Наурыз – ғашық жүректердің тоғысқан сәті. Перзент өсіріп, оларды ұясы мен қиясына қондыруды көксейтін қазақта адам ғұмырының көктемі табиғаттың көктемімен астасып жатқан, үйлесім тапқан. Тіршілік жанданып, табиғат біткен ерекше құбылған тұста адам бойында да нәзік бір үміттің оянатыны белгілі. Наурыздағы той-томалақ, басқосулар, думанды кештер әсіресе жастарға айрықша әсер берері сөзсіз. Жігіт біткен арманындағы аруына, бойжеткен қиялындағы ханзадасына көңілін білдірер оңтайлы сәт осы шақ болса керек. Түні бойы алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып көңілді отырған жігіттер жағы қыздар ұсынар «Ұйқыашардан» дәмелі болса, арулар сайыпқыранның «Селтеткізерін» күтеді.
Яғни, Наурыз тойында қыз-келіншектер жігіттер ұйықтап қалмасын деп, уыз қосып жақсы тағамдардан «Ұйқыашар» дайындаған. Жігіттер «Ұйқыашардан» дәм татқан соң, қыз-келіншектерге тазалықтың, пәктіктің нышанындай айна, тарақ, иіссу, әшекей бұйымдарын сыйлаған. Мұны «Селтеткізер» деп атайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, «Ұйқыашар» қыз-жігіттердің сезімін арттыра түсуіне себепші болған. Яки, табиғат оянып, тіршілік атаулыға жан жүгірген көгілдір көктемде «Ұйқыашардың» уыз дәмі ұғымдының үмітін оятқан. «Селтеткізер» сырғалыны сезімге бөлеген.
Бір деректерде былай дейді: «Наурызда Қазақстан¬ның орталық өңірлерінде Үркердің қос жұлдызы бұқа¬ның мүйізі секілді батқан Күн жолының екі жағынан қылтиып көрінеді. Аспан денелерін жіті байқап отырған дана халық Ұлыстың ұлы күнін Өгізханның Күн сұлумен жұптасқан одағы ретінде әдемі өрбіткен. Өгізхан туғаннан бастап ерекше қасиетті жан болған екен. Ол бір жасқа толғанда өз атын өзі Өгізхан деп атаған. Жас бала туған күнінен бастап аспан әлемімен әуестеніп, Ай орағын қолымен өлшеп ойнайды-мыс. Күндердің бір күнінде ол тауда жүргенде аспаннан түскен ғажайып жарық нұрлы сәуле көреді. Қасына келсе, сәуле ішінен Күн сұлу қыз шығады. Өгіз соған үйленеді. Сол аспан анадан үш ұл туады. Олардың аттары – Күн, Ай, Жұлдыз. Мұны ертеде Низами өзінің «Жеті ару» немесе «Жеті қат көк» атты астрономиялық поэмасында : «Көтерген Ай сұлуды алып Өгіз, Көктемде аспан туы, ол – Наурыз» деп жырға қосқан екен. Демек, «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» қашанда екі жастың бір-бірін тауып, қосылуын діттеген қазақта ерте, ерте, ертеде түйенің құйрығы жер сызған, ешкінің мүйізі көк тіреген замандарда бастау алғаны ақиқат».
Олай болса, бүгінде ұмыт болып бара жатқан осы бір ұлттық дәстүріміз, яғни, «Ұйқыашар» мен «Сел¬теткізер» – атам қазақтан қалған Ұлыстың ұлы күніндегі сыңардың жұпқа ұласуы, аздың көпке айналуы деп бағаланған.
Дайындаған
Барлыбек Батыр.