Бейсенбі күні Қармақшы аудандық прокуратурасында өткен жылғы қадағалау қызметінің нәтижесіне байланысты баспасөз туры ұйымдастырылды. Бұған облыстық прокуратура ұйытқы болды. Онда қадағалау жұмыстарының өңірдегі күрделі мәселелерді анықтап, жоюға бағытталғаны, әлеуметтік шиеленістің, қылмыстылық пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында прокуратураның уәкілеттілігі, үйлестіруші функциясы кеңінен қолданылып, қоғамдық-саяси ахуал тұрақтылығы қамтамасыз етілгені айтылды. Сондай-ақ, прокуратура алға қойылған міндеттерді жемісті жүзеге асырғанын көрсетті. Бірқатар мекемені аралау барысында біз қолға алынған ілкімді істердің нәтижесін көріп, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға, аудан дамуы мен күрмеулі мәселелердің шешім табуына бағытталған жобалармен таныстық.
Мәселен, жуырда уәкілетті орган қызметкерлері бір топ азаматтың бірнеше жылдан бері тыл ардагері статусын ала алмай жүргені туралы уәжін зерделеп, ықпал ету актісі негізінде 35 ардагерге тылда жұмыс істегені жөнінде жұмыс өтілін белгілеген. "1938 жылдары туған азаматтарға тыл ардагері статусын беру” жобасы негізінде қазір олардың әрқайсысына ай сайын 4500 теңге көлемінде арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төленуде. Сонымен қатар жасөспірімдерге оңалту түрінде кешенді көмек көрсетуді мақсат ететін "Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік бейімдеу, психологиялық-педагогикалық көмек көрсету және оңалту” жобасы қолға алынған. Себебі, Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейі жанындағы "Психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті” КММ-ге тексеру жүргізу барысында мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту, қабылдауға арналған кабинеттердің үлгілік қағида талаптарына сәйкес келмейтіні, музыкалық ырғақ, есту арқылы қабылдау, көру қабілетін түзету мен сенсорлы бөлмелер мүлде қарастырылмағаны анықталған. Осыған орай, мамандар аудандық білім бөліміне ықпал ету актісі негізінде арнайы кабинеттер мен бөлме қарастырып, 45 мүмкіндігі шектеулі баланың құқығын қорғаған. Мекеме меңгерушісі Ләззат Мұсаеваның айтуынша, психологиялық түзету кабинетінің ашылғанына биыл – 13 жыл. Бұрындары мұнда 25-30 шақты бала келсе, қазір мекеме 3 жастан 18 жасқа дейінгі 50-60-қа жуық баланы қабылдауға қауқарлы. Байқағанымыздай, мекемеде ерекше қажеттілігі бар балалардың әлеуметтік тұрғыда бейімделуіне көмек көрсетіледі. Ата-аналардың кеңес алуына мүмкіндік қарастырылған, білікті мамандар тобы жеке-дамытушы бағдарламаларға сай сауықтыру жұмыстарын жүргізуде.
Одан бөлек қадағалау барысында аудандағы білім беру ұйымдарында стандарттың сақталмауы, оқушылардың физика, биология, химия пәндері бойынша зертханалық, практикалық, бақылау жұмыстары толық орындалмағаны анықталған. Нәтижесінде заң бұзушылық жойылып, 628 баланың конституциялық құқығы қорғалған. Сондай-ақ, "Дипломмен – ауылға!” мемлекеттік бағдарламасы бойынша өз міндетін орындамаған азаматтардан 10 млн теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өндірілген. Ал жұмыссыздықпен күресуді мақсат ететін "Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының қаржысын игеру барысында теріс қылық жасағаны үшін аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Дүйсенбаев тәртіптік жазаға тартылған.
– Өздеріңіз білетіндей, прокуратура жұмысы елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандығын, заңды тұлғалардың мүддесін қорғап, мемлекеттік бюджетті толықтыру, сыбайлас жемқорлық пен экстремизм көріністеріне тосқауыл қою проблемаларына шоғырланады. Есепті мерзім ішінде біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру, мал ұрлығы мен алаяқтықтың алдын алуды одан әрі жандандыру мәселелерін қадағалаудың өзекті бағыты ретінде белгіледік. Қазір аудан көлемінде қылмыстың тіркелуі 27,6 пайызға төмендеген. Бүгінге дейін жеке және заңды тұлғалардан барлығы 160 өтініш келіп түсті, олардың барлығы заңда көрсетілген мерзімге сай қаралды. Сонымен қатар аудандық сотта қаралған 86 қылмыстық және міндетті санаттағы 58 азаматтық, 272 әкімшілік істерге қатысу толық қамтамасыз етіл¬ді. Атқару өндірісін қада¬ғалау саласы бойынша жүргізілген оңды жұмыс нәтижесінде 16 млн теңгеден астам қаржы мемлекет пайдасына өндірілді, – деді аудан прокуроры Бахытжан Мырзабаев.
Сондай-ақ, мамандар қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын заңсыз пайдалануға жол бермеу мақсатында арнайы жоба қолға алынғанын айтты. Жобаны іске асыру барысында қоршаған орта эмиссияларына рұқсат алмай жұмыс жүргізген пайдаланушылар анықталып, құқық бұзушыларға әкімшілік шара көрілген. Ал прокуратура ықпалымен әлеуметтік-экономикалық салада жүргізілген тексеру нәтижесінде 761 адамның құқығы қорғалған. Қоғамда өршіп тұрған сыбайлас жемқорлық көріністері бойынша да 2 қылмыстық іс қозғалған. Оның бірі, қызметін атқару барысында мемлекет қаржысын бас пайдасына жаратуға қатысты болса, енді бірі мердігерге артықшылық көрсетіп, келісім-шарт бойынша мүлде орындалмаған жұмысқа мемлекет қаражатын толығымен аударып жіберу фактісі бойынша тіркелген.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.