БАЙШҰБАР АТПЕН КӨКПАР ТАРТҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

БАЙШҰБАР АТПЕН КӨКПАР ТАРТҚАН ҚАЗАҚ ҚЫЗЫСәден қария әңгі¬ме¬шіл кісі еді. Иегін бір сипап қойып, ескіліктің сөзін қоздатқанда жаның жылып, амалсыз иіріліп отыра бересің. Бүгін де бір қызықты оқиғаны баян етпек сыңайда сияқты. Ағаш түбін қопсытып, арық тазалап жүрген кетпен-күректерімізді жан-жағымызға тас¬тай салып, айнала жайғаса кеттік.
– Кешегі жылдар қазаққа ауыр тиді ғой, ақ пен қызылдың астаң-кестең арпалысы, неміс-пәшистермен соғыс, елдегі тапшылық халыққа оңай тиген жоқ. Қаншама азамат оққа байланып, елге оралмай қалды. Сол оқиғалардың біразын көзіміз көрді. Қиындықтың бәріне төзіп, алпысыншы жылдардан бері қарай ғана қарын тоя бас¬тады. Айтпақшы, қасқа бас патшаның жүгері нанын да жеп көрген екенбіз ғой, – деп бір қойды. 
– Соншама ауыртпалық, қаншама қиыншы¬лықтан қазақтың жүні жығылмай шығуына жаны¬¬¬ның дархандығы, жеріміздің кеңдігі және де көкпары мен домбырасы жалау болды ғой деп ойлаймын. Өйткені бұларда қазақтың рухы жатыр, жаны осыған мықтап байланған. Бұлар барда қазақ жаншылмайды, өлмейді. Бір қызық айтайын,  – деген Сәден қарт тамағын кенеп алып, желісті әңгімені бастады.
– Соғыстан кейінгі жылдардың бірінде Көктө¬бенің үстіндегі тақырда үлкен бір көкпар салымы өтті. Айналма көкпар тәмамдалып, салымның өзі де орталынып қалған тұс-тын. Жоғарғы жақтың атақты көртақым шабандозы көкпарды сүйрете додадан сытылып шыға бергені сол тосыннан пайда болған шұбар атты жас жігіт анаған серкені тақымына бастыруға іліктірмей, жұлды да кетті. Құлақшынын алқымынан баса байлап алған екен, кім екенін тани да алмай қалдық. Со күйі зулай шауып бара жатып, көкпарды тақымына баса ытырылып кете барды. Бірен-саран көкпарға қол созғандарға құйқа де тимеді. Әлі көз алдымда бір керемет көрініс еді, шұбарыңының аяқ тастасы сұмдық! Желдей ескен шығар, со күйі бір атқа жеткізбей салымды мәреге салды да кетті. Айнала гу-гу. «Ойпырмай мына бала кім?! Арыны тіптен қатты ғой...» десіп жұрт шуласып жатты. Ал шұбар атты жас жігітті төрт-бес атты тасалап, топ шеңгелге қарай алып кетті. Көкпаршы, бәйге шапқандардың сондай әдеттері бар, жұрт көзі қадалған ат пен шабандозды бөгде көзден алып қашатын. Араға екі-үш салым салынған соң ақалақшы бас салымға үш жасар өгіз тігілгендігін хабарлады. Бұ жолға дода тіптен ұзады, өлмей беріскісі келмей тартысып, тырысып жүрген біреу. Айнала шаң, ала қиқу! Шеттеу тұрған қалың жұртшылықтың арасында  құнанымды тепсініп мен де жүрмін. Ана топырға аралассаң, нөпірің таптап кетуден тайынбайды-ау! 
Бір кезде «Ал, кетті!» деді бір шал. Доданы жарып, қара қасқа аттылы түркістандық шабандоз шыға бергені сол баяғы шұбар атты жігіт тағы да килігіп, серкені ілді де кетті. Манағы шабыс шабыс па, бетін мәреге түзеген соң тіптен қара шалдырмады. Созыла аяқ тастағанында байқадым, тұлпары байшұбар екен...
– Байшұбарыңыз қандай ат? – деп сұрады Ермаш.
– Ой, ақымағым-ау, естен шығарып алғансың ба, Алпамыс батырдың атын Байшұбар демейтін бе еді, көк, қоңыр, қызыл түстің араласуын қазақ солай атайды. Қызыл нүктелер аттың сауырына қарай майдаланып, тіптен көбейіп кетеді. Байшұбарың сол! Тек, сөзді бөле берме, кейіннен білдік қой, әлгі ғаламат шабандозымыз өзіміздің Жұмекеңнің баласы екен. Колхоздың жылқысын бағатын қыпшақ Жұмабай мен Қыздан апамыздың 4 қызы болса, соның екіншісі Күлбибіні әкесі жас кезінен ер балаша киіндіріп, жанынан тастамайтын. Оны үй тірлігінен оқшау, ат үстіндегі жұ¬мыс¬тарға қосты. Күлбибі ер жігіт секілді қарулы, тарамыс болып өсті. Сырт жақтағылар кімнің кім екендігін қайдан білсін, ал ауылдағылар  білсе де, отағасының көңіліне қарап, «Жұмабайдың баласы» дейді де қояды. 
Шардара жақтан ақалтеке тектес ат әкелді деп жүретін жұрт, Байшұбарымыз сол екен. Атты да, баласын да  оңашада баптап, топқа салған кезі екен біздің көргеніміз. Кейіннен талай көкпарда салым салып жүрді ол. Жұмекең  айналасына өзіне тәбін шабандоз жігіттерді топтастырып, қалың тобырдан бөлек тұратын-ды. Сәті келген кезде ғана баласын көкпарға қосып, аламанды қыздыратын еді. Несін айтасың, Күлекең өңірдің айтулы шабандозы болды ғой. Байшұбар ат мінген қыпшақ қызы! Мына Нұрманның да доп қуып селтеңдеп жүргені сол қанда бар өнердің жұғыны ғой, – деп Сәден көкеміз әңгімесін аяқтағандай болды. «Балалар, енді орнымыздан тұралық, деректіріміз Әбсеметов келіп қалып, көкемізді танытар», – деген комендант жиде сапты кетпенін қолына алды... 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы, 
Қандөз ауылы. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2017 г. 1 231 0