ТҮРКІ ӘЛЕМІ, ТҮГЕЛ БОЛ!


«Түркістан – ер түріктің бесігі ғой» деп  ұлт мақтанышы Мағжан  Жұмабаев  көркем сөзбен айшықтаған Түркістан шаһары – Алаш жұртшылығына ғана емес, барша түркітілдес халықтар үшін киелі мекен.
«ТҮРКСОЙ» ұйымы түркі әлемінің мәдени астаналарын таңдау жобасы  бойынша өткен жылы Әзірбайжан мемлекетінің  Шеки қаласында өткен кеңестің отырысында Түркістан қаласын түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы етіп жариялаған еді. Түркістан – Астана мен Түркияның Ескишехир, Түркіменстанның Мары және Әзірбайжанның Шеки қалаларынан кейін осындай мәртебеге ие болған  бесінші қала.
Күн мен түн теңелген 21 наурыз күні   барша түркі халқының мәдени және рухани орталығы атанған ежелгі Түркістан қаласында өткізілген алқалы жиынға «ТҮРКСОЙ-ға» мүше 23 мемлекеттен 300-ге тарта қонақтар мен ғалымдар, халықаралық ұйымдар өкілдері, қазақстандық зиялы қауым және өнерпаздар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. 
«Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылының аясында осы күні Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркістан және Түркология» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты. Алқалы басқосуда ұйымның жыл бойы атқарған іс-шаралары сараланып, алдағы жұмыс жоспары бекітілді.
Басқосуда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс¬танбек Мұхамедиұлы, Түркияның Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Мұстафа Рухи Өзбилгич, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, «ТҮРКСОЙ-дың» бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, халықаралық түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі сөз сөйледі. Сонымен бірге, Түркияның Мармара университетінің профессоры Томар Женгиз  бен ресейлік ғалым  Фир¬даус Хисамитдинова баяндама жасады. Басқосуда 8 мемлекеттің 115 ғалымының баяндамалары жинақталып,  қатысушылар назарына  ұсынылды. 
Шара аясында құрметті меймандар Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мен оның айналасына жерленген қазақ хандары мен абыз-әулиелері, билері мен батырларына арналған пантеонда болды. Түркістан тарихи музейін аралап, ондағы жәдігерлермен танысты. Түркістандықтармен бірге Ұлыстың Ұлы мейрамы – әз Наурыз мерекесін тойлап, наурызкөжеден дәм татты. Қала көркемөнерпаздарының өнерін тамашалады.
Шара барысында түркітілдес елдердің 300-ге жуық мәдениет майталмандары өнер көрсетті. Салтанатты жиында әлем халқын бірлікке, достыққа, бейбітшілікке шақыруға арнаған үндеу қабылданды. 
Түркістан шаһарында өткен  мерекеден ерекше әсер алған қонақтар қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрінің  тәрбиелік мағынасы тереңде жатқанын  айтып, ризашылықтарын білдірді. Шара соңы түркітілдес мемлекеттерден келген өнер ұжымдарының гала-концертіне жалғасты.
Содан соң алқалы жиынға  қатысушылар еліміздің әр аймағында орналасқан тарихи-мәдени орындармен танысуға аттанды.
22 наурыз күні қонақтардың бір тобы Қармақшы ауданына келіп, күллі түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт ата музейінде болып, кешенді  аралады. Музейдегі ұлтымыздың шежіресінен сыр шертетін  тарихи жәдігерлермен танысты.
Осы ретте, делегацияны бастап келген «Түрксой» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейіновпен жолығып, Түркістан қаласында өткізілген алқалы жиын туралы ой бөлісуін сұрадық. 
