ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР ӨСТІ

ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫЛАР ӨСТІӘдетте, жыл басында ел-жұрт әлеуметтік қолдау саласындағы өзгерістерге құлақ түріп, елеңдеп отырады.  Облыс бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары Т.Жолымбетов ұсынған мәліметтерді негізге ала отырып, зейнетақы мен жәрдемақылар көлеміне қатысты жаңалықтарды назарларыңызға ұсынамыз.
Қазақстан Республикасының «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап, айлық есептік көрсеткіштің мөлшері (АЕК) – 1852 теңге, ең төменгі зейнетақы 01.01.2014 жылдан бастап – 20782 теңге, күнкөріс деңгейі – 19966 теңге, базалық зейнетақы төлемі – 9983 теңге, яғни күнкөріс деңгейінің 50 пайызы, ең төменгі жалақы – 19966 теңге болып белгіленді.
2014 жылғы 1 қаңтардан бастап тағайындалатын зейнетақы есептеу кезінде алынатын табыстың ең жоғарғы мөлшері (1852 теңге*39) = 72228 теңге, сонда ең жоғарғы зейнетақының мөлшері 54171теңге– (72228*75%) аспау керек.
Барлық зейнетақы төлемдерінің мөлшері 9 пайызға көбейтілді. Ал, толық емес көлемде зейнетақы алушылардың зейнетақы мөлшері екі тәсілмен қаралды:
1)  Алып отырған зейнетақы мөлшерін 9 пайызға көбейту;
2) Зейнетақы мөлшері 01.01.2014 жылға белгіленген 20782 теңге  ең төменгі зейнетақымен пропорционалды түрде  қайта қарау.
Сол сияқты АЕК-тің 1852 теңге болып белгіленуіне байланысты балалы отбасылардың жәрдемақыларын да көбейту көзделіп отыр. 
Бала туғанда берілетін бір жолғы жәрдемақының мөлшері бірінші-үшінші бала туылғанда – 55560 теңге, ал төрт және одан да көп бала туылғанда  92600 теңге болады.
Бала күтімі үшін жердемақылар бала санына қарай, 1-ші балаға – 10186 теңге, 2-ші балаға – 12038 теңге, 3-ші балаға – 13890 теңге, 4-ші және одан жоғары балаға 15742 теңгеге дейін көбейеді. 
 Ал, мүгедектігіне, асыраушысынан айырылуына және жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың жәрдемақы төлемдері үшін 2014 жылғы 1 қаңтардан белгіленген күнкөріс деңгейі 19966 теңге есебінен қайта қаралатын болады.
Сонымен қатар, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақы  алушылардың жәрдемақы төлемінің мөлшері 7% арттырылатын болады.Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы үшін айлық есептік көрсеткіш 1887 теңге болып белгіленді.
Тағайындалған, бірақ 2014 жылдың 1 қаңтарына дейін төленбеген Семей ядролық сынақ салдарынан зардап шеккен азаматтардың  және жаппай саяси қуғын-сүргінге ұшырағандарға берілетін біржолғы өтемақының мөлшері 1852 теңге АЕК қайта қаралады. 
Бүгінгі күні  Қызылорда облысы бойынша республикалық бюджет арқылы төленетін 223830 зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың  төлемдерінің мөлшері қайта қаралып, көбейтілді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 09 қаңтар 2014 г. 2 758 0