Кеше Сыр еліне Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Итиро Кавабата келді. Алаштың анасы атанған қасиетті өңір топырағына алғаш келген елші алдымен облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болды. Сонан соң БАҚ өкілдерімен жүздесіп, маңызды іссапардың жай-жапсарын айтып берді.
– Сыр еліне алғаш келуім, алған әсерім ерекше. Іссапар уақыты бір күнге есептелгендіктен, аймақты толықтай танып-біле алмайтыным, әрине, өкінішті. Негізгі мақсатымыз – облыс орталығындағы инфекциялық ауруханада медициналық құрал-жабдықтың іске қосылуы рәсіміне қатысу. Бұл шара Қазақстан мен Жапония Үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, гранттық «Шөп тамыры» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылды. Аталған бастама аясында 1997-2016 жылдар аралығында елдің түрлі өңірлерінде жалпы сомасы 5 млн 800 мың долларды құрайтын 79 жоба қаржыландырылды. Осы жылы 6 жоба жүзеге асады. Солардың бірі – Қызылорда облыстық туберкулезге қарсы санаторийді медициналық жабдықтау. Яғни, емдеу мекемесіне 14 медициналық құрал-жабдық сатып алынады. Өздеріңіз білетіндей, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қабылдауында болдым, айтар алғысым шексіз. Ерекше қонақжайлылық танытып, алдағы уақытта Сыр топырағына сапарлап келуге, туристік нысандармен танысуға шақырды, – деді Итиро Кавабата.
Сондай-ақ, елші Итиро Кавабата Сыр бойындағы денсаулық сақтау саласы ерекше қарқынмен дамып келе жатқандығынан хабардар екендігін жеткізді. Екі ел арасындағы әріптестік байланыс одан әрі нығая түсетіндігіне сенім білдірді.