ПОЛИПРОПИЛЕН ҚАПТАРҒА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

ПОЛИПРОПИЛЕН  ҚАПТАРҒА  СҰРАНЫС  ЖОҒАРЫОблыстық ішкі саясат басқармасы мен «Байқоңыр» ӘКК» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның бастамасымен аймақтағы бірнеше кәсіпкерлік нысанға баспасөз  туры ұйымдастырылды. Шараны БАҚ өкілдері Бақыт Абубакированың «Сыр Балажан» бөбекжайы жұмысымен танысудан бастады.
Кәсіпкер осыдан үш жыл бұрын «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» арқылы несие алып, «Сыр Балажан» атты 100 орындық бөбекжай ашқан болатын. Жобаның жалпы инвестициялық құны 97,2 млн теңгені құрайды. Бүгінде 27 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Бақыт Абубакирова мұндай қолдау бизнес бастауға құштар азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік екендігін айтады. Айту керек, ұжым бүгінде біраз белестерді бағындырып үлгерген. Бүлдіршіндер тиісті құрал-жабдықтармен, ойыншықпен қамтамасыз етілген. Білікті тәрбиешілер жинақталған және тәрбиеленушілерге тәлімгерлер үш тілде сабақ береді.
– Тәрбиешілер жаңа оқыту әдістемесі арқылы жұмыс жасауда. Оны білікті маман Наталья Мешекова үйретуде. Жаңа оқыту әдістемесін биыл ғана бастадық. Әзірше балалардың қызығушылығы өте жоғары. Нәтижесі жыл соңында белгілі болмақ, – дейді «Сыр Балажан» балабақшасының басшысы.
Соңғы жылдары облысымыз бүлдіршіндерді балабақшамен қамту бойынша республикамызда алдыңғы қатарда. Бөбекжайлардың көптеп ашылуы – кәсіпкерлер арасында өзара бәсекелестікті қалыптастыратыны даусыз.
Мұнан соң тілшілер қауымы «Полимер-Продукт» ЖШС-да болды.  2015 жылы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ, «Алтын-Қамба» ЖШС және «Orda Technology» мекемелерінің ортақ шешімімен «Полимер-Продукт» ЖШС құрылған болатын. Жобаның жалпы құны – 260 млн теңгені құрайды. Серіктестіктің негізгі қызметі – халық тұтынатын тауарларды әзірлеу. Оның ішінде полипропиленнен жасалған қаптарды дайындау. Бүгінде аймақта қап шығаратын зауыт өніміне сұраныс жоғары. Себебі, елімізде мұндай кәсіппен 8 зауыт ғана айналысады.
–  Қазіргі таңда республикада полипропилен қаптарға деген сұраныс 1 айда 40 млн дана болып табылады. Ал қалғаны шетелден келеді. Бұл – үлкен нарық. Сондықтан сырттан келетін тауарларды барынша ысырып, отандық өнімдердің қолданыс аясын кеңейте түсуіміз қажет. Біз күніне шамамен 30 мың қап дайындаймыз. Бірнеше ірі компаниялармен келісімшартқа отырдық. Атап айтқанда, «КазАзот» АҚ, «АгроХолдинг Байқоңыр» ЖШС, «Жан-Арай» ЖШС және бірнеше шағын кәсіпорындар бар, – дейді «Полимер-Продукт» ЖШС директоры Қайрат Бимағамбетов.
Айта кетейік, зауыт тәулігіне 2 ауысыммен 24 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс жасайды. Сондай-ақ, нысанда қап тігетін 15 құрылғы бар. Серіктестік бүгінде 70 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Қайрат Бимағамбетов алдағы уақытта жіп шығаратын цех ашып, кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр.

Кенжетай ҚАЙРАҚБАЕВ,
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет).
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 749 0