Елбасы Жолдауы елді дамытудың ерекше құжаты, баянды болашақтың берік бағдары болуымен құнды. Мұның маңыздылығы сол, жаңашыл ізденістер, технологиялық жағына түлету, әрі халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған әрбір жауапты жұмысты жақсартудың жауапкершілігін күшейтеді. Экономиканы әртараптандыруды әлемдік деңгейге сай өркендетудің нақты нышанын көрсетіп берді. Бұл жөнінде біз ұжымда жан-жақты талқылап, жұмыс жүйесін нәтижелі сапаға көшіру жолын іздедік.
Шындығында, үшінші жаңғыру – «Қазақстан-2050» стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір және Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасы бойынша жүргізілетін болады. Әсіресе, экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталғаны үлкен жауапкершілік.
Экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы «СКЗ-U» күкірт қышқылы зауыты» ЖШС үшін маңызды міндет жүктейді.
Елбасының өзі жобаны қолдап және жүзеге асуына куә болғанындай, күкірт қышқылын өндіруге тәуелділікті отандық өнім толық шешті. Мұның тиімділігі біршама жеңілдік әкелді. Біріншіден, еліміздің батыс аймағы экологиялық проблемасын шешуге оң ықпалы бар «Теңіз шевройл» ЖШС қамтамасыз ететін техникалық күкірт кесегі сұранысты өнімге айналуына жол ашылды. Екіншіден, шетелден тасымалданатын тауар өзімізде өндіріледі, шығын көлемін азайтты. Сондай-ақ шикізат сапасының технологиялық талаптарға сай келуі қоршаған ортаға келетін әсердің азаюына үлкен себеп болып отыр. Өйткені әлемдік стандарттарға сәйкес келетін технология СТ ИСО 9001-2004 халықаралық сапа менеджментінің, СТ РК ИСО 14001-2006 экологиялық менеджментінің желілері бойынша сертификатталған.
Күкірт қышқылын өндірудің жобалық қуатында белгіленген 500 мың тонна өнімді өткен 2016 жылдың 17 желтоқсанында орындадық. Мұнымен қоса 112056,9 МВт электр энергиясы өндірілді.
Жолдау жүктеген міндеттерге сәйкес, зауыт жаңа технологиямен жұмыс істейді, толығымен автоматты түрде басқарылады. Сондықтан жұмыс жүргізудің белсенділігі жоғары. Біз зауыттың өндірістік қуаты артқан сайын әлеуметтік мәселелерді шешуге де айрықша атсалысатын мүмкіндікке ие болдық. Басқасын былай қойғанда, Кейден ауылдық округі тұрғындары үшін су жинағыш ұңғымасы бұрғыланды, аяқ су мәселесіне жұмсалатын электр қуатының ақысы зауыт есебінен өтеледі. Жалпы, Елбасы Жолдауы өндірісті дамытуға өріс беріп отыр.