Қазіргі уақытта әйелдердің баскиіміне қатысты дау-дамай көп. Бір анығы, қа¬зақ әйелдері жалаңбас, шашын жайып жүр¬меген. Бірақ тұмшаланып, оранбаған. Бүгінде дін мен дәстүрдің алтын ортасын таба алмай, әрқайсымыз әр жаққа тартып жүргеніміз қынжылтады. Қазақ әйелдері киген бас киімдер жас шамасына қарай, әлеуметтік жағдайына қарай ерекшеленіп отырған. Қолөнер шебері Жұмакүл Сейтенқызы әйел баласының қыз дәуренінен бастап, кейуана болғанға дейінгі басынан түспейтін киімдердің атын атап, түсін түстеп берген еді.
– Тұлымшағы желбіреген қыз ең алдымен тақия киеді, – деді шебер. – Тақия – қазіргі кезге дейін қолданыстан шықпаған баскиім. Қыздардың тақиялары қыздық дәуреннің белгісі іспетті асқан ұқыптылықпен, зерлі тігістен басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңгелер, маржан тастармен әшекейленетін болған. Төбелеріне жіп шашақтар, ұсақ моншақтар немесе тұмар ретінде үкі тағылған. Осылай әсемдеп тігіліп, қыздарға арналған тақия өте сәнді көрінген.
Қыздардың баскиіміне сәндік үшін құс қауырсыны қадалып отырған, соған байланысты «қарқара» деген атау қалыптасқан. Қарқара – жас әйелдердің, қыздардың төбесі биік, шошақтау келген, салтанатта киетін баскиімі. Биік төбелі қарқараның милығына айнала құндыз тұтып, маңдай тұсын жоғарыдан төмен қарай үшкілдеп жыра тігеді де, төбесіне құс қауырсынын орнатады. Биік, әрі шошақ, әсем безендірілген және сұлу құстардың қанат қауырсынын қадаған баскиімді жас келіншектер, қыздар сән-салтанаты мен жарасымын арттыру үшін киген.
Кейбір деректерге қарағанда, қарқараны тек қыздар ғана емес, сұлтан, төрелер, хан балалары да өздерін басқалардан ерекшелендіру үшін киген. Бұған Есік обасынан табылған «Алтын Адам» тәжі мысал бола алады.
Бөрік – аң терісінен тігіліп, жиегіне жұрын жүргізіліп, жұқа жүн не жібек материалмен тысталған құлақсыз келген, ерлер де, қыздар да киетін баскиім.
– Қазіргі заманауи бөріктердің түп-төр¬кінінде біздің ата-әжелеріміз тұтынған бас¬киімдердің үлгісі байқалады. Қыздарға арнал¬ған бөрік сырты мақпал пүліш, барқыт сияқты қалыңдау, қымбат бағалы матамен тысталып тігіледі. Жиегін қымбат бағалы аң және мал терілерімен көмкереді, – деді шебер.
Қазақ ғұрпында қыз өз теңін тапқасын салтанатты түрде ұзатылады. Қыздық дәуреннің белгісі болған тақия шешіліп, орнына сәукеле киеді. Сәукеле – қызды ұзатқанда киетін аса қымбат, бағалы, кәделі әрі әсем баскиім.
– Жалпы біздің ата-бабаларымыз киім кию мәдениетіне аса мән берген. Әрбір оюдың, тігістің, белгінің айтары, ерекшелігі болған. Одан кейін жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүретін болған. Желек – жас келіншектер басына жамылып жүретін шәлі орамал. Кейде желектің күнделікті тұрмыста қолдануға ыңғайлы үлгілерін келіншектер бала тапқанға дейін пайдаланды, – деп әңгімесін жалғады.
Келіншек балалы болған соң жаулық тартады. Жаулықты ақ түсті матадан немесе ақ жібектен тігеді. Оны орта жастағы әйелдер ғана емес, кәрі әжелер де таққан. Оларды ардақтағанда «ақ жаулықты» деп дәріптеуі сондықтан.
Жаулықпен қоса тұрмыс құрған әйелдер бастарына орамал тартқан. Қазақ әйелдеріне бастарына орамал салудың маңызы, себебі болған. Қыздар басына ақ, қара орамал салмаған. Емшекте баласы бар әйел жалаңбас отырып бала емізбейді, орамал салып отыруы керек. Жалаңбас болса, бала есейгенде мәңгүрт болады, анадан безеді, басына шығып, аяқасты етеді деп біледі.
– Тағы бір айтатыным, ер адам әйелдің киімін кимейді, жаулығын салмайды. Себебі, рухы жасиды. Ал қазір қаптаған театрлардың әртістері жұртты күлдіру үшін әйелдің киімін киіп шығуды, кейуананы, әйелді мазақтауды әдетке айналдырды.
Кимешек туралы айтар болсам, оны матадан тігіп, жиегін астарлайды. Кимешектің иекті айнала, маңдайды жауып тұратын екі жағын шықшыт дейді. Кимешек жас ерекшелігіне қарай көркемделеді. Жасы егделенген әйелдердің ою-кестесі жеңіл, сары, ақ жіппен сырылады. Жас әйелдердікі қызыл, жасылмен әшекейленеді. Кимешектің шылауыш деп аталатын түрін жас келіншектер, орта жастағы әйелдер, әжелер де киеді.
Ұлттық киімдерді тек Наурыз мерекесінде ғана іздейтін әдетіміз бар. Олардың ерек¬шелігін білмей, қалай болса солай тұтыну белең алды. Киімдердегі әрбір тігістің сырына қанық шеберлер осындай ғибратты әңгімелерді көбірек айтса, уақыт өте келе қолдағы барымызды қадірлеуді үйренетін шығармыз.
М.МЕРЕЙ.