Бейсенбіде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті.
Жиында бірінші кезекте кәмелетке толмағандар мен жастар арасындағы құқық бұзушылық профилактикасы талқыға түсті. Аймақ басшысы кіріспе сөзінде жас ұрпақтың ел ертеңі екендігіне, олардың үлгілі тәрбие мен сапалы білім алуы үшін аға буын жауапты екендігіне тоқталды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аймақтағы 770 мың халықтың 200 мыңы – жастар. Өткен жылы жас¬тар саясатын дамыту жол картасы аясында 44 әлеуметтік жоба жүзеге асқан. Салаға бөлінген қаржыда өсім бар. Нақтылағанда, 2016 жылы жастарды қолдау үшін жергілікті бюджеттен 300 млн теңге бөлінсе, осы жылы 460 млн теңге бөлу жоспарлануда. Атқарылған игі жұмыстар нәтижесінде кәмелет жасына толмағандармен жасалған қылмыстар саны 18 пайызға азайған. Десе де, аймақ басшысы қолдау мен қамқорлықты одан әрі күшейту керектігіне баса назар аударды. Өйткені, қаракөздер тәрбиесінде түймедей кемшілік кесірінен қайғылы оқиғалар орын алып отыр.
Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан оқиғалар дегенде, кешегі айда Жаңақорған ауданындағы мектептердің бірінде жоғары сынып оқушылары төбелесіп, соңы адам өлімімен аяқталған. Қаңтар айында жеті түнде қала кезіп жүрген оқушылар болса, атыс қаруын пайдаланып, бір оқушы жарақат алды. Сорақысы, қатыгездікпен пышақ жұмсау дерегі де тыйылмай отыр. Сонымен қатар, қала орталығында топтық төбелестер жиі төбе көрсетеді.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Еркебұлан Меңлібаевтың айтуынша, өткен жылы облыс көлемінде 14-29 жас аралығындағы 1333 жас қылмыс жасаған. Олардың 5-і – қасақана кісі өлтіру, 27-сі – ауыр дене жарақатын салу, 80-і – тонау, 16-сы – қарақшылық, 21-і – зорлау, 487-сі – бөтеннің мүлкін ұрлау, 270-і – бұзақылық, 38-і – есірткіге қатысты қылмыстар. Бұл жастардың 89-ы әртүрлі мекемелерде жұмыс жасайтын болса, 50-і – студент, 23-і – оқушы, ал қалған 1171-і – жұмыссыз жастар. Байқағандарыңыздай, екі қолға бір күрек ұстамайтындар заңбұзушылыққа бейім.
Мақсатсыз беймезгіл көше кезгенге жөргем ілікпейді емес, ілінеді. Ішімдікке үйір болады, темекіге, есірткі заттарына әуестенеді. Оның арты өкінішті жағдайларға соқтырады. Сондай-ақ, ол қалада топтық төбелестің бастаушысы, әр түрлі сипаттағы 15 топтың бар екендігін айтты. Оларға 1500-ге жуық жас тартылған, 30 пайыздайы – мектеп оқушылары. Соңғы кезде жастардың санасын улайтын ғаламторлық ойындар, парақшалар көбейіп кетті. Біздің облыста соларға қызығушылық танытқан 300 жас анықталған.
Облыстық ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі басшысы Бауыржан Ибраевтың айтуынша, жыл басынан бері ішкі істер органдарының тізімдік және профилактикалық есебіне 326 жасөспірім мен бала тәрбиесіне бейжай қараған 85 ата-ана тіркелген. Өткен жылы түнгі мезгілде бей-берекет жүргені үшін 3000-нан астам жасөспірімнің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылса, биылғы жылдың бір айында 422 ата-анаға әкімшілік шара көріліпті. Деректерден белгілі, балалардың көп жағдайда бетімен кетуіне ата-аналар кінәлі. Ондайларды сот кей жағдайда ата-аналық құқықтан ажыратуын ажыратады, өкініштісі, оған қуанбаса қайғырмайтындары да кездеседі. Жергілікті полиция басшысы рейдтік шаралар нәтижесінде, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарын жағалайтындары көп. Оған «жағдай жасаған» 51 кәсіпкер, темекі бұйымдарын сатқан 28 және алкоголь өнімін сатқан 36 сатушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Аймақ басшысы жиында оқушылар қатысуымен болған қылмыстарға бірінші кезекте білім ошақтары кінәлі екендігін айта келе, Жаңақорғандағы жағдайға байланысты қабылданған шешімдерді сұрады. Облыс әкімінің сұрағына аудан әкімінің орынбасары Серқожа Ыдырысов жауап берді. Ол оқушы өлімімен аяқталған қылмыстан соң мектеп басшысы мен оның орынбасары, сынып жетекшісі жұмыстан босатылғанын айтты. Ал, «Атамекен» балалар үйінің тәрбиеленушісі, орта оқу орындары шәкірттері жасаған қылмыстарға орай облыстық білім басқармасының басшысы Бақытжан Сайлыбаев өз уәжін келтірді. Аймақ басшысы мұның барлығы тәрбие саласының босаңсып кеткендігінен болғандығын, шұғыл түрде заңбұзушылық әрекет жасалған мектептерге қызметтік тексерулер жүргізіп, кінәлілерге тәртіптік шаралар көруді тапсырды.
Облыс прокуроры Халидулла Дауешов комиссия отырысында өткен жылы 400-ден астам оқушы мен студент оқуларын тастап кеткендігін, олардың бүгінгі таңда жағдайы алаңдатып отырғанын жеткізді. Тағы бір мәселе – облыс мектептерінің 58-де учаскелік инспектор жетіспейді. Аймақ басшысы бұл мәселелерді де қысқа мерзімде шешу қажеттігін, ұрпақ болашағын баянды ету үшін аянып қалмау керектігін мәлімдеді.
Күн тәртібіндегі екінші кезекке 2016 жылғы қылмыстық құқық бұзушылықтың ахуалы және комиссия отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қойылды. Бұл тақырыпта облыс әкімі аппаратының құқық қорғау органдарымен жұмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлімінің басшысы Серік Шотаев баяндама жасады. Ол өңірімізде жалпы қылмыстық ахуал бірқалыпты және болжамды екенін, хаттамалық тапсырмалар өз деңгейінде орындалғанын хабарлады.
Жиын соңында облыс әкімі сала басшыларына тиісті тапсырмалар беріп, жағдайды қатаң бақылауға алу керектігін айтты.
Нағымжан САУЯЕВ.