Нарықтық қатынастың алақұйынына мойын бұрмастан, өз ұстанымына сай әдебиет майданында қалыпты еңбек етіп келе жатқан қаламгердің бірі – Жолтай Әлмашұлы. Ол – ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметтің тармақтарында қызмет жасай жүріп, бірнеше романды дүниеге әкелген жазушы. Драматургия саласына ат басын бұрып, ғылым жолында да аянбай тер төкті. Міне, белгілі жазушы өзінің алпысыншы белесінің биігінде туып-өскен өлкесі Жаңақорған ауданының жұртшылығымен жүздесті. Өткен апта соңында аудан орталығындағы мәдениет үйінде және Қыраш ауылында жерлестерімен кездесіп, шығармашылығы жөнінде есеп берді.
«Қаратаумен сырласқан қаламгер» атты мерейтойлық кешті филология ғылымдарының докторы, профессор Құлбек Ергөбек жүргізсе, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов алып, жазушыға деген ізгі ниетін жеткізді. Және де облыстың Құрмет грамотасы мен облыс әкімінің құттықтау хатын табыстады. Ал аудан басшысы Ғалым Әміреев өз лебізін білдірді.
– Әдебиетке араласқан саналы ғұмырымның толысқан шағында сүбелі үш роман жаздым. Трилогия деп те айтуға болады. Оның біріншісі – «Күлкі мен көз жасы», екіншісі – «Оянған ұрпақ», үшіншісі – «Ұмытылған ұрпақ». Бұл кітаптардың идеясы мені жас күнімнен мазалады. Алаш ардақтыларын зерттеп жүргенде ұлтымыздың тарихына тереңірек үңілдім. Өткен ғасырда халқымыздың басынан өткен ауыр қайғысы, мұң-наласы мен трагедиясы, жүрекке шемен болып қатып қалған тағдыры, тарихы неге жүйеленбейді деген ойлар жиі мазалайтын еді. Оның үстіне менің аталарым сол зұлмат уақытты бастан кешті, – дейді Жолтай Әлмашұлы.
Жазушының шығармашылығы жөнінде жазушы ҚР Парламенті Сенатының депутаты Алдан Смайыл, Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, Қазақтан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай тарқатып айтты.
Иә, қашанда қазақы қалпынан айнымай, жазу-сызудың қаймағын қалқыған Жолтай өз соқпағын салған жазушылар қатарында. Әр сөйлеміне үлкен жауапкершілікпен қарай отырып, сөздің шырайын кіргізетін шеберлігі қандай десеңізші?! Сондықтан да оның әр туындысын оқырмандар қауымы іздеп жүріп оқиды. Мәселен, Сұлтанбек Қожанұлы, Нәзір Төреқұлұлы туралы тарихи-деректі дүниелері кезінде қолдан түспеді. Сол сияқты жазушы-драматургтің «Найзашың», «Әуезовке қайта оралу», «Қызыр қонған Түркістан» атты кітаптары да өз оқырманын бей- жай қалдырмады.
Мерейтой кешінде ақ тілектер лебізін Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда филиалының директоры, ақын Қаршыға Есімсейітова, жазушының туған ағасы, экономика ғылымдарының докторы Дәуітбек Жұматов, облыстық «Сыр медиа» ЖШС бас директорының орынбасары Қуат Шарабидинов жалғады. Сондай-ақ, сахна төрінен ағайын-туыс, ауылдастары атынан Қамбар Әжібеков және аудан ақын-жазушыларының тілегін арқалай шыққан Файзулла Сахиев табылса, дәстүрлі әнші Бибіжар Махамбетова әннен шашу шашты.
Қыраш ауылындағы №180 «Қызыл мақташы» орта мектебінде де кездесуі қызықты өтті. Жазушының мектеп бағдарламасына енген «Қауын мен қарбыз» әңгімесі желісінде мектеп оқушылары шағын көрініс қойды. Ал Қазақстан діни медреселер директорлар кеңесінің төрағасы Аманкелді Есей құттықтау сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Сыздық Нұртазаев бата берді.
Қаламгерге туған жердің самалы тынысын кеңейтіп, оқырмандарының тілегі мен ілтипаты қанат бітірері анық. Сол олжаға жерлестерімен жүздескен Жолтай Әлмашұлы кенелді деп айтуға негіз бар. Осылай қаламгер қолтаңбасын қалдырды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.