Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының Парламенті палаталарының бірлескен отырысына қатысты. Парламент депутаттары алдында сөйлеген сөзінде Елбасы Қазақстан Конституциясына өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асырылатын саяси реформалардың басты факторлары мен аспектілерін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің негізгі заңына енгізу ұсынылған өзгерістер жобасын әзірлеу үдерісіне арнайы тоқталып, оны талқылау барысында жариялылық қамтамасыз етілгенін айтты.
– Менің Жарлығыммен әзірленген конституциялық реформалар жобасы бір ай бойы өткен бүкілхалықтық қызу талқылауға салынды. Әр адам ұсыныс беру құқығына ие болды. Бәріміз заң жобасын жаппай талқылап қана қоймай, оның сапалы болғанын көріп отырдық, – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Жұмыс тобы атқарған жұмыстың қорытындысына тоқталып, Конституцияның 26-бабына қатысты өзгерістерді халықтың кей бөлігінің әрқалай түсінгенін айтты.
– Жұмыс тобына Конституция баптарының үштен екісін және оның барлық бөлімін қамтитын 6 мың ұсыныс келіп түсті. Бүкіл Конституциялық реформа қоғамымызды біріктіре түсуге бағытталады. Сондықтан мен 26-бапты бұрынғы редакцияда қалдыруды ұсынамын. Жалпыұлттық талқылаудан өткенін ескеріп, заң жобасын Қазақстан халқының ортақ ұстанымы деп байыптауға болады. Жұрт өз сөзін айтып, сол арқылы мемлекеттік биліктің жаңғыруын қолдады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қазіргі реформалардың ерекшелігін атап өтіп, елді саяси жаңғыртудың жекелеген кезеңдеріне назар аударды.
– Біріншіден, жаңа заң Парламенттің мемлекеттік істердегі, соның ішінде Үкіметті жасақтаудағы ролін айтарлықтай күшейтеді. Екіншіден, экономиканы тікелей басқару жөніндегі өкілеттіктер берілетін Үкіметтің дербестігі артады. Үшіншіден, құқық қорғау және сот жүйесінің конституциялық негізі жаңғыртылады. Заңдардың сақталуын жоғары деңгейде бақылау, сотта мемлекет мүддесін қорғау жайын қарастыратын прокуратура қызметінің базалық негіздері қаланады. Төртіншіден, конституциялық бақылау жүйесі нығая түседі. Бесіншіден, Тәуелсіздігіміздің, біртұтастығымыздың, аумақтық тұтастық пен басқару нысанының өзгермейтініне конституциялық деңгейде берілетін кепілдік бекемдене түседі, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы биліктің барлық тармағының жоғары кәсібилігін, олардың өзіне жауапкершілік алып, шешім қабылдай алатын қабілетін атап өтті. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті президенттік басқару нысанының сақталатынын, мемлекет пен қоғамды одан әрі жаңғырту үшін саяси жағдайлар жасау мақсатымен жүргізіліп жатқан реформалар бағытының өзгермейтінін мәлімдеді.
– Жолдауда айтылған жаңа міндеттер заң шығарушы және атқарушы органдарға айрықша жауапкершілік жүктейді. Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктерін кеңейту ел экономикасының үшінші жаңғыруының мақсаттарына тиімдірек қол жеткізуге септігін тигізетін болады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы Парламент депутаттары алдында заң жобасын белгіленген барлық үдерістерді сақтай отырып қарастыру жөнінде ұсыныс білдірді.
Мемлекет басшысынан кейін сөз алған Президент Әкімшілігінің басшысы – Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ә.Жақсыбеков ұсынылып отырған өзгерістердің нақты жобасын Парламент депутаттарына таныстырды.