Масленица – қысты шығарып салып, көктемді қарсы алатын ежелгі славян халқының ұлттық мерекесі. Мерекенің ерекшелігі сол, бір күн ғана емес, бір апта тойлануында. Әр күнді атап өтудің өзіндік ерекшелігі болады. Мәселен, дүйсенбі – кездесу күні, сейсенбі – ойын ойналады, сәрсенбі – тәтті тамақ пісірілсе, бейсенбі – серуен басталады, ал жұма – қайын ененің үйінде қонақта болса, сенбі – қайын апа шаңырағында жүздесу, ал жексенбі күні кешірім сұрау басталады. Мейрам кезінде сонымен қатар, міндетті түрде құймақтың түр-түрі пісіріледі.
Осы орайда 25-ақпанда Достық үйінде «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі «Масленица» мерекесін қорытындылады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов, облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешова, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының, этномәдени бірлестіктің мүшелері, қала тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов барлық қатысушыларды мерекемен құттықтады.
– Халық аузындағы «Ырыс алды – ынтымақ» қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. Ел бірлігі, достық пен бауырмалдық, бейбіт күннің, татулықтың мән-мағынасын ұғынған әр түрлі этнос өкілдерінің мейрамдары біздің өңірде жыл сайын әспеттеліп, тойланады. Егемендігіне ширек ғасыр болған еліміз – қашаннан бауырмал халық. Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген, жат жұрттарды бауырына басып, төрінен орын беріп, қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгін елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату ғұмыр кешіп жатыр. Бүгінгі Масленица мерекесі баршаңызға құтты болсын», – деді ол.
Мерекеде облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Л.Төрешова «Славяне» қоғамдық мәдени-орталығы» қоғамдық бірлестігі мен олардың шараларында әрдайым белсенділік танытып жүрген мектеп ұжымдарын алғыс хатпен марапаттады.
Әсем ән де, ұлттық киім киген көркемөнерпаздардың мың бұралған билері де бұл күннің шырайын келтірді. Шарада «Анар бэби» және «Сударушки» вокалды ән тобы, флеш моб билер, көңіл көтеретін тақпақтар орындалды. Сондай-ақ, тәттілер мен қолөнер туындылары болды. Ал, Масленица мерекесінің дәстүрлі тағамы құймақ тұрғындарға тегін таратылды. Спорттық ойындар ұйымдастырылып, қуыршақты жағу рәсімін Достық үйінің алаңында көпшілік қызыға тамашалады.