МАҢЫЗДЫ АЛТЫ МӘСЕЛЕ

МАҢЫЗДЫ АЛТЫ МӘСЕЛЕКеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтіп, онда 6 мәселе қаралды. Мәжіліс кіріспесінде аймақ басшысы облыс әкімдігінде орын алған кадрлық тағайындауларды хабарлады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» реформасы негізінде қабылданған өңірлік іс-шаралардың аймақта орындалуы қалай? Мәжіліс алдымен осы сауалға жауап іздеді. Күн тәртібіндегі мәселеге орай баяндама жасаған облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысы Сәуле Құлымбетованың айтуынша, жоспардағы 134 өңірлік іс-шараның 118-і орындалған. Өзгесінің жүзеге асуы ұзақ мерзімді қажет етеді, бүгінде жұмыс жалғасып жатыр.
Орындалған жұмыстарға азды-көпті тоқтала кетсек, заң үстемдігін қамтамасыз ету бағыты бойынша құрылған Жергілікті полиция бүгінгі күні өз тиімділігін байқатты. Экономикалық өсімді қамтамасыз ету, мүлікті жария ету жұмыстары да өз деңгейінде жүргізілген. Энергетика саласын жетілдіруде де айқын нәтиже бар. Білім саласына келсек, 12 жылдық білім беруді қалыптастыру үшін 2 білім ошағы тәжірибеден өтіп жатыр. Денсаулық сақтау саласы бойынша негізгі бағыт – тұрғындардың өмір сүру ұзақтығын 72 жасқа жеткізу мақсатында ауқымды шаралар қолға алынды.
Аймақ басшысы «Ұлт жоспары - 100 нақты қадам» реформасына сәйкес атқарылар шаралардың уақытылы, тыңғылықты орындалуына баса назар аударды. Сонымен қатар, Елбасының биылғы Жолдауынан туындайтын міндеттердің, атап айтқанда, 64 нақты тапсырманың жүзеге асуын қатаң қадағалауды тапсырды.
Мәжілісте екінші кезекте 2016 жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің Сыр еліне жұмыс сапары аясында қабылданған хаттамалық шешімдердің іске асуы қаралды. Бұл жайында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндама жасады. Серік Салауатұлы алдымен облыстағы суармалы жерлерді қалпына келтірудің жайынан ақпарат берді. Аймақтағы суармалы жерлердің 179 мың гектары инженерлік жүйеге түскен. Ендігі мақсат – 159 мың гектар суармалы жерді қалпына келтіру және 60 мың гектарды айналымға енгізу. Облыс әкімінің орынбасары бұл бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатқандығын, қаржыландыру мәселесі келісілгенін мәлімдеді. Айталық, 29 мың гектар суармалы жерді айналымға енгізу «Азия даму банкі» қаржысы арқылы жүзеге аспақ. Сондай-ақ, Серік Салауатұлы 600 млн текше метр су қабылдайтын «Күміскеткен» су қоймасының техникалық негіздемесі 1 сәуірге дейін дайын болатынын хабарлады.  «САРАТС-2» жобасына қатысты облыс әкімінің орынбасары қуанышты жаңалық айтты. Яғни, жоба ел бюджеті арқылы қаржыландырылатын болды.
Аймақ басшысы Елбасы биылғы Жолдауында суармалы егіс алаңын 5 жыл ішінде 40 пайызға кеңейтіп, 2 миллион гектарға жеткізуді міндеттегенін, сондықтан да жергілікті әкімдер мәселені шешу үшін күш салуды тапсырды. Әсіресе, су нысандарын құжаттауды 1 шілдеге дейін бітіру қажеттігіне тоқталды.
 Аймақтағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы әлі де көңіл көншітпейді. Оған серпін беру үшін кешенді іс-шаралардан тұратын Жол картасы қабылданбақ. Оның аясында тұрғындарды кәсіпкерлік мақсатта оқыту, несие беру, кооперативтендіру шаралары іске асырылмақ. Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким аталған құжатты таныстырды. Аймақ басшысы аудан әкімдеріне аталған құжатқа сәйкес барлық мүмкіндікті пайдалану қажеттігін айтты.
– Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту аясында, әсіресе, ауылдық жерлерге ерекше қолдау жасалуы керек. Елді мекенде қандай қызмет көрсету орындары жоқ? Сол бойынша жұмыс жасап, тұрғындардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасаңдар, – деді аймақ басшысы.
Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Аманжол Алдажаровтың айтуынша, тұрғындарға «Бастау бизнес» жобасының көп көмегі бар. Сонымен қатар, ол жұмыссыздар санын азайту үшін 11 455 тұрғын оқыту курстарынан өтетінін айтты. Тіпті, қажет болса, министрлік арқылы кез келген сұраныстағы мамандықтарды оқытып беруге мүмкіндік бар екендігін мәлімдеді.
Мәжілісте бесінші кезекте елді мекендерде санитарлық тазалықты сақтау мәселесі талқыланды. Бұл жайында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Шәменов хабарлама жасады. Ол осы жылы 200 мың ағаш көшетін отырғызу жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ, алда екі ай бойына «Тазалық айлығы» жарияланатынын, оған 50 мың тұрғынды қатыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Бір мәселе – аймақтағы 145 қоқыс алаңының 4-і ғана талапқа сай, қалғанының, тіпті, құжаттары да жоқ. Аймақ басшысы бұл орайда Шиелі, Жалағаш ауданы әкімдеріне 2 апта ішінде полигондарды құжаттандыруды қатаң тапсырды.
Жиында алдағы Ұлыстың ұлы күніне дайындық барысы да пысықталды. Облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Айдын Қайруллаевтың айтуынша, 14-22 наурыз аралығында әз-Наурыз мерекесін ерекше сипатта тойлау жоспарланған. Яғни, әр күн әртүрлі аталып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға ерекше мән берілмек.
Аймақ басшысы мереке қарсаңында қазақтың салт-дәстүрлерін жаңғыртар бастамаларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Сыр елі кемеңгер мәдениеттің, руханияттың мұрагері екендігін, Алаштың анасы атанған ел өзгелерге үлгі болатынына тоқталды.
Мәжіліс соңында аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша барлық жұмыстың талапқа сай орындалуы қатаң бақылауда болатынын айтып, тиісті тапсырмалар жүктеді.
 
Нағымжан САУЯЕВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 наурыз 2017 г. 624 0