Облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте Қызылорда облысының жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары – мемлекеттік инспектор Қанатбек Серікбаев пен Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов облыс әкімдігімен бекітілген «Қызылорда облысындағы пайдаланылмайтын және заң талаптарын бұза отырып пайдаланудағы жерлердің толық алып қойылуын қамтамасыз ету» Жол картасы туралы және оны жүзеге асыру бағытында атқарылатын жұмыстар жөнінде айтып өтті.
– Өткен жылы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов және ҚР Бас Прокуроры Ж.Асановтың бірлесуімен «Жер заң негізінде – басып алуды тоқтатайық» жобасын іске асмыру жөніндегі жоспары бекітілген болатын. Жоспардың 1.2.3-тармағында жыл аяғына дейін пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін уақытылы алып қойылуын қамтамасыз ету мақсатында «Жол картасын» прокуратурамен келісіп әзірлеп, бекіту тапсырылды. Осыған орай былтырғы жылдың аяғында Қызылорда облысының әкімдігімен «Қызылорда облысындағы пайдаланылмайтын және заң талаптарын бұза отырып пайдаланудағы жерлердің толық алып қойылуын қамтамасыз ету бойынша» Жол каратсы әзірленіп, бекітілді»,– дейді облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары-мемлекеттік инспектор Қанатбек Серікбаев.
Аталған Жол картасына сәйкес, Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жұмысшы топтар құрылып, аралайтын аумақтардың шекаралары белгіленген. Қанатбек Қуанышұлының айтуынша, бүгінгі күні жұмыс таптарымен облыс және аудан орталоықтарында аралау жұмыстары басталып кеткен.
Жол картасына сәйкес жұмыстар елдімекендерде 1,2 және 4-тоқсанда жүргізілсе, 3-тоқсанда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жүргізілетін болады. Жұмыс барысында үш мәселеге көңіл бөлінбек, бірінші, мемлекеттік жер учаскесін өз бетінше иелену, екінші, жер учаскесін немесе оның бір бөлігін нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланбау, үшіншісі, жер учаскесін пайдаланбау,яғни, игермеу.
– Жол картасының негізгі мақсаты жер пайдаланушылардың пайдаланымындағы жерлерді мақсаты бойынша пайдаланылмай не ҚР заңнамасын бұза отырып пайдаланылуына жол бермеу және жер пайдаланушылардың жауапкершілігін арттыру. Жерді заңсыз пайдаланушылардың көбісі тұрғын үй салу мақсатында алғандар. Сонымен бірге олар алаяқтардың арбауына түсіп қалғандар. Жер учаскесін біреу арқылы сатып алғандықтан тұрғындар құжатқа көңіл бөлмей жатады, алаяқтар осыны пайдаланып, құжатсыз жерлерді сатып, соңында жерді сатып алған адам зардап шегеді. Сондықтан, біз тұрғындардың жерді сатып алғанда оның құжатына көңіл бөлуін, тиісті мекемелерден кеңес алуын ескертеміз. Ондай болмаған жағдайда заңсыз жер пайдаланушылардың жерлері мемлекетке қайтарылады, үй салып қойған жағдайдың өзінде ол сүріледі,– дейді мамандар.
Қала әкімінің орынбасары Асылбек Шәменов күні бүгінге дейін қала төңірегінде 700-ден астам заңсыз жер иелену фактілерінің анықталғанын айтты. Оның 54-і егесіз болса, яғни жер учаскесінің иесі табылмаса, 14 үйдің іргетасы сүрілген, 46-сы арызына сәйкес заңдастырылған. Қалғаны сот шешімі арқылы заңдастырылған. Және осы анықталған заңсыздықтардың басым бөлігі жоғарыда айтылған алаяқтық фактісімен байланысты екен.