Қасиетті Сыр топырағынан көпшілікке танымал, арда азаматтар түлеп ұшқаны белгілі. Ата-ана үмітін, ұстаздар сенімін ақтаған олар елдің өркендеуі үшін аянбай еңбек етіп, кейінгі толқынға үлгі- өнеге көрсетіп те жүр. Ауданымыздың сондай абыройлы перзенттерінің бірі бүгінде аяулы жар, ардақты ана, қазақ телевизиясында өз орнын еншілеген жерлесіміз, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан телерадиокорпорациясы таңғы бағдарламалар департаментінің директоры, танымал тележүргізуші Гүлмира Дайрабай десек ешкім шүбә келтірмес. Ұлттық арнаның төрінен дүйім елге сәлем жолдап, қызықты бағдарламалармен ел жұртшылығына жақсы қырынан танылған жанмен жақында сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Гүлмира Тынышбекқызы, қарапайым ауылдан шығып, білімділігіңіздің арқасында үлкен беделге ие болдыңыз. Мұның бәрі маңдай теріңіздің арқасында келген игілік екені анық. Жалпы журналистік жолыңызды қалай бастадыңыз? Сұқбатымызды осыдан бастасақ.
– Өмірден өз орнымды табуыма зор септігін тигізген Тереңөзек мен үшін ең ыстық мекен. Аудан орталығындағы қазіргі №36 мектеп-лицейінің түлегімін. Бала күнім өткен туған жердегі ғимараттар, нысандар бәрі есімде сақтаулы. Жақында бір мекемеде жас маманмен кездесіп қалдым. Сонда ол маған «Мен Сіз оқыған білім ордасының түлегімін. Біз Сізбен мақтанамыз» деп жымиды. Ал мен оған «Сендер менімен мақтансаңдар, мен Тереңөзегіммен мақтанамын» деп күлдім. Меніңше жер бетіндегі ең жақсы адамдардың барлығы осы мекенді қоныстанған секілді. Сондықтан қай қиырда жүрсем де туған жердің қасиеті туралы айтып жүремін. Менің жеке тұлға ретінде қалыптасуыма үлес қосқан өңірге мәңгі қарыздармын. Ал журналистік сала туралы айтар болсам, негізі мен журналистиканы емес, журналистика мені іздеп тапты дер едім. Бұл бір ұзақ әңгіме... Ол кезде студент болатынмын. Кезекті оқу сессиясы аяқталып, емтихан тапсырып жүргенбіз. Біздің елге бейнебаян түсіру үшін Ресейден бір топ режиссерлер келген-ді. Мені көріп, «Кешіріңіз, бізге бір қыздың бейнесін түсіру керек еді. Сіздің түріңіз біздің образға келетін сияқты» деп клипке түсуге ұсыныс жасады. Алғашында әрине, келіспедім. Содан сынақтан жоғары баға алып шықтым. Көңіл-күйім керемет. Сөйтсем әлгі кісілер бейнебаянға лайық жан таппай университет фойесінде әлі отыр екен. Әлгі режиссер маған «Ну что, девушка наши условия вам понравились? Наша песня про любовь. Думаю вам точно понравится. Не откажите нам» деп тағы ұсыныс жасады. Мен емтиханымды ойдағыдай аяқтағандықтан ұсыныстарына келістім. Сол күні олармен бірге жұмыс жасаймын деп, уақыттың жылдам өткенін аңғармай қалдым. Жұмысымыз аяқталып, қайтуға әзірленген шақта олар атқарған қызметіме қаржы аударатындарын жеткізді. Мен туралы барлық мәліметтерді жазып алды. Арада екі аптадай уақыт өтті. Қаражат түскенде үйге хабарласып, алып кетуіме болатындығын айтты. Содан не керек, «Қазақстан» телеарнасының кассасына келдім. Кіреберісте бір кісі менің қолымнан ұстап, жөн айтуға мұрша берместен тезірек әлдебір залға кіргізіп жіберді. Сөйтсем, кассаға келгенімнен бейхабар қызметкер мені кастингке келген екен деп ойлап қалыпты. Кейіннен сол күні тележүргізушілікке арналған республикалық байқау ұйымдастырылып жатқанын білдім. Студиядан шығып кетейін десем, қызметкерлер шығармайды. Ал мен кассаны жауып кетпесе екен асығып отырмын. Бірер сәттен кейін сол жердегі үйлестіруші мамандар қолыма құжат беріп, анкета толтыруымды бұйырды. Бірінші курс студентіне тележүргізуші болу қайда?! Оның үстіне тарих факультетінде оқимын. Міне, қызық біз анкетаны толтырғаннан кейін рет-ретімізбен