Адамдар бір-біріне қонақ екен...

...Осыдан он жыл бұрын, 2007 жылдың әз Наурыз мейрамын қарсы алып барып, бұл дүниемен қоштасып кете барды ол. Үлкен ағам, ата-анамыздың төлбасы, өлі-тірісі бар он екі «құрсақтың» үлкені - Әлішев Ботабай Жұбатырұлы. Дәрігер еді, өте тәжірибелі, білімді терапевт болды. Ең бастысы, елге сыйлы, абырой биігіндегі азамат еді. Ажалға амал жоқ...
Домбырасын шертіп қойып, терең ойға батып жатушы еді. Көп ойланғаннан ба, темекісін жиірек будақтатып, хрусталь күлсалғышты толтырып қоятын. Талғамы биік еді, сонан да болар, арзанқол дүниелерге, әсіресе, кітап, өнер туындыларының оңай, арзанына әуес еместігі... Киім-кешек, дүние-мүлік, жиһаз таңдауда да көркем талғамның «әттеген-айы» жоқ еді. «Мынауың жарайды, мынауың нашар» деген бірауыз бағасы діттеген ойдан шығып жататын. Көп сөзге әуес емес, бірақ бір айтса, жеріне жеткізіп айтар ед. Шетел, орыс, қазақ әдебиетін, әдебиет классиктерін терең түсініп оқып, түбегейлі талдау жасайтын. Ш.Айтматовтың «Жанпидасы» («Плаха») «Новый мир» журналында енді жарық көріп жатқан кезде кітапханадан әкеліп беріп тұрдым. 
Ал ағамның ажар-келбетін айтсам, мақтаншақтыққа балайтындар табылар. Дегенмен, ағама берілген теңеуді есіме алмай кете алмаймын.
Адуындау, аузы батыл, орақ тілімен орып түсер Әбілхан Маханов деген ағай өтті дүниеден. Кәдімгі, ел рухын көтерген  «Аралым, айдын шалқарым» термесінің авторы. Бірде, менің жөн-жосығымды естіп:
- Оу, сен Боташтың қарындасысың ба!?. Ай-й, несін айтасың, ол деген Сәкен ғой, Сәкен (Сейфуллинге теңегені)! Мен оны Сәкен деп атаймын, мен үшін ол нағыз Сәкен! - деп айызы қана тамсанды. Бұл сөзінің жаны бар ағам аса келбетті адам еді. Бет-әлпеті, шаш қайырысы, мұрты да Сәкен Сейфуллинге қатты ұқсайтын еді. Қай фильм екенін білмедім, Алматыда студент кезінде киноға түсуге шақырту алған екен. «Пробная съемкаға» түсіп, «Қазақфильмнің» студиясында сақтаулы тұрған таспаны біреулер тас-талқан етіп кеткен жағдай да болған. Пенделік қызғаныш қой, баяғы... Еліміздің белгілі өнер тұлғасы Райымбек Сейтметовпен жақсы дос болды. Мен Алматыға алғаш жолым түскенде, «қиналып жатсаң, соған бар» деп сілтеп еді. Бірақ маған ол кісіге жолығудың сәті түспеді.
Өткен өмірге көз жіберіп, ағаммен бірге болған шақтарды ойға алсам, көп нәрсе есіме түседі... 1971 жылдың жазында біздің үй аудан орталығы Аралға көшті. Теңіз жағасына жақын орналасқан аудандық үлкен аурухана жанындағы дәрігерлер отбасына берілетін үйге келіп жайғастық. Ағам болса ауданға енді келіп, жұмыс істеп жатқан дәрігер – жас маман. Әкем мен анам үйде. Бөген қыстағынан келген біз қала тірлігіне үйрене бастадық. 
Сол жылы қыркүйектің 17 күні ағам отау құрып, үйде үлкен той болды. Үйден қонақ арылмайды. Жаңадан қоныс аударғанымыз бар, келін түскені бар, әйтеуір келімді-кетімді адамдар баршылық. Сөйтіп, алаңсыз тірлік кешіп жатқанымызда, бір күні ағам келіп:
- Ал, мен карантинге жататын болдым, ауруханадан маған шығуға рұқсат жоқ, үйге енді біраз уақыт келе алмаймын, осы қазір жатуым керек, - деген бір суыт та суық хабар айта келді.
Үйдегілер «не болып қалды, неге, ол несі?» - деп аң-таң болдық та қалдық. Үйленгеніне бір ай да болған жоқ. Дені сап-сау, бұл не жағдай болғанын түсінбей жатырмыз. Ағам мән-жайды қысқаша айтып берді. Бір қауіпті жұқпалы ауру шығып, сонымен ауырған адамның жанында болған. Сырқатпен байланысы болғандардың бәрі бақылауға алынып жатыр екен. 
