МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ: БАҚЫЛАУ МЕН БАҒАЛАУ ҰДАЙЫ НАЗАРДА

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ: БАҚЫЛАУ МЕН БАҒАЛАУ ҰДАЙЫ НАЗАРДАКүнделікті тіршілік ағымында мемлекеттік қызметтерге жүгінбейтін адам жоқ. Көрсетілетін қызметтер сапасына қатысты сын-ескертпелер де кездесіп жатады. Бір анығы, бұл саланың жұмысы уақыт өткен сайын  жетілдіріліп келеді. Алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсетушіге де, алушыға да ыңғайлы жағдайлар жасалатыны байқалады. Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Ержан Қарымсақовқа жолығып, бірнеше сауал қойған едік.
– Жұртшылық тарапынан мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қатысты оң пікірлер де, сын-ескертпелер де кездеседі. Осы бағытта департамент қандай функцияларды жүзеге асырады?
– Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті – мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган. Сол себепті көрсетілетін мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру департаменттің басты назарында. Бүгінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында маңызды нормативтік-құқықтық актілер қабылданды, бұл саладағы құқықтық акт жобаларын жария талқылауға халықты қатыстыру, қызметтер және оларды алу тәсілдері туралы кеңінен ақпараттандыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатаң талаптар қойылуда.
– Облыс бойынша мемлекеттік қызметтің қанша түрі көрсетіледі?
– Облыста 27 орталық пен 25 жергілікті атқарушы орган 371 қызмет түрін көрсетеді. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдар – 174, орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелері – 180, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдары – 14, мемлекеттік үлесі бар акционерлік қоғам 3 қызмет көрсетеді.
Өткен жылы облыстың орталық және жергілікті атқарушы органдары барлығы 4 272 291 қызмет көрсетті. Соның ішінде, аумақтық мемлекеттік органдар 197 қызмет түрлері бойынша 1 255 159 қызмет көрсетсе, жергілікті атқарушы органдар 174 қызмет түрлері бойынша 3 017 132 қызмет көрсеткен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 9,2 пайызға жоғары.
– Мемлекеттік қызмет сапасын арттыру мақсатында департамент тарапынан қандай жұмыстар атқарылды?
– Департаменттің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы міндеттерінің бірі – құқықтық актілердегі қайшылықтарды, жасырын мемлекеттік қызметтерді анықтау. Осы мақсатта былтыр 18 жасырын мемлекеттік қызметті тізілімге енгізу, құқықтық актілерден анықталған 11 қайшылық бойынша агенттікке тиісті ұсыныстар берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттырудың тағы бір тиімді құралы – қызмет көрсетудің сапасын ішкі және сыртқы бақылау. Департамент сыртқы бақылау аясында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасын сақтауына тексеру (ішінара және жоспардан тыс) және мониторингтеу жұмыстарын жүргізді. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын сыртқы бақылау аясында 7 мемлекеттік органда ішінара тексеру, 32 мемлекеттік органда жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заң және стандарт талаптары бұзылғаны белгілі болды. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің сақталмауына, қызмет алушылардан артық құжаттарды талап етуге, құжаттар кем бола тұра қызмет көрсетуге жол берген. Қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту, мемлекеттік қызметті көрсету тәртібі туралы ақпараттардың қолжетімсіздігі орын алған.  Мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдайлар жасалмаған, қызметкерлердің біліктілігін арттырмаған деректер бар. Сондай-ақ толық және сенімсіз есептік ақпараттарды жолдау сынды заңбұзушылықтар болған.
– Өзіңіз атап өткен кемшіліктерге жол берген мемлекеттік орган қызметкерлеріне қандай да бір жаза қолданыла ма?
– Иә, нақтырақ айтсақ, аталған кемшіліктерге, яғни «Мемлекеттік қызмет көрсету туралы» Заңы және стандарт талаптарының бұзылуына жол берген 19 жауапты қызметкердің тәртіптік жауапкершілігі қаралды. Оның біреуі «қатаң сөгіс», үшеуі «сөгіс», 15 қызметкер «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылды.
– Мемлекеттік қызмет алушылар көп жағдайда өзінің құқығын білмей жатады. Қызмет көрсетушілердің заңбұзушылықтарға жол беретінін айттыңыз. Енді осы олқылықтардың алдын алу және халықтың мемлекеттік қызмет алу барысындағы құқықтық сауаттылығын арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталсаңыз...
– Шынымен де мемлекеттік қызмет алу барысында көп жағдайда азаматтар өз құқықтарын жете білмей жатады. Сондықтан департамент орталық және жергілікті атқарушы органдарда, «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясының филиалдарында, Мемлекеттік қызметшілерді және бюджеттік сала қызметкерлерін қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында, облыстық кәсіпкерлік палатасында, сонымен қатар 7 аудан және 50 ауылдық округ тұрғындарының арасында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы құқықтық актілерді түсіндіру бойынша іс-шараларды үнемі ұйымдастырып отырады. Мысалы, былтырдың өзінде мемлекеттік қызмет сапасын дамыту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында департамент 88 іс-шара ұйымдастырды.
– Қызмет алу барысында мемлекеттік қызмет берушілер тарапынан заңбұзушылықтарға жол берілген жағдайда қайда шағымдану керек?
– Көрсетілетін қызметті берушілер тарапынан қызмет алушылардың құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда мемлекеттік қызметті берген органға, сотқа, сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментіне хабарласуға болады. Байланыс телефондарымыз: 8(7242)70-56-36, 70-00-40. Сондай-ақ, департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына (https://www.facebook.com/dadgsipk/, https://www.instagram.com/gossluzhba.orda/) жазуға болады.

Сұхбатты жүргізген
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 25 ақпан 2017 г. 950 0