Қала әкімінің құттықтауы

Қала әкімінің құттықтауыҚызылорда қаласының әкімі Н. Нәлібаевтың 
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен 
құттықтауы


Ардақты Аналар, аяулы арулар!
Сіздерді бүкіл дүниені шуағына бөлеп, тыныс-тіршілігімізге нәр берген көктемнің шұғылалы мерекесі, 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Көктемнің сұлу арайын ала келген мереке Сіздерге бақыттың гүлін, шаттықтың нұрын, сұлулық пен бейбітшіліктің жасампаздығын, әр күннің жылылығы мен жақсылығын, берекесі мен молшылығын, ырысын ала келсін!
Бұл мейрам қашанда ең ізгі, ең ыстық, ең қастерлі сезімдерге толы.
Өйткені, бұл күн – ардақты аналарымыз бен апа - қарындастарымыздың, ерке қыздарымыз бен жаны жайсаң жеңгелеріміздің, инабатты келіндеріміз және ер азаматтың өмірлік серігі асыл жарларымыздың қуанышы.
Қасиетті Құран хадисінде: "Жәннат – ананың табанының астында” – десе, адамзаттың ұлы ойшылдары ежелден-ақ: «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» - деген екен.
Ел тарихының қай кезеңінде болсын, батыр аналарымыз асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, өркендеу сияқты арқаулы құндылықтар қалыптастыра білген.
Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да өздеріңіз, аяулы арулар!
«Отан – отбасынан басталады», сондықтан да отбасы мен қоғам жүгін қайыспай көтеріп жүрген Сіздердің бұл еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық.
Сіздерге деген құрметіміз, барлық ыстық ықыласымыз бен ілтипатымыз тек мереке күндері ғана емес, мәңгілік мақсатымыз және тұрақты ұстанымымыз болып қала бермек.
Әйел – ұлттың айнасы. Себебі, жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі Сіздерден, әйел-ананың ақ сүті мен ақ ниетінен тарайды. 
Мерейлі мереке көңілдеріңізге шырайлы шұғыласы мен шуақты шапағатын шаша бергей! 
Дендеріңізге саулық, босағаларыңызға бақ-береке, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін!


Ізгі ниетпен, 
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев



2017 жылғы наурыз

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2017 г. 1 632 0