Қазақта екі жаңа жыл бар. Әуелгісі 31 желтоқсанның түнінде сағат тілі он екіні соққанда кіреді. Жұрт жылды жабамыз деп жанталасады. Әр сала өзінің есеп-қисабын жасайды. Әзірлікті күн емес, апта емес, ай бұрын бастап кетеді. Баға бағынбай қояр деп базар барып, қам қылады. Кафе-мейрамханаға ерте бастан тапсырыс бермесең, біттім дей бер! Мұның бәрі үшін қыстың сақылдаған сары аязы сөз емес.
Екіншісі қар еріп, күн көзі жылт ете бергенде жетеді. 22 наурыз – қазақ үшін, бүкіл Шығыс халқы үшін ұлы мейрам. Кеңес өкіметі кезінде «ислам дінінің қалдығы», «ескінің сарқыншағы» саналып, тойлауға тыйым салынды. Тек арада алпыс жыл өткесін өшкеніміз жанып, күнтізбеде қайтадан қызылмен айшықталды. Елдің батыс бөлігіндегі, Ресейдің шекаралас аймақтарындағы ағайын мейрамды ерте, 14 наурыздан бастап кетеді. Бұл күнді көрісу күні немесе амал мерекесі деп те атайды. Қалың көпшілік қыстан қысылмай шыққанына шүкіршілік етеді. Бір-бірімен төс қағыстыратын дәстүр жетпіс жылғы тепкіден соң батыстан басқасында ұмыт болған. Әйтпесе, көрісу дәстүрін күні кешеге дейін күллі қазақ жасап келген көрінеді.
Әз Наурызда ұлттық бояуымыз қанық әрі анық бола түседі. Шаң басқан сандықтардан шапан-қамзолдарымызды шығарып, үстімізге ілеміз. Ақшаңқан киіз үйлер тігіледі, алтыбақан тебіледі. Асық ойнатылып, арқан тартылады. Көшет отырғызылады. Қыдыр атаның жолын тосамыз. Наурызкөжесіз Наурыздың сәні келген бе?! Көрші-көлем, жақын-жуық бір-біріне қонақ боп, дәмнен ауыз тиеді. Мейрамның негізгі атрибуттары – шамамен осылар. Жалпыұлттық һәм жалпыхалықтық деңгейде жылдағы сценарий бойынша өтеді.
Әз Наурызды григорианша жаңа жылмен ¬салыстыратын әдетіміз бар ғой. Жуырда Мәдениет және спорт министрі ¬Арыс¬танбек Мұхамедиұлы «Наурыз бүлдіршіндердің мерекесі ¬болуы тиіс» деген ой айтты. Сонда ғана мерекенің маңызы тереңдей түспек. Қоштарлық. Мысалы, қыстыгүнгі ресми жаңа жылды балалар ерекше көңіл-күймен күтеді. Карнавалдық үлгіде киініп, неше түрлі жан-жануардың кейпіне енеді. Шыршаны құрып, безендіруге асығады. Аяз ата келетін, сыйлық беретін күнді санаумен болады. Осынау жарқ-жұрт еткен қызылды-жасылды дүниелер бала атаулыны шаттыққа бөлейді.
Самарқанның көк тасы еритін шақтағы жаңа жылдың да сценариіне сәл-пәл өзгеріс енгізген жөн сияқты. Қыдыр ата сыйлыққа сараңдық танытпаса, кішкентайлар қуанып қалар еді. Киіз үйлерде балалар бұрышы болса дейміз. Ішін өздері жасаған дүниелермен безендіріп қойса, қандай ғанибет?! Сол жерде жүріп үлкендерден қонақ күтудің әдебін үйренер еді. Ертегіге сенетін өрендерді елітудің басқа да амалдарын ойластыруға болады.
Жастар мен үлкен буын үшін де солай. Бәйшешекті я жауқазынды Наурыздың басты символы ретінде бекітіп, әртүрлі нұсқада жарыққа шығарса, шыршаның танымалдығынан кем түспеуші еді. Қазақта қолөнер шеберлері жетерлік, селтеткізер, ұйқыашар сыйлықтарын жаңа заманға лайықтап шығарса, ұмытыла бастаған ұлттық дәстүрді қайта жаңғыртуға үлес қосар еді. Соңғы жылдары қазақы нақыштағы киім-бұйымдардың былайғы өмірде кеңінен қолданылуы көңіл қуантады. Алайда ұлттық фэшн-өндірістің жетімсіздігінен соның көбі эксклюзив күйінен әрі аса алмайды. Ал эксклюзив дегеніңіз пәленбай сом тұрады.
Наурыз мейрамы тар шеңберден шыққанда ғана қазақты, Қазақстанда тұратын халықтарды біріктіретін күшке ие бола алады. Ол үшін жаңаша көзқарас, сергек сана керек.
Назерке САНИЯЗОВА.