Өнер – рух тірегі, өнерпаз – оның жүрегі

Карантин кезеңінде мәдениет өкілдері өз көрерменінен  қол үзген жоқ.

Елімізде төтенше жағдайға байланысты енгізілген карантин кезеңінде мәдениет саласының мамандары әлеуметтік желі арқылы халыққа рухани қызмет көрсетудің үлгісін танытып отыр. Себебі олар қандай жағдайда да ел-жұрттан іргесін бөлмейтін ілгершіл, ізетшіл бет-бейнесін паш етті.

Облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен наурыз айынан бастап «Сыр шаңырағы» жобасы жолға қо­йылды. Бұл жобада облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы «Тау тұлға Тұрмағамбет», «Бабалар тарауы», Қармақшы мәдениет үйі «Бабалар салған ізбенен» деп аталған айдарлармен Сыр бойында өткен батырлар, билер, жыршы-жыраулар, шайырлар жайлы әңгімелер, естеліктер, қиссалар, жырлар топтамасын көпшілік назарына салды.

«Алдаспан» әдеби клубының «Сырлы сезім» айдары бойынша поэзия сағатының шығарылымы аптасына екі рет ел алдына шықты. Поэзия сағатында – Д.Аяшұлы, Ғ.Әбілда, О.Базаралиев, Т.Абылаев, Н.Бердіқожа, А.Сайлауов, Ш.Құдайберген, т.б. танымал ақындар өз өлеңдерін ортаға салды.

Сонымен бірге, Алтын Орданың 750 жылдығы құрметіне арналған облыстық жазба айтыс ұйымдастырылды.

Ұлттық ­құндылықтарды жинақтау және насихаттау мақсатында жүзеге асырылған «Жыр мұра» жобасы аясында Алмас Алматов пен оның шәкірттері – А.Көшеней, А.Тәңір­бер­генов, А.Ноғайбаева, А.Өтеуов, М.Сәрсенбаева Сыр халқына «Рухыңды көтерсін киелі жыр...» атты үндеуін жолдады. Сонымен бірге белгілі жырау­лар Қ.Кәрібаев пен Б.Саймағанбетовтің орындауында терме-толғаулар насихатталды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Қазақстаның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, жырау, ұстаз Алмас Алматов Нұр-Сұлтан қаласынан тікелей эфирге шығып, Сыр жұртшылығын құттықтап, «Көрұғлы» дастанынан үзінді орындады.

Шығармашылық орталық облыс көлеміндегі өнер ұжымдары мен үйірмелердің жұмыстарын да назардан тыс қалдырған жоқ. Онлайн режимінде көптеген үйірмелердің шеберлік дәрістері, сонымен бірге Әуезовтер, Садуақасовтар отбасылық ансамбльдерінің өнер­лері насихатталды.

Сыр өңірі мәдениеті мен өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан өнер майталмандары – К.Дүйсекеев, Р.Тай­манов, Б.Шөкенов, ­Қ.Ақдәулетова сынды майталмандардың шы­ғар­машылық жолдары насихатталды.

Қызылорда облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жанынан ашылған «Айтұмар» арт клубы көрерменге жол тартты.

Қармақшы аудандық мәдениет үйі жанындағы «Бестің шәйі» еркін пішіндегі сұхбат бағдарламасы көпшілік көңілінен шықты.

Карантин кезеңінде Сырдария ауданының «Менің биім – әдемілік әлемім» атты бишілер конкурсы, қармақшылық жыр­шы-жыраулардың, шиелілік белгілі әнші Ә.Ноғайбаевтың жеке шығарылымдары, жаңақорғандықтардың «Айтыс-батлл» жазба айтысы, «Әжем айтқан ертегі» жобасы, Аралдың  «Аралым – айдын шалқарым» атты жыршы-термешілер концерті мен Аманөткел халық театрының қо­йылымдары және Қазалы, Жалағаш халық аспаптар оркестрінің онлайн концерттері сәтті көрсетілді.

Биыл Ұлы Жеңіске 75 жыл толып отыр. Халық арасында Отан үшін от кешкен майдангер әкелеріміздің елге деген сағынышын жырмен жеткізген хаттар жетерлік. Осыған орай, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы М.Абуова мамыр айының 7-9 аралығында «Майданнан хат» атты  жыршы-термешілердің облыстық фестивалін өткізу жоспары барын білдірді.


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Мәдениет 05 мамыр 2020 г. 561 0