ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ, БАҚШАСЫ АЖАРЛЫ

Құрылыс нысандарының салынуы халықтың әл-ауқатының қаншалықты деңгейде екенін аңдататыны анық. Бұл тұрғыда Қазалы ауданында бірқатар шара атқарылуда. Өткен жылдың өзінде әлденеше әлеуметтік және инженерлік-инфрақұрылымдық нысан құрылысы іске асырылды. Жалаңтөс батыр ауылынан 90 орындық балабақша пайдалануға берілсе, апаттық жағдайдағы бес білім ошағы мен аудандық аурухананың құрылысы басталды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Кенттің 5 квартал аймағынан 300 орындық мектеп құрылысын бастауға биыл 308,702 млн теңге бөлінген болатын. Нысанды салып жатқан «Жабдықтау» ЖШС-дағы жұмысшылардың басым бөлігін жергілікті тұрғындар құрайды. Мектеп келесі жылы пайдалануға берілмекші. Батыр ауылындағы клубты қыркүйек айында аяқтау межеленген. Бас мердігері – «Болашақ» ЖШС.
Аудан әкімі ауылда салынып жатқан спорт кешені құрылысымен де танысты. Нысанды бастауға ағымдағы жылы 50 млн теңге бөлінген еді. Озық үлгідегі спорт кешені алдағы жылы келушілерге есігін айқара ашатын болады.
Қазалыда бау-бақша егуді жандандыру тұрақты күн тәіртібіне қойылған. Осы тұрғыда ауданда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселесі қарастырылуда. Халықты жергілікті бау-бақша өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында кенттің бірнеше жерінен арнайы орындар белгіленді. Бұл орындарда сатушыларға қолайлы жағдай жасау үшін шатырлар орналастыру көзделуде. Осылайша тұрғындар өздері тұратын аймақтан да бақша өнімдерін тиімді бағада алатын болады. Ауданда бақша дақылдары егісін өндірістік негізде өсіру 600 гектарға ұлғайғанын атап өткен жөн.
Ж.АЙДАРБЕКҰЛЫ.
Қазалы ауданы.
ҚАЗАН 01 тамыз 2017 г. 796 0