Ақбөкенді қазақтар «киік» деп атайды. Киелі аң деп қастерлейтін осы сұлу жаратылыстың шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік ететіні белгілі. Олар ауа райына, жайылымының жағдайына байланысты қоныстарын ауыстырып отырады. Киіктердің арнайы түрде лақтайтын, өрістейтін тұрақты жері, сол өңірге жыл сайын жылы жақтан келіп, кері қайтатын арнайы жолы да болады. Бір ғажабы, ақбөкендер табиғат тамыршысы секілді, қыстың қарлы боранды болатынын, көктемнің кеш туатынын алдын ала болжап біледі. Өздері де соған сәйкес тіршілік етеді.
10-12 жыл жасайтын киіктер жұп тұяқтылардың ең өсімталы болып саналады. Олар жылына бір рет лақтап, өсіп-өнеді. Лақтарын «Құралай» деп атайды. Әр жыл сайын мамыр айының 19-21 жұлдызы аралығында «Құралайдың салқыны» деп аталатын ауа райының құбылмалы кезеңі өтіп тұрады. Бұл күндері жаңбыр, кейде қар аралас жаңбыр жауып, ауа температурасы күрт суытып, салқын жел соғады. Өйткені, мамыр айының алғашқы жартысында киіктер 2-3 күнде лақтап болады. Балалары жерде жатады. Күн суытысымен-ақ олар ызғарлы жерден тұрып, тәлтіректеп аяқ басып, енелерінің соңынан ерген күйі жүруді үйренеді. «Құралайдың салқыны» – Табиғат-ананың киіктердің лағын ширатып, тіршілік етуге қадам бастырып, тәрбиелейтін қатал да ізгі мінезі. Киіктер көбі¬несе егізден, кейде 3 лақтан туады. Түз тағысы өсім¬діктердің 80-нен астам түрімен қоректеніп, кейде аусыл, пастерелез дертіне де шалдығады. Ең бастысы, енесі өлген лақты киіктердің кез келген ұрғашысы емізіп, оның аштан өлуіне жол бермейді. Олардың басты жауы – қасқырлар мен аңшылар, лақтарының жауы – қарақұстар мен дала бүркіттері. Киік дәмді еті, құнды мүйізі мен тұяғы, әдемі терісі үшін бұрыннан кәсіптік маңызы бар жұп тұяқты жануар саналады.
1921 жылдан бастап елімізде киіктерді аулауға тыйым салынды. Ал, 1957-1958 жылдары олардың саны 2 миллионнан асқандықтан қайта аулауға рұқсат етілді. ҚР Үкіметінің № 267 арнайы қаулысымен 2005 жылдан бастап елімізде ақбөкендерді (киіктерді) аулауға қайта тыйым салынды. Міне, содан бергі уақытта олардың санын көбейту және қорғау шаралары қолға алынып отыр.
Киік текелерінің дене тұрқы – 126-150 сантиметр, салмағы 37-49 келі, ешкілері кішірек келеді. Олардың дене тұрқы –109-127 сантиметр, салмағы – 22-37 келідей болады. Үстіңгі еріні салбырап етті тұмсыққа айналған, текесінің мүйізі қайқылау келеді. Ал ешкісінде мүйіз болмайды. Киіктердің мүйізінен пантокрин дәрісі алынатыны мәлім. Оның тұяғының да емдік қасиеті бар. Оны күйдіріп, алынған күлді денедегі теміреткіге жағады, тіпті сусамыр ауруына шалдыққан жанды емдеуге пайдаланады. Осы қасиеттері үшін қазақ киікті дәріптеп: «киелі жануар, қасиетті аң» деп бағалайды. Ыңғайлы, әдемі заттарды «киіктің асығындай екен» деп, сұлу жанды «киіктің құралайындай әсем екен» деп суреттеп жатамыз.
«Құралайдың салқыны» деп аталатыны тәрізді ауа райында «Текенің бұрқағы» дейтін де кезең бар. Оны кейде «киіктің маталуы» деп те атайды. Бұл кезде киіктің ұрғашысы мен еркегі «махаббат ойынын» жасап маталады, болашақ төлдің негізін салады. Сонда күн бұзылып, алай-дүлей боран да соғады. Бұл желтоқсан айының соңғы онкүндігінде болады. Мұнда ұрғашы киіктерді қашыру 2-3 күннің ішінде толық аяқталады. Содан, көптеген аталықтар әлсірейді де біразы жыртқыштарға жем болып, саны азаяды.
Ақбөкендер осыдан жүздеген жыл бұрын Қазақстан жерінен Қара теңізге дейінгі қуаң далаларды мекендепті. Қазір киіктердің төлдеу орындары – Орталық Қазақстан, Торғай және Қостанай өңірі. Олар қыстау үшін Бетпақдала шөлінен Арысқұм, Қарақұм, Үстірт және Еділ-Жайық өзенаралық оңтүстік аймақтарына барады.
– Табиғат – ел байлығы. Сондықтан да оны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу бүгіннің міндеті болып саналады, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс-пекциясының бас маманы Сәттібай Алдоңғаров. Оның айтуынша, соңғы уақытта киік аулаушылар қатары едәуір артқан. Олардың ішінде киіктің мүйізін кесіп алып, өткізіп жүргендері кездеседі. Бір өкініштісі, аңшылар киікті үлкен-кішісіне қарамай, қынадай қырып, табиғатқа зор қиянат келтіруде. Ел Үкіметінің 2012 жылғы №969 қаулысының 1-тармағында ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа бүкіл ел аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дереваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынғаны айтылады.
Киіктерді қорғау мен сақтауда инспекция тарапынан әрине, нәтижелі жұмыстар атқарылуда. Мамандар ҚР «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы» Заңды басшылыққа аламыз деп отыр. Киік аулаған тұлғалар ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша жазаға -тартылады. Заңда «Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін түрлерін, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктерді немесе жануарларды, олардың бөліктерін немесе дереваттарын заңсыз алу, иемдену, сақтау, өткізу, әкелу, әкету, салып жіберу, тасымалдау немесе жою, сол сияқты олардың мекендейтін жерлерін жою» 3 мың айлық есептік көрсткішке дейін айыппұл салуға не сол мөлшерде түзету жұмыстарына, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалау көзделгені жа¬зылған. Ал Қылмыстық кодекстің 337-бабында «ақбөкендерді заңсыз аулаушыларды белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейін мерзімге айыра отырып, үш жылдан жеті жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады және пайдаланған құралдары тәркіленеді» делінген.