АРҒЫМАҚ АТТА СЫН БОЛМАС...

АРҒЫМАҚ АТТА СЫН БОЛМАС...
Сыр елінде жылқыға деген құрмет жоғары. Оны ат спортымен айналысушылар бойынан да аңғарамыз. Ал, ат спорты ұлттық түрлерінің облыстық федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті Айтбай Көшербаевтың төрағалығымен өткен есепті жиналыста жылқы жайлы пікір алғаусыз айтылды. Сондай-ақ, қатысушылар қалалық ипподром мен бәйге жарысының ережесін талқылады. 
Айта кетейік, қаңтар айында Астана ҚР ат спорты ұлттық түрлерінің есепті жиналысы өткен болатын. Жауапты жиында еліміздің бірқатар аймағында республикалық федерация ықпалымен өтетін іс-шаралар ережесі ұсынылды. А.Көшербаев өз баяндамасында Сыр халқының ұлттық спортқа деген қызығушылығының жоғары екенін атап өтіп, аймақта атқарылатын жұмыстарға кеңінен тоқталды.
– Сыр бойы тұрғындарының басым көпшілігі қазақ болғандықтан біздің өңір үшін ұлттық ат спортының маңызы жоғары. Аталған спорт түріне бұған дейін әртүрлі себептермен көңіл бөлінбей келген болатын. Біз осы мәселені ескере отырып, 2015 жылдан бастап ауқымды жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Облыс орталығында жаңа ипподром пайдалануға беріліп, ол жерде үлкен деңгейдегі додаларды ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болдық. Осының өзінен аймақта ұлттық ат спорты түрлеріне деген үлкен қолдау барына көз жеткізуге болады. Түрлі додаларда топ жарып жүрген спортшыларымыздың да қарқыны жоғары деңгейде. Сыр көкпаршылары республика бойынша екінші орында келеді. Биылғы жылы Астанада ЭКСПО – 2017 көрмесі аясында дүниежүзілік ат спорты олимпиадасы өтеді. Дүбірлі додаға Қызылорда облысы да белсене атсалысады, – деді бірлестік президенті. 
Соңғы жылдары елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде ұлттық спорт түрлеріне қолдау көрсетіліп келеді. Оның дәлелі 2015 жылы қалалық ипподромның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Аталған нысан мемлекеттік жекеменшіктің әріптестігі аясында «ҚазГерМұнай» ЖШС-ның демеушілігімен бой көтерді. Бүгінде қалалық ипподромда республикалық деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып келеді. Нысан пайдалануға берілген жылы республикалық «Ат спорты» фестивалі өтті. Сонымен қатар, өткен жылы «Алтын дән» мерекесі қарсаңында жүлде қоры 5 млн теңгені құрайтын атсейістер сайысы ұйымдастырылды. Алдағы уақытта облыстық ат спорты ұлттық түрлері федедерациясының қызмет ауқымы кеңейеді. Себебі, облыстық федерацияның қала мен барлық аудандардан өкілдіктерін ашу жоспарлануда. А.Көшербаев бұл жұмыстар жүзеге асса, ұлттық спортқа қызығушылығы басым ауыл жастарына үлкен көмек болатынын айтты. Сондай-ақ, қатысушылар да ұтымды ұсынысты бірауыздан қолдады. Жиында жанкүйерлер аймақта атсейіс болып жүрген азаматтардың және ұлттық спортқа еңбегі сіңген өңір тұрғындарының еңбегі еленіп, марапатқа ұсынылса деген тілектерін жеткізді. Сондай-ақ, Жаңақорған ауданында «Көкпар» ойынын ұйымдастыруға арналған ипподром салынса деген ойларын жеткізді. 
Биыл Тараз қаласында ат спорты ұлттық түрлерінен бірнеше сайыс өтеді. Дүбірлі додада аймақ намысын қорғауға Сыр спортшылары да дайындалуда. Облыс спортшыларының жетістіктеріне тоқталған қалалық спорт мек¬тебінің директоры Ғабит Мақатаев алдағы аламан додаларда да олардың топ жаратынына сенім артатынын айтты. Жиын соңында А.Көшербаев басқосуда көтерілген ұсыныстарға байланысты алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 наурыз 2017 г. 1 197 0