– Өздеріңіз білесіздер,  өткен жылы Әзірбайжан мемлекетінің Шеки қаласында осы жылғы басқосуды Түркістан қаласында өткізу туралы шешім қабылданған болатын. Және  2017 жыл «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» деп белгілеген болатын. Осындай мәртебеге ие болған түркістандықтар осы жиынды өткізуге құлшына кірісіп, оның жоғары деңгейде өтуіне  ерекше еңбек сіңірді. Алқалы жиын соңы думанды тойға ұласты.  Осындай думанды шоуды тамашалаған қонақтар тандай қағысып, ризашылықтарын білдіруде. Бүгін олардың бірқатары киелі Қармақшы өңіріне яғни Қорқыт бабамыздың рухына тағзым етуге келді. Жалпы айтқанда, Түркістан қаласында өткен басқосуға 23 мемлекеттен, яғни Орта Азия, Еуропа мен Ресейден түрлі ұлт өкілдері қатысып, өздренің ұлттық салт-дәстүрлерін, өнерлерін көрсетті. Басқосуда оған қатысушылар ойларын ортаға салып, пікірлерімен бөлісті.
Башқұртстан журналисі Лейла Аралбаева:
– Қазақстанға бірінші рет келуім. Керемет ел. Халқы қонақжай екен.  Мен қазір ата-бабаларымыз салған және  жүріп өткен Ұлы Жібек жолында тұрмын. Кеше Түркістан қаласында өткен «Наурызнама» мерекелік шарасына қатыстым. Мереке аясында ұйымдастырылған қойылымдар арқылы  ежелгі қазақ халқының тұрмысын көрдім. Бәрі тамаша. Мен үлкен әсермен туған еліме оралғалы тұрмын. Туған халқыма  қазақ халқының, қазақстандықтардың  қандай тамаша өмір сүріп жатқанын айтып барамын. Сіздер тарихты бағалайды екенсіздер. Мен осыған қуанып отырмын. Оған дәлел, барша түркі халқы пір тұтқан Қорқыт атамызға арналған тарихи кешен, музей – мұның бәрі біз үшін үлгі. Қорқыт ата стелласынан  үні жүрегімнен мәңгі кетпейтін қобыздың үнін естідім. Қылуетке  кіріп, тілек тіледім. Қорқыт атамызға тәу еттім. Киелі Сыр еліне, қасиетті Қармақшы өлкесіне мен тағы келемін. Өзім ғана емес,  отандастарымды да ертіп келемін. Олар да қазақ халқы  өнерді, мәдениетті, тарих пен ата салт-дәстүрін  қалай қастерлейтінін көруі тиіс.
Қорқыт ата мемориалдық музейін аралап, танысқан қонақтар аруақтарға қол жайып, дұға жасады. Сапардан үлкен әсермен қайтқан меймандар қармақшылықтарға алғыстарын айтты.

***
Биылғы Наурыз мерекесі жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. 22-23 наурыз күндері «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясында Сыр өңіріне тілегі ортақ, ниеті бір түркітілдес мемлекеттерден бауырларымыз келді. Аптаның бейсенбісінде мәртебелі меймандар Шиелі ауданына ат басын тіреп, жамағатпен жарқын жүздесті. Аудандық мәдениет үйіндегі игі шарада аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев қонақтарға ізгі ниетін білдірді. Ал, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілі Асқар Тұрғанбаев өз кезегінде ынтымағы жарасқан аудан тарихынан хабардар екендігін білдіріп, жеміс пен береке тіледі.  
Жарасымдылық мерекесінде Өзбекстан, Қырғызстан, Қалмақ, Саха-Якутия, Чуваш елдерінен келген өнерпаздар көптің көңілін жадыратып, ән құдіретке әлдиледі. Түбі бір түркі елдерінен келген бауырлар өнеріне көрермен ерекше қошеметпен қолдау көрсетті.  
– Бір бәйтеректің бұтағындай түркі халықтарының туыстас мәдениетінің арасындағы асыл дәнекер, алтын көпір осылай жалғасын тауып келеді. Ән-жырымыз асқақтап, Түркі жұртының тойы тарқамасын, –деді Қ.Р еңбек сіңірген қызметкері Әлмырза Ноғайбаев пікірлесу барысында.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 наурыз 2017 г. 761 0