ЕСІМ ЕРЕКШЕЛІГІ

Наурызға тән нышан дейміз бе, әлде ырым дейміз бе, әйтеуір атаудың шығу тарихы бар. Мысалы, Наурызым – Қостанай облысындағы аудан орталығы. Сол Наурызым сөзінің этимологиясы белгісіз. Кейбір зерттеушілер  қалмақтың – «намырзын» сөзінен пайда болған дейді. Ол қазақ тілінде күзек деген мағынаны білдіреді. Екінші мағынасы – қарағай.  Соған қарағанда бұл сөздің негізгі түп тамыры түркілік сөз¬дер¬ден бастау алады. Тойға қатысы болмай шықты. 
Ал, мерекеге байланысты балаға есім қою қазақ дәстүрінде бар жағдай. Ол жайлы сұрастырып та көрдік. Наурызға қатысты есімдер ел ішінде аз емес екен. Солардың ішінде Наурыз, Наурызбай, Наурызғали, Наурызбек деген есімдер елге сіңісті. Енді есімдер ерекшелігін ескеріп көрсек.
Әскербек Рахымбекұлы, «Сыр бойы» газеті ардагерлері кеңесінің төрағасы:
– Мен 1942 жылдың 22 наурызы күні жетіайлық болып шала туылыппын.  Соғыс жүріп жатқан ауыр кез ғой. Енді шала балаға онша қуана қоймаған, өйткені  маған дейін бір ұл, бір қыз, менен кейін тағы да бір ұл, бір қыз тоғыз ай, тоғыз күні толып туылса да, шетінеп кеткен. Құдайдың назары түсті ме, әйтеуір маған жарық дүние сыйлапты.
Әкем броньмен қалып, ауылдық кеңесте қызмет істейтін, құжат деген қолында ғой, бірақ Наурыз емес, Әскербек қойыпты. Баласын көріп, майданға кетті, тоғыз ай дегенде жаралы елге оралды.
Әжемнің айтуынша, көтеруге келмегенмін, тымаққа салып, іліп қояды екен. Адам болмайды деп те ойлаған шығар, сонан соң тамақ сұрап жылаған жан емеспін. Шешем мамыр айында егін жұмысына шығып кетті де  мен нағашы әжемнің қолында өстім. Екі жасқа дейін отыра алмай, кейіннен қатарға қосылып кетіппін. Есімім мерекеге байланысты болмаса да, шүкір, 75 рет Наурыз тойына куә болып¬пын.
Наурызбай Байқадамов, облыстық мәслихат хатшысы:
– Менің атым мерекеге сәйкес дей алмаймын. О баста  әке-шешемнің айтуынша, белгілі бір кісіге бағыттап қойылған.  Жақсы адамға балап, ырымдаған секілді.
Наурыз Елтаев, кәсіпкер, Шиелі ауданы:
– Мен 1991 жылы 13 наурыз күні дүниеге келдім. Ол кезде Наурыз есімін қою сирек болса керек, алғашқыда ағайын-туыс таңырқапты. Әкем Самарқанның көк тасы еріген күн деп ырымдап, Наурыз қойыпты. Енді ойлауымша, есімге де көп нәрсе байланысты. Наурыз –менің тек есімімді ғана білдірмейді, ол жаңаруға жетелейді, жақсылыққа бастайды. Шүкір, алға басқан жолымда бөгеліп қалған кезім болған емес. Соған қарап, есімімді таңдау әкемнің тапқырлығы деп ойлаймын.

Қаныбек ӘБДУОВ.





НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2017 г. 678 0