ортаға шақырылып, сұрақтарға жауап бере бастадық. Менде каситингке деген дайындық жоқ екені айдан анық қой. Есімде қалғаны, джинсы, қызыл водалазка мен етік киіп алғанмын. Іштей байқаудан өтпеймін ғой деп отырмын. Уақыт зымырап, кезек маған да келді. Мен 64-ші болып шықтым. Қолыма текст берді. Мен тапсырмалардың көптігіне мазасызданып, «Тез-тез сөйлеп кетейінші» деп қойып қалдым. Қарсы беттен бір кісі «Сіз қазақша сөйлейсіз бе?» деп таңырқай қарады. Мен: «Сіздерге қай тілде сөйлеу керек? Ағылшынша ма? Әлде французша ма?» деп жауап бердім. Олар менің мінезді екенімді байқаған болу керек, бара бер деп тілдесуді аяқтады. Мен студиядан кассаға жүгірдім. Гонорарымды шынымен салып жіберіпті. Сондағы керемет сезімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес... Ал келесі аптада мүлдем күтпеген оқиға болды. Үйге телеарнадан қоңырау шалып, әлгі республикалық байқаудан өткендігімді хабарлады. Мен сенбей, оның мүмкін еместігін айтып, таңданысымды жеткіздім. Телефонның ар жағындағы жан аты-жөнімді қайта-қайта айтып: «Иә, бәрі дұрыс. Сіз байқауға тіркелген 64 талапкердің арасынан сүрінбей өттіңіз. Телеарнаға келіңіз. Ертең сізде корпорация төрағасы Шерхан Мұртазамен таңғы сағат 9.00-де кездесу. Кешікпеңіз»,- деді де, тұтқаны қоя салды. Осылайша, 1991 жылы «Қазақстан» арнасында алғаш еңбек жолымды бастадым. Міне, содан бері еңбек кітапшамда бір ғана мекеме жазулы.
–
Сырдариялықтар елімізге белгілі тұлға Тынышбек Дайрабайұлын жақсы біледі Ұзақ жылдар Сыр өңірінің дамуына үлес қосқан әкеңіз аудандық газетті де басқарды. Айтыңызшы, шығармашылық жолды таңдауыңызға әкеңіздің ықпалы болды ма?
– Өнегелі шаңырақтың қызы екендігімді мақтан тұтамын. Әкем – Тынышбек Дайрабаев профессор, бірнеше кітаптардың авторы. Ол кісіден үйренетін дүнием көп. Қазір өз отбасымыз болса да, әлі де әкемнің ақыл-өсиетін тыңдаймын. Әр айтқан сөздерінен өмірлік азық алып келеміз. Анам – Айдархан Әсилова 40 жылдық еңбек өтілі бар химия-биология пәнінің мұғалімі. Ата-анам отбасында 4 қызды тәрбиелеп, өсірген ұлағатты жандар. Ал, жұбайым екеуіміз бүгінде 3 ұл тәрбиелеп отырмыз.
–
«Туған жердің топырағы ыстық» дейді ғой. Өзіңіз Сыр еліне, оның ішінде Тереңөзекке табан тірегенде қандай сезімде боласыз?
– Иә, Сыр елінің перзенті екеніме мақтанамын. Келген қонаққа соңғы қойын сойып, асып беретін нағыз дархан халық сонда тұрады. Былтыр Қызылордада ұйымдастырылған «Туған жерге тағзым» атты фестивальге қатыстым. Облыс әкіміне, сондағы ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін. «Балам дейтін ел болмаса, елім дейтін бала қайдан болсын» дейді ғой. Облыс әкімі Қырымбек аға «Сіз де қызылордалықсыз. Туған жерге келіп, жерлестеріңізбен жүздесіп, бір ауыз жылы лебізіңізді білдіріңіз», – дегенде төбем көкке жеткендей болды. Осылайша, әсерлі әңгімелер, жақсы жоспарлар, қызықты ойлар айтылған шараның қонағы болдым. Тереңөзегіме мектепті бітіргенімізге 20 жыл толғанда барған болатынмын. Керемет көңіл-күймен қарсы алды. Өзім 3 сағат қана болдым. Сынып жетекшім Зоя Алдановнаны көріп, кейбір дос-жарандарды танымай қалған сәттер де болды. Өткен шаққа көз жүгіртіп, балалық шаққа саяхаттадық. Маған ол кезде ешнәрсе өзгермеген секілді көрінді. Білім алған мектебім кішкентай болып елестеді. Ауылдастарымды көріп, емен-жарқын әңгімелесіп бір марқайып қалдым. Осы сұқбатты пайдаланып, Ғалымжан, Еркін, Айгүл, Зулай, Жанат, Сағира Гүлсара, Зульфия, Жамиляларға ерекше сәлем жолдаймын. Жалпы, өскен орта, балалық шақтың бал мекенін дүниенің асыл кереметіне де айырбастамайтынымыз анық. Тереңөзекті сағынып жүргенімді де жасырмаймын.
