Дастарханның сәні болған ұлттық тағамдар туралы әңгіме болғанда, есі-міз¬ге құрт пен ірімшіктен, жент пен майсөктен, қазы-қарта, жал-жая, қымыз-қымыраннан басқа ештеңе түс¬пей қоятыны бар. Қазір мүлде жасалмайтын, ұмытылып кеткен ұлттық тағамдар туралы білетіндер де азайып барады. Ас мәзірінің түр-түрін дайындайтын кәнігі аспаздардың өзі кейбір ұлттық тағамдардың жасалу ретінен хабарсыз.
Мұндайда ауылдағы көнекөз әже¬лер¬ге сұрау салатынымыз бар. Олар да өздерінен бұрын өткендерден көрген-білгенін бізбен бөлісуге дайын. Сонымен ұмытылған ұлттық тағамдар туралы Гүлжахан Асанқызының айтары көп.
– Бір білетінім, жаужүрек тағамы. Ол ат үстінде жүрген ерлердің асы. «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» дегендей, бұл тағамды дала табиғатына бейімделген қойшылар, аңшылар марқа қозыны немесе киікті сойып жіберіп дайындаған. Жаңа сойылған қойдың бауырын төрт бұрыштап турап, үстіне майдалап туралған сарымсақ қосып, тұз, бұрыш сеуіп, 5 минуттай қояды. Қойдың шарбы майын төрт бұрыштап кесіп онымен бауырды орап, ағаш істікпен шаншып бекітеді. Дайын болған соң табаға салып қуырады.
Жөргем де – ескі тағамның бірі. Қазақта «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» деген сөз бар. Біздің шешелеріміз, әжелеріміз бұл тағамды мал өнімін ысырап етпеу үшін жасаған.
Ішек-қарынды жуып, тазалап алған соң, қарынды жалпақтығын 2-3 сантиметр¬дей етіп, таспалап тіледі де қасына тоқ ішекті қатарластырып екеуін сыртынан ащы ішекпен өреді. Кей кезде тоқ ішек пен қарынның қасына, төстің етек жағындағы жұқа етті таспалап тіліп қосады. Ащы ішекті тарқап кетпейтіндей бекітіп, қазанға салып пісіреді.
– Қазіргі жастар малдың ішек-қарынын пайдалануға риза емес. Тазалауға -еріне ме, білмеймін. Майдан да бойларын аулақ ұстайды. Бірақ ішек-қарыннан, өкпе-ба¬уыр¬¬дан жасалған тағамдардың тез қоры¬тылатынына, ағзаға пайдасына мән бермейді, – дейді.
Ата-бабаларымыз ішер асын қадірлеп, соның айғағы боларлықтай «астан үлкен емессің», «ерді қорласаң, састырар, асты қорласаң, құстырар» деген сөздер қалдыр¬ған. Қазір жасалу жолы ұмыт болған осындай тағамдарды қайтадан жаңғыртуға талап бар. Бұл тағамдар күнделікті мәзірге енбесе де, қазақтың мырзалығын, мәрттігін, асқа талғампаздығын танытады.