АСАБА, ҚАЗЫНАҒА ӨЗ ҮЛЕСІҢДІ ҚОС!

АСАБА, ҚАЗЫНАҒА ӨЗ ҮЛЕСІҢДІ ҚОС!Бұқаралық ақпарат құралдарында өнер адамдарына қатысты талқыланып жүрген пікірталасқа жеке ойымды білдіріп, асабаларға қатысты азаматтық тұрғыдағы көзқарасымды айтсам, мемлекет қазынасының жайына бей-жай қарамайтын қоғам тобы мені қолдайтын шығар деп ойлаймын. Ең әуелі «мемлекет қазынасы неден құралады?», «оны қандай әлеуметтік мақсаттарға жұмсайды?» – деген сұраққа жауап іздеп көрейік. Мемлекет қазынасы республикадан бөлінетін трансферттерден, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден және өзге де кіріс көздерінен құралады. Ал енді біздің осы қазынаға жиналған қаражаттарымыздан қарияларымыздың зейнетақысы, көпбалалы аналардың жәрдемақысы, балаларымызды оқытып жатқан мұғалімдер, күнделікті үй-үйді аралап жүрген жедел жәрдем мен ауруханаларда еңбек ететін дәрігер¬лері¬міздің жалақылары және т.с.с. төленеді. Одан басқа қаламызды көркейтуге жұмсалынып жатқан қыруар қаржының барлығы осы қазына қаржысына тікелей байланысты.  
Мен – жай ғана адаммын. Отбасында 3 бала тәрбиелеп отырмыз. Осы балаларды қатарынан кем қалмау мақсатында жұбайымыз екеуміз қолдан келген еңбек істейміз. Жұбайым қыс¬тың суығы, жаздың аптап ыстығына қарамай, базарда халыққа қажетті майда-шүйда тауар сатумен кәсіпкерлік жасайды. Мен оған көмек көрсетемін. Осы халыққа көрсететін кәсіпкерлік қызметіміз үшін мемлекетке тиесілі салықты уақытылы төлеп тұрамыз. Себебі, менің ұғымымда біздер Қазақстан Республикасының азаматтарымыз, Заң алдындағы жауапкершілік пен міндет жалпы халыққа бірдей. Еліміздің салық заңдылығында қарал¬ғандай, «Заңмен белгіленген салық, алым және басқа да міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы мен міндеті». Данышпан халқымыз «Тамшыдан теңіз құралады» деп бекер айтпаған сияқты. Мемлекет қазынасына түсіріл¬ген әрбір теңге – қоғамның ертеңгі жар¬қын бола¬шағының негізін қалауға жұм¬салы¬натын қаржы.
Мемлекет кез келген іскерліктің түрі¬не кеңінен құлаш ¬жаюына мүм¬кіндік берген. Еңбекақысы төмен мұға¬лім, денсаулық саласының қызмет¬керлері  жалақы мөлшеріне қарамастан салық төлесе, өнер адамдары неге қалыс қалуы керек? Салық – кез келген мемлекеттің ертеден келе жатқан қаржы көзі емес пе?!
Бәріміз тойға барамыз немесе той жасаймыз. Осы тойхана, мейрамханаларда 3-4 сағат өткізілетін тойларды жүргізуге асабалардың алатын ақысы асабаның деңгейлеріне қарай белгілі. Тіпті, кейбір облысқа танымал белгілі асабалар тойды атқаратын қызметіне қатысты мың долларға дейін ақы алады. Менің жұбайым атқаратын кәсіпкерлік қызметінен 1 жылда түсетін кірісті бір той өткізіп табатын асабалар мемлекет қазынасына салық төлеуден неге қашады?  
«Салық» кодексінде кәсіпкерлікпен айналысамын деген тұлғаларға арнал¬ған арнаулы салық режимдерінің бар екендігін және салық ауыртпалығы кірістің небары 2-3 пайыз құрайтын¬дығын білемін. Есептеп қарасаңыз, кірістен есептелінетін салық онша қал¬та қағарлықтай да емес. ¬Мемлекет тарапынан шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өркендеуіне көрсетіліп жатқан жеңіл¬діктерді барынша пайдалана отырып, неге белгіленген салықтарды төлегіміз келмейді?  
Сонда өнер адамдарының басы ауырып балтыры сыздаған кезде дәрігер көмегіне жүгінбей ме? Немесе отбасында қариялары зейнетақы алмайды ма? Мектепке баратын балалары жоқ па? Қоғамға ортақ әлеуметтік нысандарды (демалыс паркі, орталық стадион, орталық алаңдағы түрлі мерекелік шаралар және қаламыздың басқа да қо¬ғамға ортақ инфраструктуралары) пай¬даланбайды ма? Міне, осы ой мені мазалайды.
Көпшілікке топырақ ¬шашудан ау¬лақпын. Мен білетін асабалық қыз¬мет атқарып жүрген азаматтар дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтіп, заңды қызмет атқарып жүр. Дегенмен, әлі де болса, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер бар екендігін мемлекеттік кірістер органдарының теле¬арнаға берген сұхбаттарынан, мер¬зімді баспасөз беттерінен біліп жатамыз.
Иә, түсінемін, әр кәсіпкерліктің өз шығындары бар. Асабалық өнерге тән шығындары да болар. Бірақ базарда жұбайым сияқты отырған адамдар уақытпен таласпай сауда жасаған кезде, мейлі сауда болмаған күнде де уақытылы ай сайын тиісті жерпұл және салығын төлейді. Яғни, жоғарыда көрсетілгендей, сыныққа сылтау айтып мемлекеттік тіркелуге қарсы болу¬шыларға мен қарсымын. Олар да бар¬шаға ортақ тиісті талапқа сай  салық төлеу керек деп есептеймін. 
Баспасөз бетінің мүмкіншілігін па鬬далана отырып, көлеңкелі бизнес¬пен айналысып жүрген асабалық қыз¬мет көрсететін азаматтарды және тойларда өнер көрсететін топтарды өз қыз¬меттерін заңды кәсіпкер ретінде тіркеліп қызмет атқаруға шақырамын.
Өзін-өзі сыйлайтын «асабаға» өзін және қоғамды алдаудың керегі қанша-лықты екенін тағы бір ойланса деймін... 

С.ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қызылорда қаласының тұрғыны.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2017 г. 688 0