Мәжілісте 2016 жылғы Қызылорда қаласы бойынша білім саласының қорытындысы талқыланып, нәтижеге жетуде жаңа талаптар қойылды.
Шаһар басшысы Нұрлыбек Машбекұлы мектеп директорларынан әр баланы өз балаларындай көруді талап ете отырып, өздерін бір мезетте орталықтандырылған түрде онлайн тесттен өткізуді сұрады.
Сонымен қоса, жыл сайын төменгі нәтиже көрсеткен негізгі пән мұғалімдері арасында пәндік олимпиада ұйымдастыруды, олимпиада жеңімпаздарын көтермелеуді ұсынды.
Басты мақсат – сан арқылы рейтинг қуалау емес, сапалы біліммен түлектер өмірінде баянды болашақты қалыптастыру.
Толық ақпарат төменде.
Оқу жылы соңында мектеп бітірушілер 2 кезеңнен тұратын сынақтан өтпек. 1-шісі; қорытынды аттестаттау - барлық бітірушілер үшін мектептің базасында өткізіледі. 2-шісі; ұлттық бірыңғай тестілеу - жоғары оқу орнына түсуге ниет білдірген талапкерлерге арналған.
Қала басшысының талабына сәйкес Елбасының 2017 жылдан бастап мектеп бітірушілердің әрқайсының тегін кәсіптік-техникалық білімге қол жетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы бойынша түлектер 100% университеттер мен колледждерде білім алумен қамтылуы қажет.
Үстіміздегі жылы жалпы орта білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген 11 сынып бітірушілері 29 мамыр мен 9 маусым аралығында қорытынды аттестаттау барысында бес емтихан, оның ішінде біреуін таңдау пәні бойынша тапсырады.
Тестілеу 3 міндетті пәннен және талапкердің таңдаған мамандығы бойынша бейінді 2 пәннен тұрады.
Тестілеуде ұсынылатын 120 сұрақтан мүмкін болатын 140 балдың 50 балын жинаған талапкер ЖОО-ына білім алуға мүмкіндік алады.
Ұлттық бірыңғай тестілеудің соңғы 3 жылдағы қорытындысы бойынша Қызылорда қаласына қарасты мектептердің орташа балы 2014 жылы - 75,0 балл, 2015 жылы – 81,0 балл, 2016 жылы – 82,5 балл.
Қызылорда қаласы бойынша 2016-2017 оқу жылында жалпы білім беретін 50 мектепті 1738 оқушы бітіреді.
1738 мектеп бітіруші мемлекеттік қорытынды аттестаттаудан өтіп, оның 1600-і (92,02 %) Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады деп жоспарлануда. «Алтын белгіге» үміткер саны – 112, «Үздік аттестатқа» үміткер саны – 99.
Биыл ұялы телефон байланысын тұншықтыратын 12 құрылғы алуға қаржы қаралған. 50 км-ден жақын орналасқан 11 ауылдық мектептерден 164 мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеу күні тасымалданатын болады.