ТАБИҒИ ОТЫН КӨМІРДЕН КЕМ ЕМЕС

ТАБИҒИ ОТЫН КӨМІРДЕН КЕМ ЕМЕСАуыл көшелерінде көл-көсір боп жататын малдың тезегін ғылым тілінде «биогаз» дейді екен. Қызылорда қаласындағы «Мұрагер» мектебінің 4-сыныбында оқитын Кәусар Қабылбек мұны жақсы біледі және қазір соның пайдасын дәлелдеумен жүр.
Бастауыштың баласына бұл ой қайдан келгенін басынан бастап айтайық. Кәусар Қызылордаға үй ішімен бертінде көшіп келді. Оған дейін Алматыда тұрған. Үш ай жазғы демалыста қаланың баласы үйге сыйған ба?! Ауылға барады, ата-әжесінің қасында болады. Ес білгелі жылда солай. Ауылдың табиғаты, тіршілігі балауса қызды еріксіз өзіне баурап алады. Өріске мал айдау, күтіп алу. Маңыраған қозы-лақ, мөңіреген сиыр мен бұзау. Әжесі сүт сауады, оны пісіреді. Кәусарды қызықтырғаны – сүттің кепкен тезекпен-ақ лезде пісетіні. Көп нәрсені білетін атасынан сыр суыртпақтап көрді. Ол кісі тезек дайындаудың үш түрлі жолын айтып берді: біріншісі – кепкен жапаны жинау; екіншісі – қыстай үйілген көң мен биылғысына сабан қосып, қой құмалағын үгітіп араластырып, қалыпқа салу; үшінші әдіс – қораға жайылған көңді әбден езіп, күрекпен аудару. Үшінші жағдайда пайда болған тезек көмірден еш кем емес. Біразға дейін сөнбейді.
– Атам ауылдастарының үйді жылытудың ерекше амалын тапқанын айтып берді. Қойдың құмалағын, жапаны көмірдің ұнтағымен араластырса, шоғы ұзақ маздап жанады екен. Кесек көмірге қарағанда арзандау әрі исі шықпайды. Кемшілігі – күл көп шығады, – дейді Кәусар.
Демалыстан келгесін апайы Райхан Әбдіқожаева зерек оқушының осы идеясын ұнатып, оны зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобаларға арналған республикалық «Зерде» байқауына қатыстырады. Алғыр қыз байқаудың қалалық, облыстық деңгейлерін артқа тастады. Ол енді алдағы республикалық сынға дайындалуда. Кәусар ауылдан көргенін қалаға жақын маңдағы мал фермаларының бірінде тәжірибеден өткізген.
– Жылқының қиына үйден шыққан қалған-құтқанды су қосып араластырдық. Қоспаны түтікше арқылы биореакторға құйып, екі күнге қойдық. Содан кейін түтікшеден газ тазарту қондырғысына апарып, көлікке жанармай, жылу, от немесе жарық ретінде пайдалануға болады, – дейді оқушы.
Былай қарағанда, Кәусар Америка ашып отырған жоқ. Ауылдағы ағайын тезекпен үй жылытпаса да, тамағын, сүтіп пісіріп алады. Ал анау АҚШ-ыңыз тегін отынды аяқтың астынан «тапқан». Иә, шынымен. Аяқтың астында шашылып жатқан малдың жапасын қуат өндіру мақсатына жарата білді. Озық ойлы оқушы да «елімізде одан электр энергиясын өндірсе» дейді.

Н.САНИЯЗОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 наурыз 2017 г. 925 0