«ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРША СҮТ ҚАТҚАН ШАЙ ІШЕМІЗ»

«ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚТАРША СҮТ ҚАТҚАН ШАЙ ІШЕМІЗ»Адамның туып өскен жеріне деген сағынышы жүрек түкпірінен орын алып, қамсыз балалық шақты еске алғанда, су бетіндегі көбіктей қалқып шығады. Әріптесім Мира Жәкібаева арқылы сұхбаттасқан Гуля Наврозиди қазір Грекияның Катерини қаласында тұрады.
Катерини – ежелгі Эллада елінің солтүстігінде орналасқан ірі туристік орталық. Осыдан 4 ғасыр бұрын әулие Екатеринаға арнап тұрғызылған храмның құрметіне қала осылай аталған. Мұнда ағылған туристер таудағы әрі теңіз жағалауындағы демалысты бір-бірімен ұштастыру үшін осы жерді таңдайды.
Әйткенмен Гуляның Қызылордаға деген сағынышы әлі күнге дейін көкірегінде сақтаулы. Тарихи Отаны – Грекияға көшіп кеткелі 20 жыл болды. Бірақ Қызылордадағы «Шұғыла» шағын ауданында өткен шақтарын жиі есіне алады.
– Біздің көпқабатты үйде бірнеше ұлт өкілі тұратын. Балалар қол ұстасып бір балабақша, кейін бір мектепке барды. Бір-бірімен шынайы дос болды. «Сен қазақсың, грексің, орыссың, шешенсің» деген түсініктен ада едік. Үлкендеріміздің үлгісі шығар, тату-тәтті өмір сүрдік, – дейді ол.
Гуляның айтуынша, тарихи Отанға оралу туралы шешім қабылдау оңайға соқпапты. Әсіресе, бүкіл көршілердің көшті шығарып салған сәтін есінен шығара алмайды. Қимастық сезім жүректі сыздатты. Үлкендер батасын беріп, «жол болсын, бізді ұмытпаңдар» деп, көздеріне жас алды. «Қайда барасыңдар, өмірі көрмеген, бармаған жерге қалайша сіңісіп кетпексіңдер» деп бұлар үшін уайымдағандар қаншама. Шынында да, жаңа жерге үйренісуге біраз уақыт кетті.
Араға 7 жыл салып, Қызылордаға жол түсті. Туған жерге осынша уақыттан кейін табан тіреген Гуляның сағынышын көз жасы жасыра алмады. Бәрі ыстық, өмірінің бір бөлігі өткен Қызылорда, жағдай сұрасып, қонаққа шақырған ағайынның аппақ көңілі... Құшақ жая қарсы алған адамдардың пейілінен жаны жадырады.
Гуляның анасы Евгения қазір 81 жасқа келді. Қарт кісі әлі күнге дейін қазақшаны ұмытпаған екен. Бауырсағын қуырып, қызылордалықтарша қоюлатып сүтпен шәй ішетін әдетінен жаңылған жоқ. Әжейдің бауырсағы мен сүт қатқан шәйына отбасылық достар да үйреніп алыпты. Арнайы келіп, дәм татып кететіндер бар.
– Грекияға әбден сіңіп, үйренісіп кеттік. Бірақ, Қызылорда десе құлағымыз елең ете қалады. Сағынамыз. Бұл сезім біздің жанымызға нұр құяды. Туған жердің дәмі бұйырса әлі талай барамыз, – деп әңгімесін аяқтады кейіпкеріміз.
 
 
М.МЕРЕЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 01 наурыз 2017 г. 693 0