– Шетелде біраз уақыт журналистік тәжірибе жинап келгеніңізді білеміз. Осы туралы айта өтсеңіз?
– Телевидениенің кереметтілігі – адам өз ісінің шебері болса ешқандай шекара жоқ. Соған көзім жетті. Әрине, Франция мемлекетінің телеиндустриясын бізге қуып жету мүмкін емес. Көп нәрсе үйрендім, жақсы тәжірибе жинадым. Сол үйренгенім әлі көмектесіп келе жатыр. Мықты болуды, тек өзіңе сенуді, білімді болуды, еркіндікті сезінуді сол жақтан меңгеріп келдім десем әбден болады.
– Қазір ақпараттық технологияның дамыған шағы. Соған орай кітап оқу да кен- желеп барады. Қоғамдағы осы көзқарасқа нендей пікір айтар едіңіз? Өзіңіз кітап оқисыз ба?
– Жақында елімізге Жапониядан келген жас ғалым былай деп айтыпты: «Қазақстанда қоғамдық орындарда, көшеде, аялдамаларда кітап немесе газет оқып отырған адам- ды көрмедім. Осы мені қатты таңғалдырды» деп. Мен қалың кітаптардың бел ортасында өскен жанмын. Әлгінде айтқандай, әкем бірнеше кітаптың авторы. Содан болар, кішкентайымыздан оқуға, ізденуге әуес болдық. Ал, қазір уақыт ағысы жылдам. Десе де уақытты босқа өткізу – әбестік. Меніңше, аға буын өкілдерінің ренжитіні дұрыс. Өз басым жақсы кітап қолыма тисе, сөмкемде алып жүремін де уақыт болғанда сол сәтті пай- даланып оқимын, осындай графикке үйренгесін бейімделеді екенсің.
– Әйел затына журналист болу қаншалықты қиын? Өз өміріңізден мысал келтіре отырып, баяндап берсеңіз...
– Иә, расымен, көп адам бұл қызметті қиын деп жатады. Меніңше, әркім өз жұмысын жақсы көрсе, кез келген тірлігін сабырмен жасаса, алынбайтын қамал болмайды. Егер сенің жасаған жұмысың қоғам сұранысын өтеп жатса, өзгелерге үлгі-өнеге көрсетсе, одан әркім өз керегін ала алса, нағыз еңбектің жемісін көрген деген сол емес пе? Сондықтан не істесек те, жан қалауымен, бар ықылас-ниетті жұмсап жасауымыз керек.
– Кімге еліктейсіз, сізді еріксіз елітетін жан бар ма?
– Өмірде ешкімге ұқсамауға тырысамын. Дүниеде қанша жан болса, сонша мінез бар. Ал, атаның қанымен, ананың сүтімен келген мінезді өзгерту мүмкін емес екені тағы белгілі. Жалпы, кімде-кім нені жөн, дұрыс деп табады, соны жасауы тиіс. Сондықтан бұл өмірде әрбір жан қайталанбас тұлға екендігін түсінуі қажет.
– Өзіңізді бір сөзбен қалай сипаттар едіңіз?
– Тынымсызбын, қаталмын, мінезім де қатал. Бала тәрбиесіне аса көп мән беремін. Өз ұлдарымды жастайынан жауапкершілікті болуға баулып келемін. Олар өздерінің ер азамат екендіктерін сезінуі керек. Сонда ғана ел ертеңі үшін, болашақтары үшін дұрыс шешім қабылдауды үйренеді. Сол себепті оларға кейде қаталдық танытып қоятыным бар.
– Жерлестеріңізге тілер тілегіңіз...
– Аудандық газеттің шалғайда жүрген жерлестер туралы жазуды жөн көрген бұл бастамасы мені шын қуантты. Сол үшін газет басшылығына сұқбат үшін үлкен алғыс айтамын. Әрине, өскен ортамыздың күн санап дамып келе жатқанынан сырттай болса да хабардармыз. Жасампаз жаңалықтар жақсылыққа ұласа берсін. Барлық сырдариялықтарға тек жақсылық тілеймін, береке тілеймін. Арман-мақсаттарыңыз орындалсын!