ЖАС ЖАЗУШЫНЫҢ КІТАБЫ ШЫҒАДЫ

ЖАС ЖАЗУШЫНЫҢ КІТАБЫ ШЫҒАДЫКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жас жазушы, 40-қа жуық ертегінің авторы, түрлі байқаулар жеңімпазы Алтынай Берікті қабылдап, сый-сияпат табыстады.
Облыс орталығындағы №267 мектептің 5-сынып оқушысы Алтынай Беріктің ертегілері бүгінде өз бағасын алып үлгерді. «Ақ көжек», «Мөлдір бұлақ», «Қызыл қораз», «Түйе», «Қамқорлық» сынды туындылары республикалық байқауларда жүлдегер атанған. «Балапан» телеарнасының 5 жылдығында жарық көрген «Менің ғажайып ертегім» кітабына «Ұқпасқа айтқан сөз жетім» ертегісі енгізілді. Әжесінің тәрбиесінде өскен ол 7 жасынан бастап шағын әңгімелер құрастыруға, оны көркемдеп жазуға машықтанды. Ерекше қабілет пен талант иесінің мәнді, мағыналы дүниелері газет-журнал беттерінде жиі жариялана бастады. Осылайша көпшілік назарына іліккен жас жазушы Мемлекет басшысынан сыйлық алып, оның шығармашылық құштарлығы одан әрі арта түсті.
Аймақ басшысының қабылдауында болған Алтынай мен әжесі Шолпан БАҚ өкілдеріне өз ризашылықтарын жеткізіп, ағынан жарылды. 
– Алтынайдың ертегілер топтамасын облыс әкімінің қолдауымен «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы шығарып бермек. Немереме қолдау көрсетіп, қамқорлық танытқан ел ағаларына алғысымыз шексіз. Алтынайдың бұл жинағы балалардың сүйікті кітабына, рухани азығына айналады деп ойлаймыз, – деді қуанышты Шолпан әже Шәріпбайқызы.

Нағымжан САУЯЕВ. 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 наурыз 2017 г. 870 0