ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ КООПЕРАТИВТІҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНДІРДІ

ХАЛЫҚ ҚАЛАУЛЫЛАРЫ КООПЕРАТИВТІҢ ТИІМДІЛІГІН ТҮСІНДІРДІСәрсенбіде облыстық және қалалық мәслихат депутаттары аймақтағы агроөнеркәсіп кешенін дамыту жолдары және оны жақсарту шаралары аясында Қарауылтөбе және Қосшыңырау елді мекендерінде болып, бірқатар шаруа қожалығы жұмыстарымен танысты. Алдымен Қарауылтөбе ауылындағы «Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-да болған халық қалаулылары серіктестіктің егін шаруашылығы саласында атқарып жатқан жұмысына жоғары баға берді.  
«Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ауылда орналасқан өндірістік базасында жалпы құны 85,340 млн теңгені құрайтын ауылшаруашылық өнімдері өндірділді. Аталған серіктестік күріш егумен айналысады. Ғылыми-зертеулер бойынша 7 гектар жерге – күріш, 5 гектарға – арпа, 9 гектарға – сұлы, 78 гектарға – бидай және 2 гектар жерге африкалық тары егілді. Серіктестік ғалымдары тұқымның жаңа сұрпын әзірлеуде де тиісті жұмыстар атқарып келеді. Биыл күріштің «Сыр аруы» сұрпын шығаруды көздеп отыр. Бүгіннің өзінде жаңа тұқымның 1 тоннаға жуығы әзірленген. Ағымдағы жылы серіктестік «Сыр аруы» сұрпын көбейтіп, шаруашылықтарға таратуды жоспарлап отыр.
– Біз жыл сайын 400 гектар жерге күріш егеміз. Алдағы уақытта «Сыр сұлуы» сортын шаруашылықтарға таратуды жоспарлап отырмыз. Бұл сорттың өзгелерге қарағанда артықшылығы көп. Бүгіннің өзінде шаруашылықтар қызығушылық танытуда. Аталған күріштің жаңа сорты егілген күннен бастап 115-120 күнде піседі, – деді серіктестік директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Айдархан Қойшыбаев.  
Егін шаруашылығымен қатар ауылда мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Халық қалаулылары мұнан соң өңірдегі Секеев Рысбек пен Болат Каюпов құрған кооператив жұмысымен танысты.
«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» бағдарламасы аясында жеке кәсіпкер Болат Каюпов 6 млн теңгеге қол жеткізіп, мал сатып алады. Бүгінде кәсіпкер 47 бас жылқы бордақылап отыр. Осылайша ағайынды қос жігіт 5 адамды жұмыспен қамтуда. Қос кәсіпкердің алдағы жоспарына сәттілік тілеген мәслихат депутаттары Қосшыңырау ауылдық округіндегі «Қылыш» шаруа қожалығының жұмысымен танысып, кооперативке бірігіудің тиімділігі жайын түсіндірді.
Аймағымызда мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп, ауыл шаруашылығы саласының дамуына айтарлықтай үлес қосқан кәсіпкерлер жетерлік. Олардың қатарында 20 жылдай мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан Рахила Смаева да бар. Ол 1997 жылы кәсіпкерлікпен айналысуға бел буып, "Қазына” шаруа қожалығын құрады. Бастапқыда жұмысы айтарлықтай алға баспағанымен, кәсіпкер бүгінде еңбегінің жемісін көріп отыр. Он бес жылдың ішінде шаруасын ширатқан Рахила 2013 жылы "Қылыш” деген жаңа атаумен өз кәсібін қайта жаңғыртты.
Шаруашылық иесі бастапқыда "Сыбаға” бағдарламасы арқылы 20 млн теңге несие алып, тиісті қаражатқа 150 бас аналық сиыр мен 5 бас асылтұқымды ақбас бұқа сатып алады. Аталған бағдарлама арқылы қол жеткізген несиенің пайыздық үстемесі де мемлекет тарапынан жеңілдетіліп отыр. Бүгінде кәсіпкер ірі қара санын 437 басқа жеткізіп, 60-қа жуық адамды жұмыспен қамтуда. Қазіргі таңда шаруа қожалықта мал бордақылау және мал сою алаңдары, сонымен қатар тұшпара, сүт өнімдерін дайындайтын арнайы цехтар жұмыс жасайды. "Сыбаға” бағдарламасының игілігін көрген Рахила Смаева кәсіп ашамын деген адамға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулардың мол екенін айтты.
"Қылыш” шаруа қожалығы бүгінде облыс көлеміндегі балабақшалар мен ауруханаларды, бюджеттік мекемелер мен білім ошақтарын ет және сүт өнімдерімен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қала тұрғындарына арналған 3 дүкен жұмыс жасауда. Аталған дүкендерде ет және сүт өнімдері қолжетімді бағада халыққа ұсынылады. Алдағы уақытта осындай сауда орнының саны 8-ге жеткізіледі.
Рахила Әбдірқызы жұмысы алға басқалы мүм¬кіндігі шектеулі жандар мен жағдайы төмен отбасыларға жәрдемдесуді дәстүрге айналдырған. Кәсіпкер жыл сайын жағдайы төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіп, мектеп құралдарымен қамтамасыз етуде. Шаруашылықтың қарқынды жұмысы мемлекет тарапынан бағаланып, үстіміздегі жылдың қараша айында "Ауыл шаруашылығы саласының үздігі” төсбелгісімен марапатталды.
Рахила Әбдірқызының жұмысына жоғары баға берген халық қалаулылары мұнан соң «Ардақ» шаруа қожалығының жұмысымен де танысты. Аталған шаруашылықты құруды өткен жылы қолға алған Бағдат Арыстанов мемлекеттік бағдарлама аясында 10 млн теңге несиеге қол жеткізді. Тиісті қаражатқа 4 асылтұқымды ақбас бұқа мен 72 бас ірі қара малын сатып алып өз кәсібін жүргізуде. Шаруашылық бүгінде 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мал азығын сатып алып отырған кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық жанынан жер ашып, мемлекеттік бағдарламаның қолдауымен жоңышқа егуді жоспарлап отыр. Мәслихат депутаттары шаруашылық иесіне кооперативке бірігудің тиімділігін түсіндіріп, алдағы жоспарларына сәттілік тіледі.
 
Кенжетай БАЛҒАБАЙҰЛЫ.   
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 ақпан 2017 г. 748 0