ЖАПОНДЫҚ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНА БЕРІЛДІ

ЖАПОНДЫҚ ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР  ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР АУРУХАНАСЫНА БЕРІЛДІКеше аймаққа арнайы келген Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында болып, емдеу мекемесіне медициналық құрал-жабдықтар тарту етті және аурухана ұжымымен кездесті. Мәртебелі мейманды облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бастап жүрді.
– Бүгін облысымыз үшін, облыстың әлеуметтік саласы үшін үлкен тарихи маңызды шара орын алып отыр. Ол – Жапонияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата мырзаның Қызылорда облысына ресми сапары. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы біз Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойладық. Ал биыл 26-қаңтарда Қазақстан Республикасы мен Жапон мемлекетінің арасында мемлекетаралық қарым-қатынастың, яғни, дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Жалпы, жапон мен қазақ халқының арасында ертеден мәдени, әдеби байланыстар болған. Біздің қазақтың классик жазушылары ертеден жапон елінің мәдениетін, әдебиетін, тарихын зерттеп, тұшымды дүниелер жазғаны белгілі. Оның бер жағында кешегі кеңес заманында қазақ халқы өз аумағында ядролық сынақ зардабын шексе, жапондықтар да атом бомбасының тақсыретін тартқан халық. Сондықтан бізді осындай оқиғалар жақындастырады деп ойлаймыз. Бүгінгі шара соның бір көрінісі, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов кездесуде.
Дәрігерлер қауымымен кездескен елші Итиро Кавабата сапарының мақсаты жөнінде айтып берді.
– Алдымен сіздерді бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын. Сонымен бірге сіздерді Жапон үкіметі атынан жобаның жүзеге асуымен құттықтаймын. Бүгінгі жобаның мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, емдеу мекемелерін қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтап, медициналық көмектің сапасын арттыру. Жапон үкіметі тарапынан Қазақстанда 1997 жылдан күні бүгінге дейін 79 жоба жүзеге асырылды. Тағы бірнеше келісімге қол қойылды. Қызылордада алғаш рет 2003 жылы Қазақстан мен Жапония үкіметінің келісімі нәтижесінде ең ірі жоба бойынша облыстық медицина орталығына 3 млн 800 мың доллардың медициналық құрал-жабдықтары грант түрінде алынды. Онан соң 2004 жылы облыстық балалар ауруханасына құрал-жабдық алынды. Бүгін, міне, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына келіп отырмыз, – деді Итиро Кавабата.
Сатып алынған құрал-жабдықтар жансақтау бөлімінде жатқан ауыр науқастарды емдеуге арналған. Мәселен, науқастың тыныс алу жылдамдығы мен қан қысымын, тамыр соғысын, дене қызуын өлшеп тұруға арналған кардио¬монитор ауыр жағдайдағы науқасты тәулік бойы бақылауға мүмкіндік берсе, шприцтік насос дәрілік препараттарды уақытпен, мөлшерлеп енгізуге арналған. Сонымен бірге, инфузиялық насос дәрілік ерітінділерді уақытпен мөлшерлеп құюға арналған құрал болса, жасанды дем беру қондырғысы ауыр жағдайдағы науқастарға шұғыл көмек көрсету үшін қолданылмақ. Елшінің сыйы елге ерекше мүмкіндік сыйлады.
 
Айнұр БАТТАЛОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2017 г. 1 183 0