Сөйтсек, оның мән-жайы былай екен. Ағам аудандық ауруханада түнгі кезекшілікте болып, әдеттегіше палаталардағы науқастарды аралап шығады. Сонда емделіп жатқан бір науқастың жайы қатты ойландырады. Әлгі адамның «ауру тарихына» алып, зерделей қарап, мұқият танысып шығады. Ауру бұған дейін басқа емдеу орнында да жатқан. Емнің бірнеше түрін қабылдаған. Бірақ оңалмаған, диагнозы күмәнді, белгісіз. Сырқат белгілерін әбден зерттеп, өз болжамын нақтылау үшін дәрігерлік анықтамалықтағы берілген сипаттамалармен салыстырып, күмәнін айқындағандай болады. Түн ортасы болса да, ұйқыда жатқан аудандық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісіне дереу телефон шалып, өз ойын баяндайды. Аты жаман, қауіпті, эпидемиялық ауруды естігенде басшы сеніңкіремейді.
- Қайдағыны айтасың. Бұл мүмкін емес. СССР-де аты өшкен ауру бұл. Сен кеше келген жас мамансың, қателесіп, абыройсыздыққа қалып жүрме, - деп, ол өзінің саяси мәнді , аса орнықты уәжін айтады. Расында да, КСРО атты атақты елде «мұндай бар, осындай факт болды» деу, ол кезде «адамның басы кететін» жағдай еді.
-Тезірек ауруханаға келіп, науқасты көріңіз, мен осындай тұжырымға келіп отырмын,- деп, табанды түрде қайталайды ағам.
Сонымен, аурухана төсегінде жатқан жас шамасы жиырма бестегі бойжеткенді анықтап қарап, мұның шынымен де қаупі зор сырқат екенін сезген басшы жедел түрде жан-жаққа, тиісті жерлерге хабар бере бастайды. Облыс бар, Алматы бар, ең арысы Мәскеуге телеграмма соғылып, мамандар шақырылады. Суыт хабармен тездетіп жеткен мәскеулік дәрігер, ақыры, сол қатерлі диагнозды растайды. Сол-ақ екен, бүкіл аудан, облыс, тіпті республика аяғынан тік тұрды. Аурудың аты орысша айтқанда - оспа, қазақшасы – қара шешек (қорасан). Жұқпалы, аса қауіпті дерт, емі қиын, көп жағдайда өлімге әкеліп соғады. Және жедел түрде індетке айналып кету қаупі жоғары. Қалаға карантин жарияланды. Қаланың сыртына айнала шатырлар құрылып, әскерлер басты да қалды, барлық жолдар жабылды. Қаладан сыртқа ешкім шығарылмайды, ешкім кіргізілмейді. Поездар тоқтамайды. Қала қоршауға алынып, күзеттер қойылды.
Не керек, сол науқас бойжеткен көз жұмды. Онымен бірге болып ауру жұқтырғандар ұзақ емделуге жатты. Құдай оңдап дер кезінде диагнозын тауып, қауіптің тарап кетпеуіне жағдай жасалды.
Кейін белгілі болды, ол әлгі аты жаман сынақ аралынан келген жаманат екен.
Сол карантиннің қанша уақытқа созылғаны есімде жоқ, бірақ халыққа қаншалықты қиындық туғызғанын ұмыту мүмкін емес. Сол кездерде қаладағы ауруханада жатқан ауыр науқас бір жақын туыстың жағдайы нашарлай бастаған соң, үйіне жеткізу керек болып, оны осындай әбігер шақта, қала сыртындағы ауылына алып жүру қажет болды. Сыртқа көлік шығарылмайды. Әлгі әлсіреп жатқан туысты әскер шекаралап қоршап тұрған жерге дейін көлікпен лаждап жеткізіп, әрі қарай носилкаға салып, жаяу алып кетеді. Қандай қиындықпен жеткенін сол кезде барғандар айтып отырушы еді. Үйіне жетпей жолда жан тапсырады сол туыс. Соны жерлеп, біраз күн аялдағаннан кейін үйге қайтпақшы болып әкем мен әкемнің інісінің қызы екеуі кештетіп жолға шығады. Жаяулап келіп, түн қараңғылығында қаланың әскерлер қоршаған шебінен өтетін жерге жақындайды. (Бүгінгі күні күлеміз-ау!..) Әкем соғысқа қатысқан адам, жер бауырлап жылжуға машықтанған. Әскерлердің түнгі аспанға атқан ракеталары айналаны жап-жарық қылып жіберген кезде, әкем жата қалатын көрінеді. Ракетаның оты сөнген кезде бүкшеңдеп бұта-бұтаның арасымен жүгіріп-жүгіріп алып, арасында жер бауырлап, соғыста үйренген біраз өнерлерін қолданады. Ізіне ерген қыз оның бәріне ілесе алмай, сорайып жүре береді. Әкем:
- Жат, жат, көзіне түссең атып тастайды, олардың сондай правасы бар, - деп айқайлайтын көрінеді. Ракетаны атқан кезде көзге түсіп қалмас үшін жата қалып, арасында тізерлей отырып жүріп, қойшы әйтеуір, не керек, өлгенде-әрең қоршау шебінен аман-есен өтеді. Түннің бір уағында үсті-бастары шаң-топырақ, түрлері кеткен, әбден діңкелеген екеуі үйге жетіп жығылды. Міне, сол шақтағы біз көрген қиыншылықтың бірі. Ал қаншама отбасында нендей жағдай болғанын кім білсін.
