Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев түрлі салада еңбек етіп, аймақ дамуына үлес қосып жүрген қыз-келіншектерді қабылдады. Кеш иелеріне мерекелік мезірет жасады.
Бір жағынан бесікті, бір жағынан әлемді тербеткен әйел-аналар қажет болса, атқа қонудан да, ерлермен иық тірестіре еңбек етуден де тайсалған емес. Қан майданда қолына қару алып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткендер қаншама?! Аймақ басшысы Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін саралай келе, онда нәзік жаратылыс иелерінің үлесі аз емес екенін жеткізді. Қабылдауға келгендерді шұғылалы көктемнің шуақты күнімен құттықтап, берекелі өмір, мықты денсаулық тіледі.
Осыдан кейін сала өкілдері аймақ басшысына ыстық ықыласы үшін алғыс білдірді. Шиелі ауданының еңбек ардагері, күрішші Күнімхан Байжігітова бүгін¬де «Ақмая» шаруа қожалығында күріш бригадасын басқарып отыр. Жастарға әркез еңбектің жақсы-жаманы болмайтынын айтудан жалыққан емес. «СМП-Қызылорда» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Рсалды Пікірбекова Сырдарияның сол жағалауында салынатын қалада да қолтаңбасын қалдырмақ ниетте. Ал І топ мүгедегі Ләззат Жаманбалаева мүгедектерге арналған оңалту орталығының білікті дәрігерлері мен ем-домының арқасында жүре алатын болған. Сол жерден теңін тауып, отбасылық бақытты сезіне алды. Тігінді де үйренген ол облыс әкіміне кәсібін ашу ниетін жеткізді.
Өнерлі оқушылар аналарды қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде құттықтап, Батыр ана, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова батасын берді.
Назерке САНИЯЗОВА.