ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫҚұрметті жерлестер!

Жер-жаһанға тіршілік нәрін сеуіп, ару көктем алып келген жарқын мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні баршаңызға құтты болсын!
Наурыз – ізгілік пен бірліктің мерекесі. Бұл күні барша жұрт өкпе-ренішті ұмытып, ағайынмен бір дастархан басында қайта табысады. Адамдар бір-біріне бақыт пен береке тілейді. Келер жылдан кемелдік тілеп, амандық айтып, ақ пейілдерін арнайды. Бұл кезеңді біздің халқымыз береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мезгілі санайды. 
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, «Ұлыстың ұлы күні – көңілде кірбің қалмай қауышатын, түсіністікпен табысатын күн». Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Елбасы бастаған Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі қол жеткен жетістіктері соның айғағы.
Өткен жыл Сыр өңірі үшін ерекше табысты жыл болды. Біздің өңір – әлеуметтік-экономикалық даму, өңдеуші өнеркәсіптің өсу қарқыны тұрғысынан республикада  көш бастап тұр. Күріштен кезекті рекордтық өнімге қол жеткізіп, мыңдаған жаңа пәтерлер ел игілігіне берілді, көптеген өндірістік және әлеуметтік объектілер іске қосылды. 
Өскелең ұрпақ білім саласында жақсы жетістіктерге жетті, елдің денсаулығы нығаюда, спорт дамуда, мәдени мұрамызды насихаттауда жаңа белестерге жеттік, әлеуметтік қолдау шаралары іске асты. 
Ұлыстың ұлы күнінде айтылған барлық тілек қабыл болады деген ежелден келе жатқан сенім бар. Олай болса, Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Тәуелсіз еліміз тыныш, әрбір жаңа күн барлық отбасына шат көңіл, бақыт және береке сыйласын! 
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! 

Құрметпен,
Қызылорда облысының
әкімі 
Қ.КӨШЕРБАЕВ

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 наурыз 2017 г. 752 0