Белгілі мұстафатанушы Көшім Есмағамбетовтің құрастыруымен Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдық толық жинағы жарық көргені белгілі. Осы басылымның екінші томы туралы арнайы дайындалған мақаланы назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жина¬ғының екінші томына 1913-1924 жылдарғы барлығы 158 мақала, қысқа ақпараттар, түрлі құжаттар топтастырылған. Олардың 122-і орыс тілінде, 19-ы француз, 17-і түрік-шағатай тілдерінде жазылған.
Кітап Мұстафа Шоқайдың Санкт-Петербургте оқып жүрген бір топ студенттермен 1913 жылдан шыға бастаған «Қазақ» газетіне жолдаған құттықтау хатымен ашылады. Онда жастар Орынбордан жарыққа шықпақшы болып жатқан «Қазақ» газетіне қуанышы қойындарына сыймай, басылымның «қадамы қайырлы, бауы берік, өмір жасы ұзақ болып, мақсұтқа жетпегіне тілектестіктерін» білдірген болатын. Сонымен қатар хат иелері маңызды екі мәселені көтереді. Оның бірі – «Қазақ» газетінің «...біздің мұңды жұртымыздың мұңдасып, бірінің хал-жайын бірі біліп тұруына да жәрдемі аз тимес еді деген ой. Екіншісі, «қаламменен жәрдем беретұғын мұсылманша оқыған құрбыларымыз бір нәрсе жазғанда басқа әріп, фарсы, ноғай қарындастарымыздың (қандастарымыздың деген мағынада – Ә.Б.) сөздерін; орысша оқығандарымыз орыс, яки басқа Еуропа жұртының тілдерін орынсыз көп кірістірмей, өзіміздің қазақтың нағыз қара тілімен жазуды» бас редактордың әрқашан назарында алып жүруіне тілек білдіреді. Осыдан кейінгі басылған Петербордағы түркі жастарының «Сиратель-Мустаким» (Тура жол)жақтаушыларының жаңа әрекеттері туралы» үндеуінің де мәні зор. Бұл, бір жағынан, Мұстафа Шоқайдың жасынан түркітілдес жастармен жиі араласып, пікірлес болғанын көрсетсе, екінші жағынан, осындай топтың патшаға жағымпаз діни ұйымға қарсылығын білдіреді. Діннің тазалығы әңгіме болады. Бұл алғашқы екі материалды болашақ түркі халқының ұлы перзентінің болашағын айқындаған алғашқы нышандар деуге толық тұрады.
Мұстафа Шоқай еңбектерін мазмұндық және идеялық мәні жағынан үш бағытта қарастырған жөн. Біріншісі – кеңес өкіметін кешегі патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған, билік басына келген орыс большевиктерін патшалық Ресейдің отарлық саясатының заңды мұрагері ретінде көрсете білу. Мұстафа Шоқай елден кетіп, алғаш 1920 жылдың ақпаны мен 1921 жылдың наурыз айларында (сол кезде шыққан мақалалардың уақытына қарай айтып отыр¬мын – Ә.Б.) Грузияда болғанда Тифлисте шығатын «Вольный горец» газетінде басылған материалдарынан Кеңестік саясаттың сипатын жақсы аңғаруға болатын еді. Мысалға 1920 жылы «Вольный горец» газетінде басылған ««Кеңес өкіметі және қырғыздар» атты көлемді мақалада қырғыз (қазақ – Ә.Б.) халқының Ресей революциясы кезінде көргенін сөзбен жеткізу қиын екенін, қиратылғандардың сұмдық ізін өзің көруіңнің қажеттігі туралы айтылады. Қырғыз даласы жаңа еркін өмірдің орнына аштықтан қырылған жүздеген мың өзінің балаларының бейіттерін жамылып жатса, большевиктік саясаттың салдарынан халық арасында социалистік бауырмалдықтың орнына сыртқары ұлттық жеккөрушілік пен іштегі ру-тайпалық алауыздықтың дәні себілуде. Қазақ халқы революцияның кінәлі емес екенін өте жақсы біледі, кінәлі бұқараға қанатты ұрандар тастап, революцияның тағдырын, демек отанның тағдырын және онда тұратын халықтың тағдырын сол бұқараның түйсігіне беріп, сол көпшіліктің соңынан жүргендердің өздері кінәлі деп жазылды. Сонымен қатар мақалада аз ғана топ қазақ зиялыларының жағдайының адам төзгісіз ауыр екендігі, оның ұмтылысының еш нәтижесіздігі, өйткені кеңес өкіметінің өкілі 1918 жылы Бүкілқазақ халқының Кеңесімен келіссөздер жүргізе отырып, оны тез тарату жөнінде бұйрық та берді. Қазақтар революцияға сонау бастан езілгендер мен жәбірленгендерге қатысты әділетті акты деп түсінді, алайда жағдай басқаша болды. Міне, осының барлығы қазақ зиялы қауымын кенет кеңес өкіметіне қарсы оппозицияға әкелді. Бұл партиялық топтар құруға негіз қалап, қазақ зиялысы түгелге жуық «Алаш» партиясы туының астына топтасты. Ал большевиктер ұлттық қозғалысқа іріткі салу мақсатында «Үш жүз» партиясын қарсы қойды. Бұл кеңестік саясаттың өзіндік жұмыс стилі болатын.