Ал ағам болса екі жеті карантинде жатып шықты. Ас-суын артынан апарып тұрдық. Әлгі қайтыс болған қыздың денесін эпидемиологтар туыстарына бермей, қатаң ереже, тәртіппен өздері жерлеген. Өте қиын жағдай болды...
Кейін ағам Алматы қаласына біліктілік жоғарылату курсына барған кезде, дәріс оқуға келген бір профессор осы оқиғаны курс тыңдаушыларына баяндап беріп, сол шақтағы кәсіби деңгейі биіктен көрінген жас дәрігердің өздерінің түлектері екенін мақтанышпен жеткізеді. Тыңдап отырған ағам:
- Сол дәрігеріңіз алдыңызда отыр, - депті жәй ғана өзіне тән жымиыспен. Дәріс беруші профессор ағамды ерекше ілтипатпен ортаға шығарып, қолын алып, ризашылығын білдірген екен.
Мәскеуден шақырылған дәрігер ағамды үлкен бір мемлекеттік марапатқа (дәлірегі, КСРО Мемлекеттік сыйлығына) ұсынамыз деп, уәде беріп кеткен еді. Аяғы құрдым, жоқ болды. Оның себебін біле алмадық. Мүмкін сол кездегі саясат бойынша сондай аурудың КСРО көлемінде табылғанын мойындап, жариялауға болмайтын болған шығар? Әрі оны тапқан адамды әспеттеп, жария ету де лайықты іс емес деп шешкен шығар жоғарыдағылар. Ол кездегі саясатты қарапайым адам түсінбейтін еді ғой... Егер мемлекеттік мараптатты иеленіп жатса, не үшін берілгені тарихқа таңба болып қалып қоймас па еді!.. Содан да болар, мүмкін әлде, басқа бір себептер бар… Ол үлкен оқиға солай, аяқсыз кете барды.
Кезінде Алматының дәрігерлік институтын бітірген соң ағамды сонда қызметке қалуға шақырған екен. Ұстаздары «осында қал, болашағың бар, аспирантураға түсесің, кандидаттық қорғайсың, біліктілігің мен қабілетіңді ашу керек, өсуің керек» дегенде, ауылдағы ата-анасын ойлаған ағам елге қайтып келіпті. «Кемпір-шалды бағу керек» деген қазақи тәрбие ат басын ауылға тіреткені ақиқат. Тағдыр ғой, әйтпесе, өрісті ортада қалғанында өмір жолы басқаша өрілер ме еді, бәлкім... Ортасын таппай кетті ме деп ойланам.
Әйтсе де, мыңдаған адам ол кісінің алдынан тән шипасын, ең бастысы, жан шипасын тауып шықты.
Шүкір, арты жаман емес. Ізінде қалған тұяғы Мұхтар да төрт ұл-қыздың әкесі атанып, өмір көшін жалғастырып келеді. Үш тілді жетік меңгерген кәсіпкер, әлемнің біраз елдерін шарлап үлгірді. Ағам жетпеген жетістіктерді енді ұлына нәсіп етсін! Қыздар да өз орындарын тапты.
Кейде түсіме енеді. Өмір болғасын жақсылы-жаманды шақтарды бастан кешуге тура келеді. Сондайда бір көрініп, әлденені білдіргендей болады. Жақында тағы көрдім түсімде. Қуанып, күліп жүргендей. «Імм, дедім іштей, бәріміз жиналып, бас қосып, әдейілеп рухына құран бағыштайтынымызға риза болып жүр екен!» деп жорыдым. Дүниеден өткеніне міне енді, тура он жыл. Өз уақытының міндеті мен жүгін арқалап, ел-халқы үшін өз қызметін абыроймен атқарып, артық атақ-иарапатқа ұмтылмай, дегдар ғұмыр кешкен үлкен азамат боп өтті ол. Халқының жүрегінде алғысты сезімдер мен жарқын бейнесі қалды.

                                                                             Үрзия ЖҰБАТЫРҚЫЗЫ,
                                                                                           қарындасы,
                                                       Қорқыт Ата атындағы алтын медаль иегері,

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 наурыз 2017 г. 1 902 0