КҮЗ ШАШУЫ – МОЛШЫЛЫҚ ШАПАҒАТЫ

КҮЗ ШАШУЫ – МОЛШЫЛЫҚ ШАПАҒАТЫБиылғы жылы Сырдария ауданына қарасты шаруашылықтар мен жеке тұлғалар 17920 гектар жерге Сыр маржанын отырғызған болатын. Күзгі егін жинау науқанына белдерін буа, білектерін түре кіріскен сырдариялықтар Сыр салысын жинауды ұтымды ұйымдастырып, мезгілінде аяқтамақ. Өйткені, аудан бойынша егілген 17920 гектар күріш толықтай дестеге салынып, осыншама жердің 16644 гектарын, яғни егістік алқаптың 92,8 пайызын бастырып та болған. Бүгінде аудан аумағында 820456 центнер ақ күріш жиналып, әзірге әр гектардан алынған өнім 49,0 центнерден айналуда.
– Енді бір-жар күнде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Б.Лекеров, – Сыр маржанын жинауды толықтай аяқтамақпыз. Ауданымызда бірінші болып «Шаған жер» ЖШС күріш егісін аяқтап, астық тауларын тұрғызды.
Айтса айтқандай, «Шаған жер» ЖШС биылғы жылы 2700 гектар жерге күріш егіп, бүгінде осыншама жердің астығын дестеге салып та, бастырып та болыпты. Әрбір гектардан 50 центнерден өнім жинаған шаруашылық 135 мың центнер астықты қамбаға құйып та алыпты. Осы шаруашылықтың жаткисі Серік Әуезов 544 гектар жердің күрішін дестеге салса, комбайнер Серік Шалабаев 13800 центнер астық бастырған. Астық тасымалдаушылардың көш басында 19700 центнер астық тасыған тракторшы Ермек Балықбаев келеді.
Жекелеген шаруашылық құрылымдары бойынша Алдаберген Құлбаев басқаратын «Қызылдихан» шаруашылығы көш басына шыққан. Шаруашылық егілген 800 гектар күрішті толықтай дестеге салып, 734 гектар жерін бастырып та болған. Әзірге 44040 центнер өнім жинаған шаруашылық диқандары әр гектар жерден 60 центнерден Сыр салысын қамбаға құйыпты.
Осы шаруашылықтың жаткисі Хасен Нұрманов 587 гектар күрішті дестеге салса, комбайнер Әбілда Жаманқыз 43213 центнер астық бастырған. Ал, күрішшілер көш басына 34 гектар жердің әр гектарынан 84,1 центнерден Сыр маржанын жинап, қамбаға 2861 центнер алтын астық құйған Жанкелді Смайлов шыққан.
Сөз орайы келгенде егін жинау науқанын жоспарлы жүргізіп жатқан «Мағжан и К» ЖШС егінші-механизаторларының да ересен еңбектерін айта кету ләзім. Күрішші Болат Темірбеков өзі еккен 35 гектар жердің әр гектарынан 79,0 центнерден өнім алып, ел-халық несібесін молайтуға қомақты үлесін қосқан.
Сырдариялық егінші-механизаторлар санаулы күндері күзгі егін жинау науқанына нүкте қойып, «Алтын күз – 2013» торқалы тойына толымды тартумен келмек.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / ДӘУЛЕТ 08 қазан 2013 г. 1 766 0