Ұлт дәстүрінің жанашыры

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында тарихи мұраларымыз­ды кеңінен насихаттау мәселесіне ерекше мән берілген. Әсіресе, ұлттың терең тарихынан бастау алатын мәдени-рухани құндылықтарды сақтай отырып, оны өскелең ұрпаққа жеткізуге айрықша ден қойылған.

Ұлт рухын жаңғырту жолындағы мақалада «Егер жаңғыру ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюс­терін қиыннан қиыстырып, жасарта алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп айқын көрсетілген.

Тамыры тереңнен бастау алатын ұлттық музыкалық мұраларымыздың дәріптелуіне атсалып жүрген өнерпаздар аз емес. Солардың бірі –  қызылордалық қобызшы Айнуза Бегімсалова. Ол бес жасында қолына домбыра алып, мектепте домбыра сыныбын бітіреді. Он үш жасында  Қазанғап атындағы музыкалық колледжге оқуға түседі. Ұстаздары Айнузаның саусағына қарап, қобызды таңдауға ұсыныс білдірген. Бақыт Аханованың шәкірті атанып, қобыз класын бітіріп шықты. Студент кезінде түрлі облыстық, республикалық қобызшылар байқауына қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Кейін білімін одан әрі жетілдіру үшін Нұр-Сұлтан қаласындағы  Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсті. Елімізге белгілі қобызшы А.Қазақбаевтан дәріс алды. Академияда оқып жүріп, мемлекеттік камералық «Ақ жауын» оркестрінде жұмыс жасады. Біраз тәжірибе жинақтады. 2010 жылы туған қаласына оралды. Өзі оқыған колледжден ұсыныс түсіп, оқытушы атанды. Сонымен қатар, облыстық филармонияда қатар еңбек етіп келеді. Филармония ұжымымен бірге Ресей, Түркия, Әзербайжан және Еуропа елдерінде болып, өнер көрсетті. Қобызшы қыз шетел сахнасында өнер көрсетудің өзі үлкен жетістік екенін айтады. Себебі, әлемге қобызды, күйді таныту арқылы қазақ өнерінің, мәдениетінің биіктігі көрсетіледі.

Айнуза 2018 жылы «Қорқыт-­Қобыз» республикалық байқауынан бірінші орынды еншіледі. Өнерпаздың қоржынында 20-30 шақты күй бар. Ол көбіне Қорқыттың, Ықылас пен қазіргі заман композиторларының шығармаларын орындайды. Қобыз аспабын арнайы Тараз қаласында тұратын Қанат Қазақбаев деген шеберге жасатады. Аспапты жасау үшін түйе терісі, жылқының құйрық қылы және тінегіне ортекенің мүйізі қолданылады. Ағашына өрік, қарағаш пен жиде талы жарайды. Сондықтан бұл аспаптың бағасы қымбат екен.

– Сыр елі дегенде есімізге Қорқыт бабамыз түсетіні белгілі. Қобызын тартып, сайын даламызда күй шерткенде қобыз үні біразға дейін қазақ даласында кезіп, қалықтап жүреді деседі. Сол Қорқыттың бай мұрасы бізге толық жетпегені анық. Белгілі қобызшы Нышан Шәменұлы Қорқыт бабамыздың 12 күйін таспаға басып, кейінгі ұрпаққа қалдырған. Міне, асыл мұра бізге осылай жетті.  Сондықтан біз дәстүрлі өнерімізді дәріптеуден қалыс қалмауымыз керек, – дейді қобызшы.

Кейіпкеріміз қобыз аспабын насихаттауда біршама кемшілік барын айтты. Өзге өңірлерде қобызшылардың мектебі жақсы қалыптасқанын жеткізді.  Бізде бұл мәселелер енді қолға алынып, жүзеге асырылуда екен. Осы ретте Айнузаның әріптесі, қобызшы Тоқтар Ағыраев екеуі бірлесіп, біршама жұмыс атқарып жүр. Өнер жанашырлары облыс әкіміне «Сыр өңірінен қобыз үйірмесі ашылса» деген са­уал жолдаған еді. Ұсыныс қолдау тауып, қазір Қызылорда қаласы мен барлық ауданында қобыз үйірмесі жұмысын бастады. Облыстың аудандық мәдениет пен клуб үйлерінде барлығы 14 қобыз үйірмесі іске қосылып, жас өрендер тәлім алуда. Тағы бір жағымды жаңалық – жыл басында «Қобызшылар» ансамблі құрылды. Бұл шаралар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы  аясында  Қорқыт ата мұраларын насихаттау, қобыздың үнін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, осы бағытта Айнуза мен Тоқтар «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесіп жұмыс жасауда. Олар мектеп оқушылармен концерт ұйымдастыруда.

Айнуза енді шәкірт дайындап, жастардың қобыз аспабына деген қызығушылығын оятып жүр. Біршама шәкірті халық­аралық додаларда топ жарып та үлгерді.

Осындай дәстүрлі өнердің шынайы жанашырлары барда халықтың қазыналы  мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса бермек.


Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы».

Мәдениет 05 мамыр 2020 г. 602 0