ҚҰРМЕТКЕ ИЕ МӘҢГІЛІК

ҚҰРМЕТКЕ ИЕ МӘҢГІЛІККеше А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мейірім мен аялы алақан иелерін құттықтады.
– Қасиетті Жер-Ана бусанып, қар астынан алғашқы бәйшешектер бой жазатын, жер-дүние мейірлене түсіп, күн шуағымен арайланатын көктемнің әсем мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын! Шындығында, адамзат баласы үшін Анадан құдіретті, анадан ардақты, анадан аяулы ешкім жоқ. Сондықтан, әлемдегі ең жоғары мадақ та, құрмет те ару-аналарға арналады. Бұл мереке жақындаған сайын ер-азаматтар ақ жаулықты әжесіне, аяулы анасына, сүйген жарына, ардақты апа-қарындасына, сүйкімді қызына, қадірлі құрбысына не сыйласам деп терең ойға шоматын кезеңі басталады. Ыстық ықыласы ақтарылып, ізгі ілтипатын аямай көрсетеді. Әрине, Сіздер бір күн ғана емес, мәңгілік құрметке лайықтысыздар! – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы халқымыз әрдайым өзіне қымбат ұғымдарды – Отан мен Жерді, тілді – Ана атымен байланыстырғандығына тоқталды. Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасыр ішіндегі толағай табыстарында нәзікжандылар қосқан үлестің айрықша екендігін атап өтті.
– Елбасының: «Тәуелсіздік жылдарында мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне әйелдердің қосқан үлесі шексіз!» деп ерекше атап көрсетуі де сондықтан. Біз былтырғы жылы күріштен төрт жыл қатарынан рекордтық өнім жинап, Елбасының алғысын алдық, құрылыс саласында бұрын-соңды болмаған қарқын көрсеттік. Бұл жетістіктеріміздің барлығында Сіздердің қосқан үлестеріңіз мол! – деді аймақ басшысы.
Мерекелік кеш одан әрі Сыр елі өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдар¬ламасымен жалғасын тапты.
Иә, өміріміздің мәні, тіршіліктің сәні әйелдер қауымы мәңгілік құрметке лайық. Бір қолымен – бесікті, бір қолымен әлемді тербетер ардақты жандарды қадірлеу – әрбіріміздің парызымыз. Өмірге ұрпақ әкеліп, түн ұйқысын төрт бөлетін, шаңырақтың шырағы – бұрымды арулар тек бақытты өмір кешсін деп тілейміз.

Нағымжан САУЯЕВ.
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).ҚҰРМЕТКЕ ИЕ МӘҢГІЛІК

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2017 г. 764 0