Кеше VІ шақырылған облыстық мәслихатының кезекті ХІІ сессиясы өтті.
Сессияға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев және облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық мәслихат депутаттары мен қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары қатысты.
Күн тәртібінде облыста агроөнеркәсіп кешенін дамыту және оны жақсарту шаралары, облыстық мәслихат хатшысының есебі, қоршаған ортаға эмиссия үшін төлемақы мөлшерлемелерін бекіту, мәдениет ұйымына атау беру туралы, «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау саласындағы облыстық Үйлестіру кеңесінің дербес құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 10 шілдедегі №114 шешіміне өзгерістер енгізу, «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның құрамын бекіту туралы» облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 21 тамыздағы №133 шешіміне өзгерістер енгізу туралы, мәслихаттың Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның есебі туралы, «Қызылорда облыстық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қыз-метшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту, облыстық мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасын сайлау секілді тоғыз мәселе қаралды.
Аталған мәселелер алдымен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының бірлескен отырысында жан-жақты талқыланған болатын. Аталған мәселелер бойынша облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Жақанов облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық табиғи ресустар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Б.Шәменов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы А.Қайруллаев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы А.Алдажаров, облыстық білім басқармасының басшысы Б.Сайлыбаев, облыстық мәслихаттың Өндіріс және шаруашылық салалары, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Т.Кенжебаев мәлімдеме жасады.
Алғашқы мәселеде облыс әкімінің орынбасары С.Қожаниязов атап өткендей, бүгінгі таңда аграрлық сектор облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып отыр. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін қолдаудың арқасында соңғы жылдары облыс агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жақсы қарқында келеді.
Мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 79 млрд теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға артқан. Ал, тамақ өнімдерін өндіру көлемі 33,9 млрд теңгені құрап, 2015 жылмен салыстырғанда 7,3 пайызға өскен.
С.Қожаниязов ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемінің де артқанын атап айтты. Мәселен, 2015 жылы салаға салынған инвестиция көлемі 11 есеге көбейсе, 2016 жылдың қорытындысымен инвестициялар көлемі тағы да 2,2 есеге артқан. Сол сияқты тамақ өнімдерін өндірудің негізгі капиталға салынған инвестиция да өткен жылы 4,6 есеге көбейген.
– Облыс диқандары соңғы төрт жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім алуда. Өздеріңіз жақсы білетіндей, өткен жылы өнім әр гектардан 56 центнерден айналды. Бұл – бұрын-соңды облыста күріш өндірісінде болмаған рекордтық көрсеткіш. Сондай-ақ, айта кету керек, егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында облыста майлы, азықтық, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егіс көлемін өндірістік негізде ұлғайту жұмыстары жүргізілуде,–деді С.Қожаниязов.
Облыста жалпы мал санын, сондай-ақ, асыл тұқымды мал басын көбейту арқылы мал өнімдерінің сапасын арттыруға басым бағыт берілуде. Бұл орайда, мал шаруашылығы бағытында «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары іске асырылды. Осыған орай, жыл сайын ет, сүт өндіру көлемін арттыру қамтамасыз етілуде. Әсіресе, соңғы үш жылда ұйымдастырылған шаруашылықтарда сүт пен ет өндіру көлемі 2 еседен аса көбейген.
– Биыл Елбасының кезекті Жолдауында агроөнеркәсіп кешені экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтып, нақты тапсырмалар жүктеді. Осы тапсырманы жүзеге асыруға бізде барлық мүмкіндік бар деп айта аламыз. Дегенмен, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021» мемлекеттік бағдарламасында қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірқатар мәселелерді шешу қажеттігі байқалады. Оның бірі – ауыл шаруашылығы өндірісінің ұсақ тауарлы сипатта болуында. Статистикалық деректерге сәйкес, өндірілетін мал өнімдерінің басым бөлігі ауылдық жерлердегі жеке секторлар үлесінде. Сондай-ақ, облыста өндірілетін жеміс-жидектің 90 пайыздан астамы, бақшаның 80 пайыздан астамы жеке сектордың үлесінде. Сондықтан агроөнеркәсіп салаларын одан әрі дамыту мақсатында майда шаруашылық құрылымдар мен жеке секторлардың әлеуетін тиімді пайдалануды ұйымдастырып, оларды кооперативтерге біріктіру арқылы облыста сервистік дайындау орталықтарын құру мәселесі бүгінгі таңда аса маңызды,– деп атап өтті Серік Салауатұлы.
Сонымен қатар, баяндамашы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуда өзге де бірқатар мәселелерді атап өтіп, оларды шешу бағытында ұсыныстарын ортаға салды.
Аталған мәселеге қатысты сессия төрағасы И.Шағыртаевтың қосымша хабарламасы тыңдалды және облыстық мәслихат депутаттары М.Өтеев, Ж.Нұрымбетов сөз алып, ойларымен бөлісті.
Сессияда облыс әкімі Қырымбек Көшербаев күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты облыс әкімдігінің тұжырымына тоқталды.
– Жаңа жылдың басында экономикаға тартылған инвестиция көлемінің оң динамикасы байқалғанын айтып өтейін. Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерін және өңір ерекшеліктерін ескере отырып, ағымдағы жылдың ақпан айында облыс әкімінің 2017 жылға арналған іс-қимыл жоспарын бекіттік. Жоспарда кәсіпкерлікті бастап, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарды заңдастыруға және өнімді жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге, коммуналдық қызмет тарифтерінің негізсіз көтерілуіне қажетті тосқауыл жасауға, соның ішінде халықаралық қаржы ұйымдарынан инвестиция тарту арқылы инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілді. Аталған іс-қимыл жоспарында ауыл шаруашылығын дамыту, ауылшаруашылық өнімдерін әртараптандыруға ерекше басымдық беріледі. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда құс шаруашылығын, өсімдік майы, картоп, бау-бақша шаруашылығын айқындап, олардың дамуын қолға алуымыз керек. Елбасы Жолдауында нақтыланғандай, аграрлық сектор біздің экономикамыздың негізгі драйвері болуы керек. Сондықтан бұл бағытта бірқатар ауқымды жұмыстарды іске асыратын боламыз,– деді облыс әкімі.
Сессияда көтерілген өзге де мәселелерге байланысты шешімдер қабылданды.