Екінші бағыттағы еңбектердің басты мақсат - мұраты – Мұстафа Шоқайдың түркістандықтардың ұлт азаттық қозғалысын заңды құбылыс ретінде көрсету. Бұған осы томдағы материалдардың үштен бірі жатады. Автор алдына екі мақсат қойған. Бірі – Кеңес өкіметінің Түркістандағы саясатын барынша жан жақты ашып көрсету, оған басқа елдердің назарын аудару. Екіншісі – Түркістан ұлт-азаттық қозғалысын жаңа деңгейге көтеру, сол арқылы оны қолдаушылар қатарын өсіру. Осы мақсаттарға «Түркістандағы ұлттық мәселе және ұлтаралық қатынас», «Кеңестік Түркістанда», «Түркістан және Кеңес өкіметі», «Түркістандықтардың көңіл күйі», «Түркістандық коммуниспен әңгіме», «Түркістан туралы шындық», т.б. мақала, ақпараттар қызмет етеді.
1920 жылғы 28 сәуірдегі «Түркістандағы ұлттық мәселе және ұлтаралық қатынас» туралы Түркістан Құрылтай жиналысының төрағасы ретіндегі Мұстафа Шоқай хабарламасында әдетте ұлттық проблеманың мазмұны ұлттық азшылық мәселесімен айқындалса, Түркістан тәжірибесінде оған тіпті қарама-қарсы, ұлттық көпшіліктің құқылары туралы болып отырғанын мәлімдейді. Бұл Түркістандағы ұлттық проблеманың өзіндік ерекшелігі болатын. Осы жылғы «Кеңестік Түркістанда» атты алдымен өзбек тілінде жазылған, сонан соң орыс тіліне аударылған мақалада «қызыл» Түркістанда өмір сүрудің ауырлығы, большевиктер партиясына жатпайтын қарапайым адамға деген құрмет буржуазиялық ескі наным түсінікпен айқындалатыны, сондықтан олармен күрес бүкіл мемлекеттік қызметтің алғышарты деп саналады. «Түркістан және кеңес өкіметі» деген мақалада Фергана облысында большевиктерге қарсы көтеріліс күшейе түспесе, басыла қоймайтындығы, сол себепті оны күшпен басуға болмайтындығына көздері жеткен большевиктер онымен күресте жаңа әдіс-тәсілдер іздестіруде деп жазса, «Түркістандағы кеңес өкіметі» атты мақалада Кеңестік саясат батысеуропалық империализмге қасиетті соғыс жариялағанда бұл ұран бүкіл Шығысты азат етуге шақырады деген түсінікке түркістандықтарға жасалып жатқан нақты фактылар күдікпен қарауға мәжбүр етеді делінген.
Осы томдағы 1923 жылы Парижде «Orientet Occident» журналында жарық көрген «Түркістан ұлттық қозғалысы» деген мақала – Мұстафа Шоқайдың Түркістан халықтарының ұлт-азаттығы қозғалысы туралы Еуропа басылымында ашық айтқан тұңғыш еңбек. Бұл – Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы тарихындағы жаңа белесті айқындайтын материал.
Мұстафа Шоқай еңбектерінің үшінші бағыты – ұлт-азаттық қозғалысты Түркістан аймағының мәселемен шектемей, кең көлемде большевиктердің Шығыс халықтарына деген көзқарасымен байланыстыру. Сонау Петерборда оқып жүргенде түрік мұсылмандары тағдырының ортақ екенін сезе бастаған, байқаған Мұстафа Шоқай енді Түркістан ұлттық қозғалысын жеке-дара қарастырмай, ұлттық тәуелсіздік үшін күрестің де ортақ екенін жақсы пайымдаған болатын.
«Қызыл Шығыс», «Большевиктер мен шығыс мәселесі», «Шығыстағы большевиктер» атты, т.б. мақалаларда Кеңес коммунистерінің іс-әрекеті олардың бүкіл шығысқа қатысты саясатының логикалық салдары екендігі, жалпы ұлт-азаттық қозғалыс жөніндегі ұстанымының екіжүзділігі айқын аңғарылады. «Большевиктер және Шығыс мәселесі» деген мақалада большевиктердің 1917 жылғы Қазан төңкерісіне дейін «ұлттардың өзін-өзі билеуі» туралы бетке ұстар ұрандарының бірін өздері өкімет басында нығайып алғаннан соң бос дақпыртқа айналдырғанын атап көрсетеді.
Мұстафа Шоқай туысқан түркі халқы туралы жиырма шақты мақала жазған. Оның төртеуі «Түрік коммунистерінің сапары», «Большевизм және Анатолия қозғалысы», «Кемалистер мен большевиктер» және «Анатолиялық түріктер арасында» атты мақалалар осы томнан орын тапқан. Аталған мақалаларда екі мәселе айқын байқалады. Біріншісі, әлі тарихы толымсыз Ресей большевиктерінің әрі әлсіз болса да ертелеу Түркияға әсер етуге ұмтыла бастағандығы. Оның басты себебі, өзі Антантаның ықпалынан екіге бөлініп отырғанда большевиктердің «ұлттардың өзін-өзі билеуі» дейтін перделі жалған насихатының Анатолия түріктерінің мүдделерімен үндес келуі. Екіншіден, осымен байланысты туысқан түркі халқының кеңестік саясат жолына түсіп кетпеуін ойлап қам жеуі, түрік елін өте жақсы білген Мұстафа Шоқайдың туыстық бөлекше сезіммен оған орынды іш тартуы.
Оқырман екінші том материалдарынан Мұстафа Шоқайдың сонау Петербордағы студенттік кезден бас¬тау алған дүниетанымының өсу, толысу жағдайымен және Түркістан ұлт-азаттық қозға¬лыс мәселесін Еуропаның ақпараттық әлеміне көтерілуінен хабардар бола алады. Бұл еңбектер келешек ұлы тұлғаның шығар биігін де айқындаған тамаша туындылар болатын. Оған кейінгі томдарды парақтағанда толық көз жетеді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылымдар докторы,
профессор.