады. Ғылыми атақты «на всякий случай» деп алғандар көп. «Алда-жалда жұмыстан қуылып кеткенде, бір жерге барып, кафедра меңгерушісі боламын» деп ойлайды. Оның басқа шарасы жоқ. Әрі-беріден соң оның ғылымды дамытуға шамасы да келмейді», – дейді атақты математик бір сұхбатында. Қазақ ғылымының неге кенже қалып келе жатқанын бұдан артық түсіндіре де алмаспыз. Кандидаттықты, профессорлықты «сәтті қорғағанмен», ғылымның көсегесі көгермейтіні шындық. Сонда қайтпек керек?
P.S. Мақтансүйгіштігіміз түбінде сорымызға айналмаса дейсің. Әйтпесе, сала-құлаш атақ-абыройдың көрінісі дегенге келісе алмайсың...
Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.