Шежіресі шерлі қазақ халқы – көңілі кең, құшағы ашық ел. Тарихқа үңілсең, оған анық көз жеткізесің. Себебі, қазақ халқы қиын-қыстау кезеңге тап болған өзге ұлт өкілдеріне қамқор болып, мейірімін аямаған. Тағдырдың жазуымен жер аударылып келген түрлі ұлыстарға төрінен орын беріп, бір үзім нанын бөліскен. Әжем осының бәрін еске алып, қазақ халқының пейілі мен қамқорлығы үшін алғыс айтып отыратын.
Қазір елімізде барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астында бейбіт өмір кешуде. Олардың әрқайсысының ұлттық дәстүріне, мәдениетінің өрістеуіне жағдай жасалған. Бұл – әлем халқына үлгі боларлық жетістік. Осы орайда ұлттық құрамы, діни ұстанымы әртүрлілігіне қарамастан, барлық азаматтардың тең құқығы мен еркін даму саясатын жүргізіп отырған Елбасына, қарапайым халықты бауырына басып, өз баласындай жатсынбаған қазақ халқына алғысымды білдіргім келеді.
Бүгінде "Болашақ” университетінде төтенше жағдайдан қорғану мамандығы бойынша білім алып жүрмін. Бос уақытымда дәмханаларда аспаздық етемін. Алдағы уақытта ел дамуына атсалысып, білікті маман болуды, тәжірибе жинақтап аспаз ретінде қалыптасуды, қаланың түкпір-түкпірінен ұлттық дәмханалар ашуды ойлаймын. Мақсатымның жүзеге асатынына кәміл сенемін.