Кеше «Достық үйінде» облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен Алғыс айту күніне орай мерекелік салтанатты кеш өткізілді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мерекелер қатарына енген айтулы күннің өмірге келуінде тағдырлы тарихи сыр жатыр. Кеш шымылдығын ашқан қойылым осынау сырдың тереңіне үңіліп, көрерменнің көз алдына өткен күндер бейнесін әкелді. Сырт елдерден арып-ашып қазақ еліне жеткен өзге ұлт өкілдері әп-сәтте қасіреттің қамытынан құтылды. Ашқұрсақ нәрестеге омырауын тосып, бауырына басқан қазақ анасына алғыс айтылған сәтте, жүрек сыздап, көңіл босағандай!
Тағылымды шараның куәсі болған облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы мен этномәдени бірлестік мүшелері, қала тұрғындары келесі кезекте аймақ басшысының мерекелік құттықтауын тыңдады.
– Наурыздан наурызға дейін атқарған жұмыстарымыздың нәтижелі болып, жылды жемісті қорытындылағанымыз үшін Сыр жұртшылығына шынайы алғысымды білдіремін! Елбасы Жарлығымен Тәуелсіздіктің мерейлі жылында өмірімізге енген атаулы күннің бәріміз үшін маңызы зор. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға қоныс аударған түрлі этнос өкілдерінің қазақ халқына ризашылығын білдіру арқылы бір-бірімізге деген алғаусыз құрметіміз бен сыйластығымызды арттыратын күн, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Нұр Отан» партиясының құрылғандығын атап өтті. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс тату-тәтті өмір сүріп жатқанына, қазақ халқының қанына сіңген ерекше қасиетке тоқталды.
– Қай кезеңде болмасын, жабырқағанның жанын жылытып, мұңайғанның маңдайынан сипап, қиналғанды құшағына қыса білген әлемде бірден-бір халық болса, ол біздің қазақ халқы деп мақтанышпен айтуға болады. ХХ ғасырдың басында өткен халық көшкінінде жат деп жатсынбай, сасқанға сая, талайға пана болып, баршаны бауырына тартқан Қазақ елі болатын. Міне, бүгін, тарих тоғыстырған, тағдыр табыстырған халықтың берекелі бірлігі мен тату тірлігі Қазақстанның басты жетістігі десек, артық айтқанымыз емес, – деді аймақ басшысы.
Қазақстан Тәуелсіздіктің ширек ғасырында толағай табыстарға жетті. Биік белестерді бағындыруда Сыр елі қосқан үлес орасан. Соңғы жылдары ерекше даму сатысынан көрінген алты Алаштың анасы бүгінгі күні өзге аймақтарға үлгі болып отыр. Бұл орайда Қызылорда облысының әлеуметтік салаға бағытталған қаржы бойынша елімізде көш бастап тұрғандығын айтуға болады. Сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көрсеткіші мен тұрғын үй құрылысы жөнінен де алдыңғы қатардамыз. Облыс әкімі осынау жетістіктерге жету жолында бірге еңбек еткен сырбойылықтарға ерекше алғыс білдірді. Сонан соң, кеш сахнасынан орын алған тілек ағашына өз ризашылығын жазып қалдырды. Бұған дейін аймақтағы этно-мәдени бірлестік мүшелері тілек ағашына өз алғыстарын ілген екен. Осылайша мерекелік күннің мәнділігін ұқтырған керемет көрініске көрермен ризашылықпен қол соқты.
Сонымен қатар, мерекелік кеште әртүрлі ұлт өкілдерінің Елбасына, Қазақ еліне айтқан алғыстары лед-экраннан көрсетілді. Ақ жаулықты әжелерге, аналарға гүл шоқтары табыс етілді. Әншілер мен бишілер өнері тамашаланып, көрермендер ерекше көңіл-күйге бөленді.