4 наурыз күні Қызылордада 2017 жылдың ойын маусымының ашылуы алдында «Қайсар» және «Байқоңыр» футбол клубтарының тұсаукесері өтті.
- Биыл «Қайсар» Премьер-лигада өнер көрсетер болса, «Байқоңыр» Бірінші лигада, «Қайсар U 21» Екінші лигада бақ сынамақ. Алайда, «Қайсар» бір жылы көш бастап үздіктер қатарынан көрінсе, бір жылы қарқыны бәсеңдеді. Десек те, ол өзінің ең басты миссиясын орындап отырды. Қиындықтарға қарамастан біз команданы үнемі қолдап отырдық. «Қайсардың» ағымдағы жылғы бюджеті нақтыланды, енді тек команданың жаңа жеңістерін күтеміз. Командаға жоғары білікті маман, Болгар ұлттық құрамасының бұрынғы басшысы, бірнеше чемпионды тәрбиелеген Стойчо Младенов бапкер болып бекітілді. Алдағы уақытта команданың Премьер-лигада сәтті өнер көрсетуіне бапкер тыңғылықты жұмыс жасайды деп сенеміз,- деді әкім.
«Қайсар» және «Байқоңыр» футбол командаларының ойыншылары өздерінің киім үлгілерін көрсетті, ал облыстық футбол федерациясының президенті Садық Мұстафаев оларға футболкалар табыстады.
Анықтама үшін: Өткен жылы қайсарлықтардың басты жеңісі – Премьер-лигаға оралуы болды. Команда құрамы жаңарып, жаңа маусымда жеңіс туын желбірету үшін қызу дайындалды. Қорытындысында «Қасқырлар» құрамында легионерлердің ішінде өз орнын хорваттық центрбек Иван Граф қана сақтап қалды. Команданы өткен маусымда Стойчо Младенов жұмыс істеген «Атыраудан» алты ойыншы, сондай-ақ Мақсат Байжанов, Евгений Горячий, Жамбыл Көкеев, Ілияс Әмірсейітов және Дмитрий Евстигнеев, қақпашылар – Марсель Исламқұлов пен Антон Цирин толықтырды. Бұдан бөлек, «Қайсарда» бұрынғы франзуздың «Кана» ойыншысы бурундилық Саиди Нтибазонкиза, Мартиника ұлттық футбол құрамасының аяқдопшысы Матиас Курьор, Сьерра-Леонедан Джон Камара және Черногориядан Стефан Николич ойнайтын болады.